Пікір • 25 Қыркүйек, 2020

«Әділетті мемлекеттің» түпқазығы – сот жүйесін одан әрі жетілдіру

336 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың түпқазығы іспеттес сот саласына да үлкен мән берілді. Мемлекет басшысы пәрмен беріп отырған шаралардың барлығы да баршамыз үшін көкейкесті. Дегенмен елдікке қызмет етіп отырған әрбір азамат өз саласының кем-кетігі мен мәселелі тұстарын жақсы біледі. Соның ішінде заңгерлердің назарын аударып отырған жайт, яғни әділетті мемлекет немесе азаматтардың мүддесін қорғаудағы «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы.

«Әділетті мемлекеттің» түпқазығы – сот жүйесін одан әрі жетілдіру

Елдің мүддесіне қызмет ететін мем­лекеттің жаңа стан­дарт­тарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүк­те­леді. Бұл салаға реформа аса қажеттігін  көрсетті.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы­на Жолдауында қазіргі күрделі жағ­дайда алды­мызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақ­тылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу және азамат­тардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ал жемқорлыққа қарсы күресті күшейту әрқайсысымыздың мін­детіміз екендігін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әді­летті мемлекет» құру тұжы­рым­дамасы» екенін және соттарға азаматтардың мәселелерін тың­дап, көріп қана қою жеткіліксіз, ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығаруды тапсырды. Осыған байланыс­ты, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жанынан құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі өкілетті комиссия құрылып жатқандығын атады.

Оның ішінде 10 жылдай бұ­рын «Медиация туралы» заң қабылданып, әзірге оның нә­тижесіне көңіл толмай­тындығын айтып, осы жағдайды түзету керектігін, әрі қарай нәтижелі жо­с­пар жасап, оны міндетті түр­де іске асыруды тапсырды.

Аталған реформа медиацияға қатыс­ты, ол тек сот саласына қатысты талап деп түсіну дұ­рыс емес екенін біздің жер­гілікті басқару органы мен құқық қорғау органдары жіті назарға алса, бұл істің оң шешім табатынына сенімдіміз.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы сыбайлас жемқор­лық­қа қатысты қылмыс жасаған­дар­ға шартты түрде мерзі­мінен бұ­рын босату шарасы қол­да­ныл­майтынын, жемқор­лықпен ұстал­ғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекет­тік секторда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керектігін, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру қажет екендігіне көңіл бұру қажеттілігін айтты.

Жолдауда қойылған міндет­терді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жеке­мен­шікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қам­та­масыз етуге бағытталған жаң­ғырту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жеке және заң­ды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың кең ауқымды мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр.

Тәуелсіздік жылдарының бедерінде Қазақстан Судьялар одағының жеті съезі өтті. Соның ішінде  Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін 2016 жыл­дың айтулы шараларының бірі деп білемін. Мемлекетіміздің одан әрі дамуының бағдаршамы болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 29-қадамында Судьялар съезін өткізу туралы мәселе дер кезінде көтерілген ма­ңызды шара болып, сот жүйе­сінің тарихына жазылды. Онда сот жүйесінің болашақтағы даму басымдықтары айқындалды.

2016 жылы 20 қарашада өт­кен, Рес­публика судьяларының VІІ съезіне көз жүгіртсек, Елба­сы­мыз Нұрсұл­тан Назар­баев­тың Қазақстан Республи­ка­сындағы құқықтық саясатты жетілдіру, сот жү­йесін одан әрі дамыту бағытындағы сот жүйесіне қойған талаптары да, айт­­қан тілектері де аз емес болатын. VII съезде  судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Қабылданған судья­лық Әдеп кодексінің талаптарына сай, азаматтар судьялардың әрекетіне қатысты арнайы құрылған Жоға­ры Сот кеңесінің жанындағы Сот жюриіне шағым­дана алады. Съезд жұмысының барыс­ында отандық сот жүйесінің тәуел­сіздік алған жылдар ішін­де жеткен жетістіктері және шешілуге тиісті мін­деттері мен мақсаттары туралы кең ауқымды мәселелер талқыланып, бүкіл судьялар қауымы алдында Ұлт жос­парының заң үстемдігін қамтамасыз ету­мен байланысты саласының өз уа­қы­тында әрі тиісті деңгейде іске асы­рылғанын атап көрсетті. Сонымен қатар VII съезде қабылданған жаңа Әдеп кодексі судьялардың мі­нез-құлық жоралғыларының Бан­голор қағидаттары мен үздік халықаралық тәжірибелерге негізделіп жасалып, қағидаттары қазір­гі заманғы ғылыми айна­лымдағы ең­бек­терде дәлелін тапқан және істе сы­нал­ған судья­лардың әдеп нормалары мен ел дамуының стратегиялық басым­дылықтарына қарай жаңартылды. Онда судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қыз­метін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстаным­дары бөлек-бөлек үш тарауда нақтыланған.

Қазіргі таңда, сот залдары бейнебайланыс құрылғыларымен 100 пайызға жабдықталды. Бейне­байланыс жүйесі сот төре­лігін қашықтан жүргізуге мүм­кін­дік береді. Мәселен, қазіргі таңда елі­міздегі соттар басқа өңірдегі адам­нан қашық­тан куә ретінде жауап алу мүмкін­дігін ұтымды пайдалану­да. Бұған қоса, бейнебайланыс жүйесі бас бос­­тан­дығынан айыру орындарын­да және тергеу абақтысында отырған сот­талған немесе тергеуде жүрген адам­­дарды тасы­малдамай-ақ жауап алу үшін қол­данылады. Сонымен қатар сот әділдігін жүзеге асырудың  жұртшылық­қа ашық­тығын, жариялылығын және қолжетім­ділігін қамтамасыз ету мақ­сатында респуб­ликадағы барлық соттар­дың қыз­меті туралы үш тілде (қазақ, орыс, ағыл­шын) ақпарат ұсынатын Жоғарғы Соттың www.sud.gov.kz ресми веб-сайты аза­маттардың сот қызметін электрон­ды сервис арқылы алуына оңтайлы мүм­кін­дік туғызды. Бұқаралық ақпа­рат құ­рал­дарымен осы бағытта да жүйе­лі түрде қарым-қатынас орнап, қоғам­ға қызығушылық тудырған қандайда бір істер бо­йынша ақпараттар лезде ұсыны­лу­да. Барлық соттардың  сайтында «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Сот­қа келу­шілердің сергелдеңге түспеуі мақ­­сатында, осы сервистің арқасында элек­т­ронды цифрлы қолтаңбаға ие аза­мат­тар қазіргі таңда үйінен немесе кең­се­ден шықпай-ақ сотқа талап қою арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап қою арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеуде. Сон­дай-ақ «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­лама­сының мазмұнымен толық үйлесім та­уып отыр. Сот жүйесінде заманауи техни­ка­лар­ды енгізу және қолдану сот ісін жүр­гізуді жеңілдетеді, бюрократиялық кедер­гілерді жояды, сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін төмен­детеді, азамат­тар­дың уақыты мен қаражатын үнем­дейді, ел тұрғындары үшін сот жүйесінің  барынша айқын­дығы мен қолжетімділігіне мүмкіндік беретіндігі айтылды.

Осы уақытта, республиканың сот жүйесінің қайта реформалануы қоғам­да оң баға алып, жұртшылықтың сенім­ділігін арттырып, сот жүйесінің беделін одан әрі жоғарылатқаны, сот жүйесі алдында қойған талап­тарының тиянақты орындалып отырғанын айғақтайды.

Сонымен  жоғарыда аталған съезде судьялар қауымдас­тығы­ның алдына қойылған міндеттер де толығы­мен орындалды деп айтуға болады. Сот төре­лігінің ашық­тығы мен қолжетім­ділігін қамтамасыз етуге қажетті мүм­кін­діктердің бәрі жасалды. Судья кадр­ларының кәсіби және адам­гер­шілік деңгейін көтерудің ауқымды шаралары жасалып, сот процестерінің толық аудио­бейнетаспаға жазылуының жүзе­ге асуы мен судья қадр­лары­на қойылатын талаптар күшей­тіліп, сот сатыларының оңтай­лан­дырылғаны айғақ.

 

Нұржан ҚАРАБАЕВ,

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы

 

АЛМАТЫ