Ақбұлқақтың оң жағын жағалай жатқан қызыл құмырсқаның илеулерінде есеп жоқ. Өркеш-өркеш болып кете береді. Бірінен-бірі биік. Ең биігі мөлшермен 1 метрден астам. Мұндай алып илеулер көп жерлерде кездеспейтін шығар.
Илеуде құмырсқалардың тіршілігі қайнап жатыр. Бірі жапырақтың қиқымын ұясына сүйреп кірсе, енді бірі қарауылда тұрғандай көрінді. Неткен ұйымшыл дерсіз. Мың-миллион құмырсқаның ішінен бір-бірімен тістесіп жатқанын байқамайсыз. Керісінше арқалағандарын демесіп жіберіп отырады. Табан астына үңілсеңіз, илеулердің арасын жалғап жатқан сүрлеулерін көресіз. Сүрлеуден шықпай қаз-қатар тізіліп бара жатқан жәндіктердің арасында ереже де, тәртіп те бар. Титімдей жәндіктің таудай тірлігіне, баудай бірлігіне қарап таңғаласың. (Кейде құмырсқа құрлы жоқпыз ба деп ойлайсың).
Алып илеулердің басталар тұсына «муравьиный городок» деп ағашқа әдемілеп ойып жазыпты. Орысшалап емес, қазақшалап «Құмырысқалар қалашығы» десе әдемі естілер ме еді?!
Іш жағындағы тақтайшаларға осы жерді мекендейтін қызыл құмырсқалар туралы қызықты деректерді тізіпті: Құмырсқалар тобында аталық, аналық «жұмысшы» және «жауынгер» болады екен. Илеулерін өсімдік сабақтары мен қураған жапырақтардан көтереді. Құмырсқа денесінде 70-тен астам микроэлемент, 20-дан астам амин қышқылы, витаминдер бар. Қытайда құмырсқалардан дәрілік препараттар дайындалады. Дәрілері буын ауруларына, жарақатқа өте пайдалы. Тіпті кейбір елдер құмырсқаны тағам ретінде де пайдаланатын көрінеді.
Міне, Берелдің бүккен сыры көп. Егер жолыңыз Алтайға түссе, құмырсқалар қалашығына да соға салыңыз.
Шығыс Қазақстан облысы