Пікір • 25 Қыркүйек, 2020

Праймериз – тең мүмкіндіктер, әділ іріктеу

519 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде Nur Otan партиясының бұрын-соңды болмаған партияішілік іріктеу іс-шарасы – праймериз белсенді жүргізілуде. Праймериз әлемде демократиялық жолмен партияішілік іріктеу жүргізудің тиімді тәсілі ретінде әбден мойындалып, кеңінен танылған.

Праймериз – тең мүмкіндіктер, әділ іріктеу

Алғаш рет праймериз өткізу туралы Елбасы, Nur Otan пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың 21 тамызында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бастама көтерген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев праймериздің бас­талуы қарсаңында жасаған Үндеуінде: «Партия билікке жаңа адамдарды – өз ісінің нағыз мамандарын, беделді көш­басшыларды, еліміздің тағ­ды­рына жаны ашитын, тиім­ді шешімдер қабылдап, сын­дарлы ұсыныстар енгізуге қабі­летті адамдарды жылжытулары тиіс», – деді.

Еліміздің саяси жүйесінде алғаш рет жаңаша форматта қолданысқа енген праймериз көпшіліктің ерекше ықы­ласы мен қызу қолдауына ие болып отыр. Өйткені ол барша қазақ­стандықтарға, оның ішінде әйел азаматтар мен креа­тивті жастарға елді дамыту жөніндегі жаңаша идеяларымен және тың бастамаларымен бөлісуге, өз қабілеттері мен әлеует­терін кеңінен танытуға, сол арқылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің Мәжі­лісіне, барлық деңгейдегі мәс­ли­хаттарға, мемлекеттік орган­дарға өтуге «әлеуметтік лифт» қызметін атқаратын болады. Праймериздің тағы бір жа­ғымды тұсы – партиялық тізім­дегі әйел азаматтар үлесінің 30 пайыздан, ал жастар үлесінің 20 пайыздан кем болмауы. Хал­қымыздың «Ана разы болмай, Алла разы болмайды» деген дана сөзі бар. «Әйел бір қолы­мен бесік тербетсе, екін­ші қолымен әлемді тербе­те­ді» деп те дөп басып айтқан. Бүгінгі қазақ әйелі отбасы қа­мын ғана ойлап қоймай, шаруа­шылықтың түрлі салаларын­да тамаша табыстарға қол жет­кізе отырып, еліміздің өсіп-өркен­деуіне едәуір үлес қосуда. Прай­мериз ерлермен қатар әйел аза­маттардың да мемлекеттік сая­сатқа ықпалдасуы үшін тең мүм­кіндіктер туғызуда. Соны­мен қатар Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының мүшесі, жас кәсіп­кер ретінде праймериздің біз­ге – жастарға беріп отыр­ған осы мүмкіндігі үшін дән риза­шылығымды білдіремін. Себебі, бүгінгі күннің жастары эко­номиканың түрлі сала­ла­рын­да аянбай еңбек етіп, елі­міздің сая­си өміріне белсенді қатысуда және олардың арасында нағыз көшбасшылар айқындалуда.

Бүкілхалықтық партиямыз­дың бізге беріп отырған осы мүм­кіндігін пайдаланып, мен де праймеризге қатысу­ға бел будым. Себебі Nur Otan пар­тия­сының эконо­ми­ка­лық және саяси рефор­ма­лар­ды жүзеге асыруға ық­пал етуге, қоғамды одан әрі демократияландыруға, азаматтардың өмір сүру деңге­йін арттыруға бағытталған идео­логиялық бағдарлары ме­нің осы тұрғыдағы көзқарас­тарым­­мен толық үйлесім та­ба­ды. Праймеризге бай­ла­ныс­­­ты үгіт-насихат жұ­мыс­­­та­рына, дебаттарға қаты­сып жүріп, өзім туып өскен Шым­кент қаласында талант­ты жастардың, өршіл аза­мат­тар мен білікті басқарушы­лар­дың көптігіне көзім жет­ті. Ақ­тық сынға білім, ден­сау­лық сақ­тау, мәдениет, спорт, ауыл ша­руашылығы, өнер­кәсіп, кә­сіп­керлік және өзге де салалардың мамандары, бұ­қаралық ақпарат құрал­дары­­ның өкілдері түсіп отыр. Прай­­меризге қатысушы үміт­кер­лердің әрқайсысының өзін­дік ой-пікірі, қалыптасқан ұста­нымы мен тәжірибесі бар. Ең ұтымдысы сол, праймериз атты саяси дода алаңы озық ой-пікірлер мен инновациялық идеялардың генераторына айнала отырып, үміткерлер арасында сындарлы бәсекелестік ахуал қалыптастырды.

Бүгінде әлемді әбігерге сал­ған коронавирус індеті ел экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезе­ңі» атты Қазақстан халқы­на дәстүрлі Жолдауында: «Бола­шақта көш бастайтын мемле­кет­тердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шың­далады. Қазақстан жаңа әлем­де өзінің лайықты орнын алу­ға тиіс», деп мәлімдеді. Ен­деше праймеризге қатысушы үміт­­керлердің де діттегені – Тәуел­сіз Қазақстанның тұғы­рын биік­тету, оның әлем елдері ара­сындағы тауашасын бекем­дей түсу. Додалы бәйгеде Қазақ­стан­ның қарыштап дамуына өзінің креативті идея­ларымен, жаңаша бастамаларымен нақты үлес қос алатын, жүзден жүйрік, мыңнан мықты азаматтардың жеңіп шығатыны даусыз.

 

Нұрсұлтан БАЛАБИЕВ,

Праймеризге қатысушы үміткер, Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының мүшесі, кәсіпкер

 

Түркістан облысы