Бизнес • 25 Қыркүйек, 2020

Мемлекет басшысы: Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мемлекет басшысы: Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ

"Алматының кәсіпкерлерімен шағын және орта бизнесті қолдау шараларын талқыладық. Қазіргі жағдайда салықты жеңілдету, субсидия беру, айналымдағы қаржыны толықтыру және тағы басқа арқылы бизнеске көмектесе береміз. Елге пайдалы кәсіпкерлікті дамытуға кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ", деп жазды Мемлекет басшысы.

Алдыңғы ақпараттарда хабарлағанымыздай, бүгін Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында қазақстандық Hyundai Trans Kazakhstan зауытының іске қосылуға дайындық барысын тексерген еді.

Қ.Тоқаев нысанды аралап көргеннен кейін индустриялық аймақ резиденттерімен жеке кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпорынның басым салаларын дамыту мәселелерін талқылады.

"Мен өз Жолдауымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән бердім. Әсіресе бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік органдар тарапынан келтірілетін кез келген кедергі елімізге қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралатынына арнайы тоқталдым. Яғни басқаша айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. Бұл – экономикалық саясатымыздағы негізгі бағыт", дейді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің экономикасындағы ахуал пандемия салдарынан әлі де күрделі және бұл дағдарыстан мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана шығуға болатынын алға тартты. Сондай-ақ нарықты монополистерден тазалау керектігін және барлық лайықты кәсіпкерлердің біздің нарыққа еніп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажеттігін атап өтті.

"Сонда ғана экономика еркін дами алады. Мұның бәрі жаңа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл шаралардың бәрі тиімді болады деп үміттенемін", деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапарын И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалын аралап көруден бастады. Сондай-ақ Индустриялық аймақта болып, Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен "Алмалы" демалыс аумағында болды.