Парламент • 25 Қыркүйек, 2020

Халықаралық құжаттар ратификацияланды

256 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Депутаттар жиын барысында екі заң жобасын талқылап, қабылдады. Сонымен қатар жалпы отырыс­та сенаторлар қоғамдағы өзекті мәселелер туралы депутаттық сауалдар жолдады.

Халықаралық құжаттар ратификацияланды

 

Қырғыздар асығар емес

Ең әуелі «2014 жылғы 29 ма­мыр­дағы Еуразиялық экономи­калық одақ туралы шартқа Қыр­ғыз Республикасының қосылуы­на байланысты Қырғыз Республи­ка­сының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды.

«Қырғыз Республикасы Еура­зиялық экономикалық одаққа қо­сылуы туралы өтпелі ережелерге сәйкес, одақтың кедендік шека­ра­­сындағы Қырғыз Респуб­ли­касы­ның барлық өткізу пункттерін 24 ай ішінде, нақты айтсақ 2017 жылдың 12 тамызына дейін орналастырып, материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

Қырғызстан тарапы аталған мерзімде міндетін орындап үл­гер­меді. Осыған байланысты мем­ле­кет­тер басшылары 2018 жыл­ғы 14 мамырда Сочи қала­­сында мерзімді тағы да екі жыл­ға, яғни 2019 жылдың 12 тамы­зына дейін ұзарту туралы хатта­маға қол қойды. Дегенмен, Қыр­ғызстан тарапы үшін бұл мер­зім де жеткіліксіз болды. Сол себеп­ті мемлекеттер басшылары 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Жоғарғы Еура­зиялық экономикалық кеңес отыры­сының шеңберінде «48 айдан» «72 айға» дейін, яғни 2021 жыл­дың 12 тамызына дейін ұзарту тура­лы хаттамаға қол қойды», деді осы құжатқа қатысты баяндама жа­саған Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев.

Заңға сәйкес, 2021 жылғы 15 та­мызға дейін Қырғызстан Еура­зия­лық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес ЕАЭО кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртуға тиіс. Ветеринарлық, са­нитарлық, фитосанитарлық, радиа­циялық бақылау жүргізуге ар­налған жабдықты және кедендік бақылау жүргізуге арналған тасы­малданатын жабдықты, оның ішін­де тексеріп қарауға арналған рентген техникасын орнатуы қажет.

«Қырғызстанның кеден бекет­терінде заманауи жабдықтар орнатылып жатыр. Оның көмегімен лауазымды тұлғаның қатысуынсыз сканерлеу арқылы тауарларды бақылау жүзеге асырылады. Бар­лығы автоматтандырылған: ақ­парат сканерленіп, орталық кеден органына беріледі. Онда қа­жет­ті мониторинг жүргізіледі. Өткі­зу пункттерінде тауарды сәйкес емес атаумен декларация­лау жа­ғ­дайларын анықтауға кө­мек­те­сетін тәуекелдерді басқару жү­йе­сін қолдану жоспарланып отыр», деді депутат Сергей Карплюк.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Бі­ріккен Араб Әмірліктері ара­сын­дағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Шарт бас бостандығынан айыру түрін­дегі жазаны өз отанында одан әрі өтеу үшін сотталған адамдарды екі мемлекет арасында ауысты­ру мүмкіндігіне байланысты мәсе­лелерді реттейді.

Аталған заң жобасына қатыс­ты баяндама жасаған Бас проку­рордың орынбасары Марат Ах­мет­жановтың айтуынша, БАӘ-дағы жекелеген қылмыс түрлері Қазақстан заңдарында жоқ.

«Мысалы, оларда Ораза бұзу, қоғамдық жерде ішімдік ішу, неке­сіз жыныстық қатынасқа түсу қыл­мыс саналады. Бірақ екі елдің заңы бойынша негізгі қыл­мыс пен жаза түрлері ұқсас. Жалпы, біз басқа ел­де қылмыс­тық жауапкершілікке тартылған аза­маттарға қол созуымыз керек. Себебі мемлекет үшін шетел­дегі азаматтарды қорғау – Консти­туция жүктеген міндет. Сон­дық­тан қылмыс жасады деп айып­тал­ған азаматтардан бас тартпаймыз», деді ол.

Бұл шарттың мақсаты – сот­тал­­ғандарды жазасын елінде өтеу­ге жағдай жасау. Құжатта соттал­ған адамды беру мен одан бас тар­ту жағдайлары нақты көрсетіл­ген. Қазіргі уақытта біздің алты қазақ­стандық Біріккен Араб Әмір­лік­терінде жазасын өтеп жатыр. Шарт күшіне енген соң оларды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Қазақстанда сотталған БАӘ азаматтары жоқ.

«Қазір Біріккен Араб Әмір­лік­терінде, өкінішке қарай, біздің 6 азаматымыз, оның ішінде 5 ер адам және бір әйел адам қамауда отыр. Тиісінше, осы заңға ел Пре­зи­денті қол қойған кезде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы уәкілетті орган ретінде оларды отанына қайтару шараларын қабылдайды», деді депутат Сәуле Айтпаева.

 

Балалардың қауіпсіздігіне – басты назар

Сонымен қатар Сенаттың жал­пы отырысында депутаттар бір­қатар сауал жолдады. Дана Нұржігітова балалардың құқық­тарын қорғау бойынша шаралар қабылдау туралы мәселе көтер-
ді.

«Халықаралық тәжірибені саралап, қылмыстық заңнама қол­данысын талдап, балаларға қарсы жыныстық сипатта жасалған қылмыстың барлық түрлеріне қатысты жазаны қайта қарап, қатаңдату бойынша ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», деді сенатор Бас прокурорға жолданған өз сауалында.

Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының осы мәселе бойынша берген тапсырмасының орындалу барысы туралы ақпарат беруді сұрап, бұл саладағы халықаралық конвенцияларға қосылу және им­пле­ментациялау бойынша заң­намалық ұсыныстар енгізу қажет­тігін атап өтті.

Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстанда соңғы 4 жыл­да осындай қылмыстар үшін 1868 адам кінәлі деп таныл­ған. Олардың 539-ы ғана 10 жыл­ға де­йінгі мерзімге бас бостанды­ғынан айырылған. Биылдың өзінде ғана кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен.

«Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол бер­ген, фактілерді жасырған, қыл­мыс­кердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз», деді Сенат депутаты.

Ал депутат Нариман Төреға­лиев өз кезегінде вице-спикер Н.Әбдіров және өзге де сенаторлар бастаған депутаттық топтың атынан Премьер-Министрге сауал жолдады. Онда жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шара­ларының керектігі айтылған. Бұл тақырып соңғы уақытта БАҚ-та қызу талқыланып келеді.

Депутаттың айтуынша, әлем­дік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат интернет­те отырады. Сондықтан кибербуллингтің құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Алайда зардап шек­кендер мен олардың қудалау­шыларының негізгі жасы 11-16 жас аралығындағы жас­өспі­рімдер. Сенатор еліміздегі жасөс­пірім­дердің 12%-ға жуығы осы кибер­буллингтен зардап шегіп отыр­ғанын жеткізді.

«Әлеуметтік желілер арқылы таралған ойындар «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 04:20-да оят», т.б. дүние жүзін дүрліктіріп қана қой­май, енді осындай ойындар қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Арыс қаласының  тұрғыны «Вконтакте» әлеуметтік желісі және «Telegram» мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқаны  анықталды. Сондықтан дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқықтарын, соның ішінде балалардың құ­қық­тарын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау маңызды», деді Н.Төреғалиев.

 

Боздақтарды құрметтеу – ұрпаққа парыз

Сенат депутаты Әлімжан Құр­таев Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрі А.Маминге жолдаған депутаттық сауалында қапыда тұтқынға түскен, жат жерде көз жұмған бірнеше жүз мыңдаған қазақстандық жауын­герді Екінші дүниежүзілік соғыс­тың 75 жылдығына орай ақтау мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, ақтал­мағандардың бірі – соғыс құрбаны Әлім Алмат. Ол 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге қайтар кезде соғыс бас­талып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Бірақ қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың көмегімен тұтқыннан босап шығып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Талантты музыкант әуелі Париждегі консерваторияда оқиды, кейін түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алады. Сол елде өмірден озды.

«Бұл – бір адамның тағдыры. Мұн­дай адамдар жүздеп, мың­дап саналады. Қорғаныс министр­лігінің берген мәліметі бойын­ша, Қазақстаннан соғысқа аттан­ған азаматтардың саны – 1 196 164 адам. Соның ішінде 322 462 адам майданда көз жұмған. Со­ғыс­тан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралма­ған­дардың саны – 601 011 адам. Демек, Әлім Алматпен тағдырлас 600 мыңнан астам адам бар деген сөз. Хатымызды әзірлеу барысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың нақты санын білмек болып, Қорғаныс және Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, хат жаздым. Жаудың тұтқынына түскен қазақ жауынгерлерінің ақталған және ақталмағандарының саны жөнінде ақпарат алу үшін құзырлы мекемелер сырғытпа жауап жазып, бір-біріне сілтеді. Ішкі істер министрлігінің жауабында архивтік құжаттардың құпия екені айтылған. Сонда біз тұтқындардың тағдырын кімнен жасырып, құпия ұстаймыз? Кеңестің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, құлдық санадан арыла алмай, жат елде жоқтаусыз қалған боз­дақ­тарымыздың рухының алдында дәрменсіздік танытып отырмыз. Әлемнің барлық елдері жерінің тұтастығы, халқының азаттығы үшін күрескен жауынгерлерін ақ­тап, мемлекеттік актілер қабыл­дады. Сөйтіп ақиқат пен әділдікті қалпына келтірді.

Қорғаныс министрлігі соғыс­тан қайтпағандардың саны 601 011 адам деген деректі жариялады. Жапон, неміс, америка халқы со­ғыста өлген әр солдатының сүйе­гін, топырағын еліне апарып, құр­меттеп жерлейді. Егер біз әділет­тілік салтанат құрсын десек, соғыс тұтқындарының барлығын ақтау туралы арнаулы қаулы шыға­рып, мемлекеттік деңгейде объек­тивті баға беруіміз керек», деді сенатор Ә.Құртаев. 

Ә.Құртаев осыған байланыс­ты мынадай мәселелерді шешуді ұсынды. Соғыс тұтқындарына қа­тысты ресми мәліметтер тиянақ­талып, бір жүйеге келтіріліп, ха­лық­қа ашық қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ тұт­қында қаза тапқан барлық жауын­геріміздің тағдырын толық зерттеп, аты-жөнін елге жариялау қажеттігін жеткізді.

Сенатор Отанын жаудан қор­ғау жолында көз жұмған, жат ел­дерде қалған барлық соғыс тұт­қын­дарын ақтайтын арнайы қау­лы шығарып, мемлекеттік акті қа­былдауды ұсынды. Сондай-ақ соғыс құрбаны, қапыда жау қолына түскен Әлім Алматтың өмірі мен өнері жолынан сыр шертетін, жас ұрпақ үшін тағылымы мол көркем фильм түсіру туралы да ұсыныс айтты.

 

Жөнделмеген жолдың жай-күйі толғандырады

Сенатор Ольга Перепечина Пре­мьер-Министрдің атына жол­даған депутаттық сауалында суб­вен­-
циялар мен жоғары тұрған бюджеттерден берілетін нысаналы трансферттер ауыл әкімдіктерінің шығыстарын қаржыландырудың негізгі көзі екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, Қазақ­стандағы ауыл тұрғындары өз­дерінің маңызды мәселелерін 4-ші деңгейдегі бюджет қаржысы есебінен шешуге мүмкіндігі бар. Бұл сумен жабдықтауға, жолдарды жөн­деуге және күтіп ұстауға, сондай-ақ басқа да мәселелерге қа­тыс­ты. Дегенмен, іс жүзінде бұл сала­лар аудандық бюджеттен қар­жы­ландырылады, кейде мүлде қар­­жыландырылмайды және жер­гі­лікті жұртшылықтың бұл шешім­дер­дің қабылдануына ықпалы жоқ. Бюджеттегі тепе-теңсіздік­тің не­гізгі себебі халық саны 2 мың­нан кем ауылдық бюджеттердің шы­ғыс­тарын өз кірістерімен қамта­масыз етудің төмендігінде. Ал елі­мізде олардың саны 1301-ге жет­кен. Яғни, 56 пайызды құрайды.

Депутат өзінің сөзін қоры­тын­дылай келіп, бір қызметкер бірнеше функцияны қатар орындайтын ауылдық округтердегі аппараттарды 25%-ға оңтайландыру олардың жұмыс сапасына теріс әсер ететінін атап өтті.

Атырау облысындағы жолдар­дың жай-күйі толғандырған сенатор Ғұмар Дүйсембаев Үкімет бас­шысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Бұл өңірде Атырау – Орал және Мұқыр – Құлсары автожолдарын қайта жаңарту жоспарланған-ды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 24 мың шақырым республикалық жол жаңартылады.

Депутаттың айтуынша, рес­публикалық маңызы бар авто­жол­дардың облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі небәрі 66%-ды құрайды. Ке­йінгі жылдары өңірдегі жол-көлік оқиғалары да азаймай тұр.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жоба­сында осы мақсаттарға 4,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат көздел­ген. 1 шақырым автожолды қайта жаңар­тудың болжамды құны 400-600 млн теңгені құрайды, ал құ­рылыстың нормативтік ұзақ­тығы – 3 жыл. Көрсетілген қара­жат пен белгіленген мерзімде ұзындығы 487 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстарының табысты болғанына күмән туады», деді Ғ.Дүйсембаев.

Депутат сонымен қатар қат­ты жабыны мүлде жоқ Мұқыр – Құлсары жолының нашар жағ­дайына алаңдаушылық білдірді. Бұл автожол – Ақтау теңіз порты мен Қазақстанның қалған бөлі­гі арасындағы Ақтөбе облысы арқылы өтетін ең қысқа көлік қатынасы. Автожолды қайта жаңар­ту жолды 150 шақырымға қыс­қартуға және Атырау – Ақтау жолындағы көлік санын азайтуға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік бағдарламада қаржыландыру көзі көрсетілмеген. Үкімет жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыру көздерін анықтау және оларды уақтылы аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет», деді депутат.