Таным • 28 Қыркүйек, 2020

Мұхтар Әуезов: Жыл келгендей жаңалық сеземіз

1900 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Біз төменде кезінде қазақ әдебиетінің қамбасын қампайтқан жас қалам­герлерге ағалық сын-ескертпелерін мәтақамдап жеткізген ұлы Мұхтар Әуезовтің әйгілі мақаласын ұсынып отырмыз. Ұлы жазушының әдебиет критерийлері хақында қаузаған өрелі әңгімесі әлі де өзекті секілді. Сол тұста аға ақылы жазушыларға жолбелгі бола білген еді. Біз бүгінгі толқынға да бағдаршам боларына сенеміз.

Редакциядан

Мұхтар Әуезов: Жыл келгендей жаңалық сеземіз

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жолдастар, мен поэзияның жайын айтудан бұрын, жалпы поэзияға иық сүйеп келе жатқан, қатар жүріп келе жатқан өзіміздің ісімізде, тіршілігімізде, тарихымызда поэзияның табыстарымен қатар, халқымыздың әрқашан есімізде жүретін бірер жайларға жұбаныш алған, сүйсінген күйді айта кеткім келеді.

Қырық жыл – бір адамның өмірімен өлшенетіндей бірталай ұзақ дәурен. Қы­рық жылдың ішінде толып жатқан жаңа­лықтар қырық ғасыр да жетпейтін өріске біздің Одақ, оның ішінде қазақ сияқты елдердің табыстарын көрсететіні рас. Он-он бес жылдан соң болған жаңғыру, жаңа табыс өрлеудің жиынтық ойларын ойлай бастағандық сонда аңғарылады. Бізде осы күнде музыка саласында соңғы жылда­ры қазақ композиторларының қатарына жас талант композиторлар келіп қосыл­ды да, қазақ әнін Абай әкелген дәреже­ден, халықтық шырқау әндерінің үнін Абайдан әрі қа­рай дамытып, камералық музыкадан ауыстырғанда, бірталай сим­фониялық музыка тілінде айтылатын, соңғы жылдарда туып жатқан формалар туған да шығар, бірақ соңғы жылдарда туып жатқан жаңа әндер де бар. Ол әндер қандай ән? Мен бұл арада авторларын, әндерін айтып жатпайын, оны өздеріңіз де білесіздер. Колхозда болғанда жастардың аузынан, шоферлерден, кейде шопандардан, кейде обком, райком секретарьларының өздері-ақ айтып жүретін, адамды сүйсіндіре­тін тамаша әндер бар. Бұрынғы Абай, Бір­жан, Ақанның әндері емес. Жуықта бо­лып өткен композиторлардың жина­лы­сында Қазақстан композиторлары вальсомания жолына түсті деп сын айтты. Бірақ Хамидидің «Қазақ вальсі», Ш.Қал­даяқовтың «Ақмаңдайлым» сияқ­ты вальс­теріндей вальс көбейе берсе екен дер ем. Штраустың «Үлкен вальсі» – осы күнге дейін жұртшылықтың сүйсіне тың­дайтын вальсі.

Осы сияқты суретшілерге келгенде, суретшілердің арасында да бірсыдырғы жақсы буын өсіп келе жатыр. Халық суретшісі Қастеевті санамағанда, Орал Таңсықбаевтан кейінгі үзеңгілес келе жатқан Кенбаев, Мәмбеев, Телжанов, Нұрмұханбетов сияқты жас буындар бар. Осы күнді олардың сезінуі, сол жайларын өздерінің өнерімен көрсетуге келгенде қазақтың жаңа сурет өнері өте жақсы, жаңа сапада өсіп келе жатқандығын көреміз. Сол жайды біз өзіміздің жас­тар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқым келеді. Осы үш саланың табыстарын жаңа жыл келгендей өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, живопись, поэзия өнеріне жаңа бір жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты. Бізден арғы кездегі ақындарды қоя тұрып, бізден бергі атақты ақындар мен жас ақындардың бірқатарының шы­ғармаларын алғанда, бұл арада жақ­сы-жақсы айырмыс бар, әрине соны­мен бірге олқылық та, кемшілік те бар. Сөз нақтылы болу үшін мен өзім кім­дердің шығармасын оқыдым, соларды атап өткім келеді. Сол оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айта­тын қорытындым да бар. Мәселен, I.Мәм­бе­товтен «Жас қанат» жинағының іші­нен тәуір деген өлеңдерім: «Жайыққа», «Өгей шешеме» сияқты өлеңдерін атап өтер едім. Т.Шопашевтан сүйсініп оқы­­ған өлеңдерім: «Сарысудағы жас», «Шие­­­лі», «Нартай ақын», «Сырласу» өлең­дерін көп өлеңнің ішінен сүйсініп оқыдым. Т. Молдағалиевтің өлеңдерінің ішінен: «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат» деген өлеңдері ұнатып оқыған шығар­маларым. Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым. «Партия туралы жыр», «Анама», «Абзал ана» деген сияқты өлеңдері. Жинаққа кірген шығармалардың көпшілігін түгел оқып шықтым. Жинаққа кірмеген, бұл өлең­дердің сыртында басқа өлеңдер де бар, бұрын да көзге түсіп жүрген өлеңдер. Жи­нақтағы барлық шығармаларды түгел оқып үлгергенім жоқ, бірақ келешекте оқымақшымын. Менің де ойымда жүрген жайлар бар. Ертедегіні еске түсіре, жаңа поэзия әкелген жаңалықтарды білмек мақсатымның бар екенін айтқым келеді.

К.Мырзалиевтің өлеңдері маған өте ұнады. Мысалы, «Жас ақынға», «Жыр­ға сыймас нұр көрдім», «Еңбек» де­ген өлеңінің өзінде жұртшылық аузы­на түсе қоймаған талай оралымдар, шеберліктер сезілетін сияқты болады. Жаңа шығармалардың әрқайсысынан бұл сияқты цитаталар келтіріп жатсам, менің сөзім үлкен баяндамаға айналған болар еді. Менің оқымаған шығармаларымның ішінде де жақсы нәрселер болу керек.

Жалпы, лирика туралы, қорытып айтқанда, біздің әдебиетке мәдениетті ақындар, оқыған ақындар келе бастаған. Бүкіл Кеңес Одағы көлеміндегі жазушыларды алмағанда, көршілес қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, татар әдебиеттерін алғанда да оқыған, мәдениеттенген ақындар әкелмеген, өмір тәжірибесін басынан көп кешкен, өмірді, Отанның арманын ұға келген жақсы жазушылар бар екені рас. Бірақ қазір бірталай жанрлар білімді керек қылады. Оқымаған адамның драматург болып кетуі, оқымаған адам­ның романист болып кетуі оңай нәрсе емес сияқты. Шын жақсы өлең жазу үшін оқымаған адам болуы мүмкін емес. Халық поэзиясының өз шама-шарқына қарай жақсы шығарған шығармалары бар. Біздің дәуірімізде оқымысты ақындардың өмірге келгендігінің бір белгісі – қазақ әдебиетінің өзіндегі дәстүрлер ғана емес, айналасын көріп, шарлап қалғандығы байқалады. Твардовский, Исаковский, Вургун, Гамзатов сияқты ақындар қа­лай жырлайды? Айналаны, есікті түр­тіне жүргендігі байқалады. Жалғыз қа­зақ әдебиеті көлемінде өзімен-өзі болып, жалғыз шапқан аттың көдеден, бұта­дан озғаны сияқты болу жарамайды. Ұлы орыс әдебиетінен туысқан тілдес ел­дердің әдебиетін, тілі бөлек әдебиет ақын­дарының аудармаларын оқып, үлгі­лерін көре отырып, ойлана отырып, іздену деген оқыған жастардың поэзияға ке­ліп жеткендігін көрсетеді. Жинаққа кір­ген өлеңдердің олпы-солпы еш жері жоқ, бәрі де жып-жинақы, жап-жақсы әзір­лікпен жазылған өлеңдер.

Соның ішінде әдебиетке қойылып жүрген талаптарды ескергендігі байқа­ла­ды. Өйткені қайталанбайды. Ой, та­қы­рыбы қайталанғанымен, бұрынғы біреулердің жазғанын қайталау деген жоқ, әркім өз үйін танытқысы келеді. Поэзияның тақырыбы шағын болса да, өзінің туған жерін, анасының жайын, көктем, күз, қыс, махаббат мәселесін айт­қысы келеді. Бұл тақырыптар бүкіл адамзат тарихы болғаннан бері айтылып келе жат­қан тақырыптар. Әрдайым өз үнімен, өзін­дік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені басады. Қазіргі поэзияның, мә­де­ниетті поэзияның өкіл­дерінің – әрбір ақын­ның өзінің өзіндік тілі, үні біреудің айт­қанын жазу керек емес дегендей талап­тарды өздеріңізге өз­деріңіз қойып келе жатқандықты бай­қатады.

Адам поэзия арқылы дүниеде таны­мағанын танытып, өзінің сезімі, санасы арқылы адамға танытады. Ақын бір­қыдыру өзіндік жаңалық тапқысы келеді, өзін өзі танығысы келеді, өз өмірінің үлкен шындығын, балалығын, анасын айтады. Жарды, жерді айтады, махаббат жайын жырлайды. Бар ақындар көп жерлерде тақырыптарды қайталап жүреді, үйіріліп жүрген бір шумақ тақырыптар бар екенін көресіздер. Соның ішінде партия, Ленин жайы, осы қырық жылдан бері келе жатқан ұлы дәстүр бо­йынша тақырыптардың ішінде бұлар да жүр. Соларды жырлағанда, соны тілмен жырлағысы келгендігі байқалады. Сағи Жиенбаевтың «Партия туралы жырында» толып жатқан образ, көп шындық, жұртшылыққа ортақ шындық бар. Ол шындық – бас мақаланың көлемінде пуб­лицистика, журналистика ретінде шебер айтылып жүрген шындық.

Менің аңғарғаным, бүгінгі жас­тар­дың барлығы да өз тілін жақсы бі­леді екен. Мен, менен кейінгі буын Әбділда, Ғали, Тайырлар қазақ халқы­ның тілі дегенді білуге жағдайлары, мүм­кіншіліктері көп болған жастар. Мен сіздерге бұл бола бермейді, қазақтың халық тілін жақсы білдіретін адамдар, орта кездесе бермейді, сондықтан да сіздер тілді жақсы білмейді ме деуші едім. Әдебиеттен, кітаптан оқып үйренесіздер, кезі келгенде, колхозға бар­ғанда, ауданға барғанда, ұшырасқан кәріқұлақ адамдардан естімесеңіздер, көпшілігінде га­зет, радио тілі болады да, сондықтан жас­тар тілге шорқақ болады-ау деп ойлаушы едім. Қазіргі жастар талабы бар, табиғатты, көргенін айтқанда, басқа ақын­дардың үніне үн қосып, ілесе сөйлеп кел­генде, барлығында да тіл орамы, ой толғамы сай келіп отырғандығын танытады. Осымен бірге айтылатын нәрсе: тағы бір үлкен қасиет – көпсөзділік аза­йыпты. Сіздерден алдыңғы буында көп­сөзділік байқалатын. Көпсөзділікке терең ой қосылса, нұр үстіне нұр ғой. Көпсөзділікпен ойы ұштасқан Уитмен, Павло Неруда, Жоржу Амаду, Луи Арагон сияқты дүние жүзіндегі бейбітшілік үшін алысып жүрген революциялық санадағы ақындардың бірі Назым Хикмет, міне, бұлардың ұзағырақ жазатыны бар. Бірақ олар соны, тың, терең ойлы келеді. Ой болмаса, шығарма терең қасиетті болмайды. Жұрт айтқанын айтарсыз, соның өзінде өзіндік тілмен айта білу керек. Сол ой образбен айтылуы керек. Мұндайлар болмаған жерде поэзияның аз сөзді болуы жақсы нәрсе. Көпсөзділік халық поэ­зиясында, тіпті екі жүз жолға бармай атының басын ірікпейтінін, тоқырау болмайтынын сіздер білесіздер. Міне, осындай нәрселер сіздерде жоқ. Ал шұ­быртып жіберген болсаңыздар, өлең тү­рінен айырылады. Өлеңнің өлшеуі өзі­нің мөлшерімен қадірлі. Олай болса, осы қасиетінен айырылады. Ұзақ өлеңнің ұзына бойына бірдей ой да жете бермейді, образ да болмайды. Өлеңнің бірқатары асығыс жайларда жазылады. Ал біздің жастар – оқымысты жастар, ізденуші жастар, білімді жастар. Бұл жас­тар – поэзияға қойылып жатқан талапты ескеретін жастар. Міне, мұндай жастар терең сырлы, сөзге сараң болғысы келеді.

Образ болмай, ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз, жұрт айтпаған ойды айту – анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол – ырыс. Жұрт айтпаған ой образдары партияның, жұртшылықтың сүйетін ойы – ол табыс, ол бақыт. Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі қасиет. Біздің поэзияда да терең ой, мол образ жете қоймай жатыр. Жастар поэ­зиясына үлкен образдылық керек. Бұл образдылық бірталай жастар өлеңдерінде бар. Мысалы, партия тақырыбында қы­зық образдар аңғарылады.

Т.Молдағалиевтің, Т.Шопашевтың, Қ.Мырзалиевтің өлеңдерінде жақсы ойы образымен табысып жатады. Бұлардың шығармаларын алдыңғы поэзиямен са­лыстырғанда өзіндік кемшіліктері де бар. Біздің алдыңғы буын поэзия­сында үл­кен әлеуметтік тақырып, халыққа тәр­­биелік тақырып, маркстік-лениндік фи­­лософияның бүкіл жаңа адамзат та­ри­хына әкелген кең-кең, ұлы-ұлы тақы­рыптардың бірқатары азайып кеткен сияқты. Халықаралық достық, бей­бітшілік, комсомол, ұлы орыс халқы жа­йын­дағы тақырып, ұлы адамдардан үйрену мәселесі, халықтар достығы деген тақырыптар, Сәкеннен бастап Қасымға дейін, Қасымнан М.Әлімбаевқа дейін бір буын ілгері жастарға келетін тақырыптар біздің поэзияда, осы жинақтың ішіндегі ақындар шығармаларында азайып кеткен сияқты. Осы күшпен осы сипатты осы ізбен көтерсеңіздер, бұл тақырып тозатын тақырып емес, жырланып мәдениетті дәрежеге жетіп болды деуге болмайды, бірде жетіп, бірде жетпей жүрген та­қы­рып. Біздің поэзияның барлық буындарына айта кетерлік бір жайды осы арада атап өткім келеді. Орыс поэзиясын былай қойғанда, қырғыз, өзбек, әзербайжан, тәжік поэзияларын, Дағыстан поэзиясын алып қарасаңыздар, осында бірне­ше адамның шығармаларында әр буын ақындардың аузына түсе қоймаған та­қырыптар бар. Отан соғысы жылдары бас­қыншылық жерін шауып алған, бірінің атасы өліп, бірінің әкесі майданға кеткен жастар, бет-аузы қап-қара май болып қалған сан жетім балалар үлкен топтарымен пойыздарға мініп, бірнеше күн жүдеп-жадап, әр алуан халге ұшыраған, суыққа тоңып, аштыққа ұрынып, Ташкент, Алматы, Омбы қалаларына келді. Бұл балаларды Отан қойнын ашып қабыл алды, тәрбиеледі. Міне, осы мәселе, бүкіл кеңес поэзиясында сол сұрапыл қиыншылық соғыс дәуірінің анық белгісі ретінде қалған бір өлең «Бауырым, мен сенің атаңмын» деген Ғафур Ғұламның өлеңі. Бұл өлеңінде Ғафур Ғұлам майданда жүрген, қиыншылық көрген кеңестің жас буынының барлығына аталық қойнын ашып сөйлеген, Отан жүрегін, кеңес елінің жүрегін көрсеткен. Белоруссияда, Украинада ерте заманнан еврейлер отыратын жерлер болатын, сол жерлерге фа­шистер келгенде еврейлерді қыра бас­таған. Міне, осы еврейлер ауыр халде, бет-бетімен қашып, үлкен қалаларға кел­ген уақыттарда құлақтық мінездер көр­сетушілер болды. Осыған қарсы Ға­фур Ғұлам «Мен де евреймін» деген өле­ңін жазды. Бұл лениндік аса бір асқақ ұран сияқты. Біздің туысқан елдердің ауыз­дарынан шыққан өлеңдерінің ең бір ірісі.

Дүние жүзіндегі езілген халық елдері­нің атынан Африка, Америка қара нәсіл­ділері атынан «Негр сөйлейді» деп құл­дыққа, тең­сіздікке қарсы сөйлейтін ақын өз дәуі­рінің тарихы атынан сөйлейді. Бұл қара нәсілдіні сөйлетіп отырған кеңес ақыны – Самед Вургун. Дағыстан ақыны Расул Ғамзатовтың «Әкеммен әңгіме» деген поэмасы да бар. Ақын сөйлеп отырып, халық алдында өзінің қандай қарызы бар екенін, өз арын халықтың арымен са­лыстырғанда қарыздармын, соны тү­сін­дім деп ақын әкесінің әруағымен сөй­леседі. Бұл – үлкен серпінді, кең тынысты поэзия. Тәжік ақыны Тұрсын-заде біздің поэзиямызбен қатар жасап келе жатқан ақындардың ойларына не берді? Оның « Голос Азии» деген өлеңінде тіпті көп білетіндігін көрсетеді.

Осы өлеңінде Азия, Африка халық­тары­ның атынан, тіпті Үнді, Қытай ақы­­ны, Гана ақыны, Жапон ақыны айт­па­ған ойды тәжіктің Тұрсын-задесі сөй­­леп тұр. Мұның әрбір жолы бірдей адам аузына түспейтін мәселелер емес, бі­рақ үлкен, өрлеген ой дәуірдің биігіне шы­ғып сөйлейтін сөздер. Жеке бастың, үй тұр­мыстың, туған жеріңнің тақырыбы – бәрі де керек. Бірақ оның да шегі болады. Оның өзінде үлкен ақылдылық, зор толғау арқылы үлкен әдебиеттік шеберлік бар екендігін аңғару керек. Өздеріңізге белгілі, осы Түрксіб жолы салынғанда бір ақындар өлеңінде, теңеулерінде «қара айғыр» деп, «отарба» деп алғанда, сонда бір өлең жазылды. «Бұл қай жол?» деген. Өткен жылдарда көзінің жасы төгіліп, тұтқын жүрген, өмір зары сан кезген Жетісу жолы деген жол – Қытай мен Еуропаның сауда қатынас жолы, сол жолмен адамзат көрмеген қастықтар жүрген, бір кездегі Шыңғыстың қанқұйлы жолы қазір Түрксіб жолы түсумен қандай жол болады? – деп бұрынғы қандыбалақ жа­уыздар жүрген жолдың енді жаңа Отан­ның күре тамыры болады, сол темір жол ар­қылы жаңа ойлар, жаңа тамырмен жаңа қандар жүреді деп Ғафур Ғұлам жазған.

Азия, Африка елінің азаттығы жөнін­де де жырлайсыздар. Қатарда келе жат­қан ақындар қалай жырлайды? Міне, солардың шығармаларына қарап, танысып отыру керек. Үлкен образ болмай, поэзия болмайды. Сіздер жаңа бақыт пен жаңа мәдениетті ізденудің бойында осы жайларды ойланыңыздар. Сол мәдениетті ақындардың ешбірі айтпаған образды ойлармен айтқандарын сіздер де айта алады деп ойлаймын. Іздену үстінде, үміттену қалпында бір достық тілек: мен ақын емеспін, бірақ ақын өнерімен достардың алдында жақын тұрған қандай өрістер бар, жап-жақын бір белестің астында тұрған кейбір шындық бар, сол белеске шығып, табылмаған жоқты табу, соған тырысу керек деп ойлаймын. Осымен бірге, Мұхтар қартайғасын ақыл айту дағдысына түскен екен демеңіздер, бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Жастар, осы бастан бірнеше әдеттен сақ болыңыздар. Ең алдымен, жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден көшу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. Арақ ішу, мастану осыдан туады. Ұлы Лениннің, Горький­дің кішіпейілділік сияқты жақсы дәстүрі бар. Осыны үйрене білу керек. Мастану дегенді көрмей жүрген жоқсыздар, болып қалдым екен деп алдыңғыны мүйіздеп, шынтағымен қаққылап, өзіне-өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры. Бұл, ең алдымен, өзімшілдікті, өзімшілдік – күншілдікті туғызады. Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл үлкен сордың бірі. Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін. Одан келер-кетер аз ғана. Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма? Біздің өмірімізде баға берілмей қалған қасиет бар ма? Бағалы-бағаланбай келген қасиет жоқ. Кеңестің адал сыны, әділ бағасы құмның түкпіріндегі Кер­бе­баевты да таныды, тапты да ғой. Кішкентай Чукчаның Рытхэуін, Туваның Салчак Токасын таныды да, тапты ғой. Ақындық жақсылығым танылмайды деп ойламаңыздар. Жақсылықты тану ретінде ең әділ әрі әділетті халық біздің кеңес халқы. Жақсы баға орын тауып беріледі. Сондықтан әдебиет үшін жарнама керек емес. Бұл жарнама өзімшілдік, күншілдікті туғызады. Америкаға бар­ғанда Маяковский «Бруклинский мост» деген жыр жазған. Маяковский бұл көпірдің үлкендігін, талантты инженердің кім екенін айтпаған. Ол заманда Бруклин көпірі Маяковскийді таңдандырса, оның бер жағында бізде салынған, астында тіреуіші жоқ көпірді салған инженердің атын қайсыңыз білесіздер? Осыған қарағанда әдебиет саласы ең бір жарнамалы, сондықтан өзін өзі жарнамалаудың ешбір қажеті жоқ. Еңбек жақсы жазылса, «басынғалы жатыр» деп бір хабарласа, «басылды» деп екінші рет хабарлайды. Ол шығарманың циклдары журнал бетінде басылады, кітап болып шығады, сыншы мақтау жазады, міне, көріп отырсыздар, әдебиеттен жарнамасы артық не бар? Көп еңбек қаламның сиясы құрғап болмай-ақ даңқтанып жатады. Социалистік Отанда еңбек етіп жүрген жандардың ішінде еңбегін дабырлап жататын тек әдебиетшілер. Сондықтан соның ішінен жарнама іздеу бейшаралық нәрсе деп санаймын.

Ал жеке адамды жарнамалау талант­сыз­дықтың белгісі, ол – бейшаралық. Күн­шілдік пен өзімшілдікке байланыс­ты «менікі оныкінен артығырақ, ме­ні бағаламады» деген нәрселердің бар­лығы осындай дерттерден пайда болады. Сіздерден алдыңғы буын алдағы за­ман­ның жамандығын ала келетіні бола­ды, сіздер адал әдебиетші, үлкен әділ таразыларың бар, салмақты сабырла­рың бар, әдебиеттің жақсылығын шын сүйе­тін, шын берілген кішіпейіл әдебиетші болыңыздар. Жақсы жазғандарыңыз далаға кетпейді, ешбір қасиет бағаланбай қалмайды, алтының танылмай қалмайды. Жақсылық арта түседі. Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті қасиетті әкелуші, нұрлы, жақсы, жарқыраған өрісі бар жастар, еңбектеріңіздің жемісті болуына, талап үстіне талап, нұр үстіне нұр құйып, оқу-білімдеріңіздің өсіп-өрлеуіне зор ағалық достықпен тілек айтамын.