Оқиға • 24 Қыркүйек, 2020

Түрмеде өткен той

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрмеде той болушы ма еді? Мұнда да үйлену тойын өткізуге болады екен. Жақында Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде екі жастың некесі қиылды.

Түрмеде өткен той

– Бізде де үйлену тойы өтеді, – дейді сотталғандар ара­сында тәрбие жұмысын ұйым­дастыру бөлімінің бас­тығы Қаламқас Әшірхан. – Әрине, әдеттегідей аққайнар атылмайды. Би де болмайды. Бірақ тағдырын тоғыстырған жас­тардың бұл күнді есте сақ­тауына ықпал етуді ойла­дық.

Бірнеше ай бұрын 37 жас­тағы Денис тергеу изолято­рына Қылмыстық ко­декстің 188-бабымен (ұрлық) түс­кен екен. Жақында №2 Аты­­­рау қалалық сотының үкі­мімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бос­тандығынан айырылды. Енді ол жазасын қатаң ре­жімдегі ко­лонияда өтеуі тиіс. Өзге об­лыстағы түрмеге жет­кізетін этапты күтіп отыр. Аты­­раудан кетер алдында Ксе­­нияға үй­ленуді жөн санапты.

– Ксениямен ортақ дос­тарымыз арқылы танысқан едім. Содан бері бірнеше жыл өтті. Бірақ алдыңда не кү­тіп тұрғанын білмейсің ғой. Б­иыл өкінішке ұрындырған жағдай орын алып, бас бос­тан­дығымнан айы­рылдым, – дейді Денис. – Некемізді қидыру – екеуміздің ортақ шешіміміз. Өйткені бала­мыздың заңды әкесі болғанын қаладық.

Түрменің торына түскен Дениспен некесі қиылған Ксе­ния­ның өмірге сәби әкелер күні жақын. Ол екі айдан соң баласын қолына алып, күйеуі бостандыққа шыққанға дейін оны енесімен бірге тәр­биелеуге бе­кініп отыр.

– Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек болары даусыз. Сол себептен Денистің тезірек бостандыққа шығуын күтеміз. Баламыздың болашақта жақсы азамат болып өсеріне сенемін, – дейді Ксения.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі де­­партаментінің баспасөз қыз­­метінен хабарлағандай, был­­тыр мұнда 10 күдікті мен сот­талушының некесі қиы­лып­ты.

 

Атырау облысы