Театр • 24 Қыркүйек, 2020

Наталья Кагадий: Басты құндылық – махаббат

416 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында «Астана Опера» театрында бельканто­ дәуі­рінің жауһары – Гаэтано Доницеттидің «Дон Пас­куале» операсы­ның пре­мьерасы өтеді. Қазан айы­ның 2-3-і күн­деріне жос­парланған клас­сика­лық музыка кешіне театр труппасы қызу дайын­дық үстінде. Жарты жыл үзілістен кейін театрсүйер қауымды елең еткізген өнер әлеміндегі осынау елеулі һәм айтулы оқиғаға орай операның қою­шы режиссері Наталья Кагадийді аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Наталья Кагадий: Басты құндылық – махаббат

– Наталья ханым, бұл сіздің «Дон Паскуале» операсындағы алғашқы тәжірибеңіз бе? Әлде айтулы операны бұған дейін де қойып көріп пе едіңіз?

– Жоқ, режиссер ретінде «Дон Паскуале» операсын бірінші рет сахналап отырмын. Алайда бұл Г.Доницетти шығармашылығын сахнаға шығарған алғашқы спектаклім емес. Бұған дейін оның «Махаббат сусынын» қойдым. Жалпы, бұл композитордың өнеріне тәнтімін.

– Жанрын автор комедия деп анық­тағанымен, негізінен бұл операның та­биғаты драмаға да жақын. Сіз қайсы­сына басымдық бердіңіз?

– Дегенмен «Дон Паскуале» операсы комедия, дәлірек айтсақ, опера-буффа (күлкілі драма) деп қаралғаны жөн. Яғни, бұл жанр – комедия мен драманың қосындысы, біздің жағдайда сатира элементтері қосылған. Доницеттидің пайымы бойынша, операның сюжеті егде жастағы ауқатты мырзаның жас қызға үйлену туралы шешімін мазақ етуге үндейді. Қай кезде болмасын, мұндай ниет – әбден қалыпты құбылыс. Ал кейіпкерлердің мінез ерекшеліктеріне келетін болсақ, менің қаһармандарым өздерінің амал-әрекеттері сияқты әрдайым сан қырлы. Көрермен мұны увертюрадан-ақ бірден сезінеді. Әлбетте, операмен жұмыс істеу кезінде мен Алла Симонишвили мен Манана Гунианың көркемдік тұжырымдамасын ұстанамын. Біздің Дон Паскуале – қарапайым қаусаған шал емес, егде тартса да адам қызығарлық, күш-қуаты тасыған бойдақ азамат. Біздегі Дон Паскуале – қымбат қонақүйдің иесі, өміріне не керектің бәрі бар, толыққанды әрі дәулетті кәсіпкер. Сондықтан да оның жас та сұлу әйелге үйленуге қауқары бар. Дегенмен мен оны өз қалағанына қол жеткізе алмайтын жағдайға әкеліп тіредім. Мұның себебі оның қарт болуында емес, мәселе – махаббат үштігі мен оның ықпалды жағдайынан да күштірек себептердің болуында.

– Қоюшы режиссер ретінде сіз үшін «Дон Паскуале» операсының басты құндылығы неде?

– Режиссер ретінде мен үшін үйлесімді қарым-қатынас пен сахнадағы жасампаздық – үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер. Себебі сахна қашанда ақыр соңында шешімін табатын қақтығыстарды талап етеді. Доницеттидің «ғашықтарына» келер болсақ, біздің қойылымымызда кейіпкер Норина спектакльдің басында ешкімді, оның ішінде Эрнестоны да жақсы көрмейді. Дон Паскуалемен некесінің арқасында өзінің қаржылық жағдайын шешіп алуды көздейді. Әдетте, мұндай жағдай шынайы өмірімізде, әсіресе әлеуметтік жағдайы тең емес некелерде көп кездеседі. Ал Эрнестоға деген махаббаты көрермендердің көз алдында оянады және бұл өте әсерлі болады! Мен үшін қай кезде де басты құндылық – адами сезімдер, соның ішінде шынайы махаббат. Мен әрдайым осыны алға шығарғым келді.

– Қойылым кімдерге қызықты болуы мүмкін, оның толық мағынасын түсіну үшін қай жастан бастап көруге болады?

– Қандай да бір қойылыммен жұмыс істегенде, алдыма қойылымды қай жастағы көрерменге болмасын қызықты ету мін­детін қоямын. Бірақ қалай дегенмен де, бұл қойылым ересектер аудиториясына арналған.

– Қазіргі уақытта опералық қойы­лым­дарда авторлық сюжеттерді, бас кейіпкер­лердің қарым-қатынасын, олардың мінез-құлықтарын өзгерту қалыпты жағдайға айналған. Сіз де осы тәжірибеге жүгіндіңіз бе?

– Режиссердің міндеті – сахнада композитор жазған сюжеттің бетіндегісін бейнелеу емес, әрбір кейіпкердің барынша дамуына мүмкіндік беру. Қойылым барысында кейіпкерлер орындауға және шешуге тиіс болатын көптеген сахналық міндеттер мен күрмеулі мәселелерді қоя білу. Режиссер тек сюжеттердің ретімен орын ауыстырылуын ғана емес, өзінің қойылымына ерекше, қайталанбас қалып бергісі келетіні сөзсіз. Негізінде сюжетті ауыстыру мүмкін емес, ал қалыпқа енуге әлбетте болады. Міне, сондықтан операның әрекеті тарихи немесе тіпті ғарыштық кеңістікке шығып кетуі әбден мүмкін. Ал біздің қойылымға қатысты айтар болсақ, мұнда да ондай өзгеріс болады. Сахналық қалып – ХХ ғасырдың басы. Қоюшы-суретші Манана Гунианың сахна безендірулері өте әдемі. Негізгі оқиға қымбат қонақүйде өтеді. Бірақ бұл жерде басты екпін байлыққа түспейді. Операның өзегі – таңдауда, яғни әр адамның жасар таңдауында. Күнделікті өмірде біздің әрқайсымыздың алдымызда да түрлі таңдау тұрады. Дұрыс таңдау жасай алу – жарты бақыт десем, артық айтқандығым емес. Сол себепті де бүгінгі жасар таңдауымызға ертеңгі өміріміз, жағдайымыз тікелей тәуелді екендігіне келісетін шығарсыз?! Қойылым жайлы бар айтарым – осы. Қалғанына премьера күні куә боласыздар! Театрда жүздесейік!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар