Қоғам • 24 Қыркүйек, 2020

82 жастағы әже алғаш рет жеке куәлік алды

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында 82 жастағы әже алғаш рет жеке куәлігін алды, деп хабарлайды Egemen.kz

82 жастағы әже алғаш рет жеке куәлік алды

Егде жастағы азаматшаға құжатты Алматы облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметінің өкілдері табыстады. Бұдан бөлек, қаланың үш тұрғыны жеке куәліктерін бірінші рет ресми түрде тіркеді. Енді бұл азаматтар Қазақстан Республикасының тең құқылы азаматтары болып саналып, лайықты зейнетақыларын ала алады.

– Бізге өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған оңалту орталығының қызметкері жүгінді. Ол жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ үш адамның орталықта орналасқанын жеткізді. Бұл адамдардың ешқашан құжаттары болмаған. Кейбірінің тіпті азаматтығы да жоқ еді. Барлық қажетті құжаттарды жинап, тиісті органдарға көптеген сұранысты жолдай отырып, біз оларға құжаттарды тапсырдық. Бұдан былай олар біздің барлық азаматтарымыз сияқты, мемлекеттік зейнетақыға үміткер бола отырып, күнкөріс үшін қаражат ала алады, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Елмұрат Нұрсейітов.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қазақстан азаматтығына 7508 азамат қабылданды.

− 353 адам Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналды және танылды. Жалпы облыс бойынша жиырма бес мыңнан астам шетел азаматы тіркелген. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 159 шетелдік елден шығарылды, – деп толықтырды Елмұрат Нұрсейітов.