Жем өзенінің жағасындағы биік төбенің үстінде, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым жерде орналасқан бұл қорым туралы көп айтыла бермеуші еді. Ел-жұрт та жете біле бермейтін. Десек те, кезінде Үстіртте болған экспедиция мүшесі А.Дюгамель Ақмешіт жайында «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сыйып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдығы бар» деп естелік қалдырыпты.
Ақмешіт – ағартушы, абыз-көреген, сәулетші Бекет Мырзағұлұлының (1750-1813 жж.) туған жері. Халық айрықша қадірлеп, әулие тұтқан оның 1771-1774 жылдары осында жерасты мешітін салдырып, шәкірт тәрбиелегені тарихи деректерде айтылады. Оның үстіне атасы Жаналының, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәнияның, ұлы Тоғайдың мәңгілік тыныстаған мекені бұл.
Соңғы кезде, әсіресе еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Ақмешітке жұрт жан-жақтан маңдай тірейді. Қазақстанның әр облысынан, өзге де көршілес елдерден арнайы келетіндер бар. Олардың арасынан өзге ұлттың өкілдерін де кездестіруге болады. Бәрі де мұндағы түнек үйіне қона жатып, Ақмешіттің тарихына қанығып аттанады.
Бекет атаның ХVІІІ ғасырда дәл осында салдырған алғашқы жерасты мешітін кезінде имансыздар оқ-дәрімен жарып, құлатып тастады. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын айтады. Сол мешітті Жылыой ауданының жүрегіне иман ұялаған азаматтары 1998 жылы Маңғыстаудан шеберлер шақырып, қайта жаңғыртты.
Қазір Ақмешіт қорымы мемлекет қорғауына алынды. Қорымда бірнеше құлпытас бар. Мұнда Ислам қажы Мырзабекұлы қайта жаңғырған жерасты мешітін ұстап отыр. Шырақшы келушілерге Бекет атаның таңғажайып қасиеті туралы еш жалықпастан әңгімелейді. Ислам қажының айтуынша, Бекет ата Ақмешіттен ілім-білім іздеп, Хорезмдегі Бақыржан қажыдан дәріс алуға аттанған. Ал Бақыржан қажы өзге шәкірттерінен гөрі Бекет атаның ұстамдылығына, білімге құмарлығына, зеректілігіне риза болып, батасын беріпті.
Кейіннен Бекет ата Ақмешіттен соң Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жерасты мешіттерін қашап салыпты. Ислам қажы Бекет атаның ерекше қасиеттерін, сәулеткерлігін тереңірек тану үшін Ақмешіттен бастап барлық жерасты мешітін көріп, Бақыржан қажы дәріс берген Хорезмдегі медресеге барып келді. Шымкент, Жамбыл өңірлерінде, Түрікменстанда тұратын ата ұрпақтарымен кездесіп, ел жадында жатталған аңызға бергісіз тарихи әңгімелерді жинастырды. Соның негізінде 2008 жылы 740 беттік «Бекет ата» кітабын шығарды.
Бекет атаның аруағына арналып қасиетті мекен – Ақмешітте арнайы ас беріліп, құран бағышталып тұрады. Сондай шараларға жан-жақтан жиналған жұртшылық ұдайы Бекет ата туралы кеңірек тануға, көбірек білуге ынта қояды. Өйткені еліміздегі тарихы – терең, шежіресі – бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңірдің бірінен саналатын Атырау топырағында дүниеге келген ұлықтың бірегейі – Бекет атаны тек атыраулықтар ғана емес, иісі қазақ, жалпы мұсылман қауымы қастерлейді.
«Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп халқымыз Бекет атаны ең қасиетті тұлғасының біріне балады. Жерін қорғаған батыр, бойындағы тылсым күшті халқына шипалыққа арнаған емші, таңғажайып қасиеттер иесі, болашақты болжай білген көріпкел, сәулет өнерінің қайталанбас шебері, жастарға имандылық нұрын сепкен ағартушы, жас кезінен ізгілік жолын таңдаған Бекет бабамыз тек бір атаның ғана емес, адамзаттың баласы атанғаны даусыз еді.
Алаштың заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Ақмешітте берілген астың бірінде «Бекет атаның бүкіл өмірі адамдар мен халықтар арасындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждағатты іздепті. Әулекіліктен тартындырып, әділеттілікті мұрат етті. Шариғат пен ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қызмет етуге үндеді. Бекет өнегесі – тарихи сабақтастыққа адалдықтың үлгісі. Сан жылдар бойы отаршылдық пен тоталитарлық басыбайлыққа тойтарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз бабамызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үндеген шарапатты жолын қастерлей береді. Ілгері басқан әр қадамымызды қайырлы қыла гөр, жақсылықтың жарылқаушысы, пір Бекет әулие!» деп оның қазақ елі тарихындағы орны мен маңызын тереңнен тарта тебірене толғанып еді.
Ақмешіттегі жерасты мешітінде Бекет ата ұстаған асатаяқтың көшірмесі тұр. Онда арабша жазулар бар. Демек, бұл асатаяқтың түпнұсқасында да жазылғаны даусыз.
– Шежірелі тарихымызды түгендер келісті істің бастауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қолға алынды. Ақмешіт қорымы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасына енді. Бұл біздің еліміздегі осындай киелі жерлерімізді терең зерттеуге жол ашады. Енді Ақмешіттей киелі қауымдағы құлпытастар мен атаның асатаяғындағы жазуларды оқи алатын араб тілін меңгерген ғалымдар қажет, – дейді Бекет ата мұрасын жинаушы Ислам қажы Мырзабекұлы.
Шынында да Бекет атаның асатаяғында не жазылды екен?!. Жылдар өткен сайын жұртшылықтың Бекет атаның бір басына қонған ғажайып қасиеттерін терең тануға ынта-ықыласы арта түсті.
Иманқара тауының құпиясы
Жылыой ауданында құпиясы көп мекеннің екіншісі – Иманқара-Қойқара кешені. Жергілікті жұрт бірін Иманқара тауы, екіншісін Қойқара тауы деп атайды. Әрине тау делінгенмен, Алатаудай заңғар емес. Бірақ «Обаны – адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді тау деседі біздің ел» деп бард-ақын Табыл Досымов жырлағандай, жергілікті тұрғындар үшін екеуінің де таудан кемдігі жоқ.
Бұл кешен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының солтүстік шығысындағы жазықта орналасқан. Әсіресе ел ішінде Иманқара тауы туралы көп айтылады. Оның ұзындығы – 2 шақырым, ені – 300 метр, биіктігі – 200 метр. Белгілі археолог, академик Зейнолла Самашевтың зерттеуінше, Иманқарада сарматтардың жерленгені анықталыпты. Таудың батыс сілемінде құлпытастар кездеседі. Топырақ пен тастан үйілген он зират, бор тасынан қаланған бір сағана там орналасқан. Оның көлемі – 3х4 метр. Тақта құлпытастардың бетіне салынған ру таңбалары әлі толық зерттелмеген. Қабірлер шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиесілі болуы мүмкін. Таудың батыс жақ етегінде үңгір бар. Жергілікті жұрт оны «Иманқара үңгірі» деп атайды.
Академик Зейнолла Самашев 1989-1991 жылдары археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, алты оба мен біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қабірлерді тапты. Қабірлерде адам сүйектерімен бірге қанжар, қола жебе, қола айна, шыны моншақ, қыш ыдыстар көміліпті. Қорғандардың биіктігі 0,5-1 метр аралығында, диаметрі 3-15 метрге дейін жетеді екен. Ал 2005 жылы Атырау археологиялық экспедициясы ұйымдырған арнайы зерттеу жұмысы кезінде 18 оба табылыпты.
Үңгірдің биіктігі – 2, ені – 2,5 метр. Тереңдігі – 25 метр. Тік төрт бұрышты болып қазылыпты. Үш дәлізі, қуыстары бар. Қабырғаларында күрек, қайла іздері әлі күнге дейін сақталыпты. Үңгірде от жағылғанын қабырғалары мен төбесінің күйеден қарайғанынан байқалады.
Бұл үңгірге қатысты зерттеушілер әрқилы пікір айтады. Кейбірі оны 1911 жылы қазылған дегенді ұстанады. «Ағылшын кәсіпкері Нобель 1911 жылы Ембіде мұнай іздестіруге концессия алған. Сол кезде үңгірді қойма ретінде қазуы мүмкін. Өйткені мұнай қондырғысының орны бар» дейді жергілікті өлкетанушы Юрий Пастухов.
Иманқара тауы жазық далада алыстан айбарланып көрінеді. Оның Иманқара аталуының сыры неде? Тарихшылардың пікіріне сүйенсек, бұл адам атымен байланысты болуы ғажап емес. Мұны өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев те жоққа шығармайды.
– Кезінде Адай көтерілісі Иманқара тауының маңынан бастау алған деген дерек бар. Сол көтерілісте ерлігімен танылған батырдың есімі берілуі мүмкін екенін ескеру керек. Жалпы, бұл таудың тарихын зерттегенде жан-жақты дәлелдерді келтірген дұрыс. Осы жерде терең шыңырау қазылған. Тауға таяу 200 метрлік дөң үстінде мұртты қорғандар бар, – дейді өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев.
Оның айтуынша, Иманқарадағы үңгірге 1911 жылы Батыс Қазақстанның мұнай-газ бассейндерін игеруге келген Альфред Нобельдің инженерлер штабы орналасқан. Соның дәлеліндей, таудың етегінде әлі күнге дейін ХХ ғасырдың басындағы бұрғылау қондырғысының қаңқасы тұр. Нобель үңгірді едәуір кеңейтті деген нұсқа да айтылады. Тағы бір оқиға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен байланысты өрбиді. 1944 жылы немістер дәл осы таудағы үңгірге Түркістан легионының сарбаздарынан құралған әуе десантын түсірді. Өйткені оларды жергілікті тұрғындар қолдайды деген жоспар іске асқан жоқ. Диверсанттар НКВД-ның қызметкерлерінен қашып, Иманқара үңгіріне тығылуға мәжбүр болған деседі. Кейін бәрінің көзі жойылды.
Иманқара тауына қатысты әлі ашыла қоймаған құпиялар болуы мүмкін. Таудың тарихын тарихшылар әлі де зерттейтін болар. Бәлкім, сол кезде көпшілікке беймәлім құпиялар ашылары даусыз.
Атырау облысы,
Жылыой ауданы