Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2020

Абдырамай алға ұмтылғандар

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шалғайдағы Егіндікөл ауданында биыл «Еңбек» бағдарламасы нәтижелі жүргізілуде. Әсіресе ауыл жастары бағдарлама шарапаты арқылы өздерінің жандарына жақын кәсібін меңгеріп, болашағын баянды етуге ұмтылуда.

Абдырамай алға ұмтылғандар

Облыс орталығындағы Шоқан Уәли­ханов атындағы Көкшетау мемле­кеттік университетінің түлегі Мар­гарита Папушаға дәм осы ауданнан бұйырған. Себебі осы өңірге тұрмысқа шықты. Алғашқыда жоғары білімі болғанымен, тәжірибесі жоқтығы жолын кесіп, жұмысқа орналасуда қиындық туды. Білім ошақтарының бірінде орын қашан босар деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Осылай жүргенде аудан орталығындағы колледжге жұмысқа орналасты. Онда да өз құрбылары тәрізді мамандарға жақ­сылығы мол жастар тәжірибесі бағ­дарламасы бойынша. Колледж директоры Лариса Шевцованың айтуына қарағанда, жас маман жұмысқа деген ынтасымен танылған. Адамның алға ұмтылуы қашанда көзге көрініп тұрмай ма? Тапсырылған жұмысты ұршықша үйіретін іскер жас жауапкершілігімен ерекшеленген. Аз уақыттың ішінде құқықтық базаны толайым меңгеріп алды.

Қазір жастар тәжірибесі бойынша аталған оқу орнында алты адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз маман­дықтары бойынша еңбек етуге құштар.

– Алғашқыда жұмыс таба алмай абдырап қалғаным рас, – дейді жас маман Маргарита Папуша, – жұмыспен қамту орталығы осы колледжге жіберген болатын. Мүмкіндікті қалт жібермей, бойымдағы бар күш-жігерімді, жоғары оқу орнында алған білімімді сарқа жұмсауға тырысып келемін.

Жас мамандарға шарапаты тиіп отыр­ған жастар тәжірибесінің игілігі айта қал­ар­лықтай. Қазір 16 адам осы игі­лік­ті көріп отыр. Олардың ішінде қолы­нан іс келетіндігін дәлелдеген 10 маман тұрақты жұмысқа орналасқан. «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағы­ты бо­йынша қысқа мерзімді кәсіп­тік оқуға 11 адам бағытталып отыр. Таяу күндері олар да сертификат алып, өз жұмыстарын бастайды. Бес адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Атал­ған бағдарламаның екін­ші бағыты бо­йын­ша 4 адам 11 млн 500 мың теңге көлемінде несие алып, өз кә­сіп­терін дөңгелетіп отыр. Олардың көбі мал шаруашылығымен айналысуда.

– 2020 жылы ауданда «Ең­бек» бағ­дар­ламасының барлық бағыт­тары тың­ғылықты жүргізілуде. Әлеу­мет­тік жұмыс орындарына 7 адам жібе­рілді, қоғамдық жұмыс орындарына 62 адам орналастырылды. «Жұ­мыспен қамту жол картасы 2020» бағ­дарламасы бойынша 13 жоба жүзеге асуда. Бір айта кетерлігі, орталыққа өті­нішпен келген 225 адамның 77 пайы­зы тұрақты жұмысқа орналастырылды, – дейді аудандық жұмыспен қамту ор­талығының басшысы Берік Хамитов.

Бір айта кетерлігі, жастар тәжіри­бесіне келген мамандар үшін баспана да қарастырылған. Дипломы бар кез келген жас жұмыссыз қалмайды.  

 

Ақмола облысы,

Егіндікөл ауданы