Елорда • 28 Қыркүйек, 2020

Нұр-Сұлтанда МЖӘ аясында жаңа балабақша ашылды

635 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін елордада Аbadan жекеменшік балабақшасы ашылды. Мекеменің жалпы ауданы – 1,6 га. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған ғимараттың аумағы – 8 мың шаршы метр. Жеке инвестициялар сомасы 2 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда МЖӘ аясында жаңа балабақша ашылды

"Балабақшаның ерекшелігі – 18 топқа арналған. Алдағы уақытта сабақтарды ағылшын тілінде өткізу жоспарланып отыр. Яғни, балалармен ағылшын тілінде оқу-тәрбие процесін жүргізетін мамандар шақырылады. Сондай-ақ балаларға арналған кең орындар қарастырылған: акт залы, бассейн, спорт залы. Әр топ үшін жеке жатын бөлме, шешінетін бөлме бар", деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі ұйымдар бөлімінің басшысы Айгүл Ережепова.

Балабақша 360 орынға арналған. Бұл мекемеде 36 тәрбиеші және 10-ға жуық арнайы маман жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Олар – бейнелеу өнері, дене шынықтыру мұғалімдері, ағылшын тілін тасымалдаушылар.

Шектеу шараларына байланысты 15 адамнан тұратын кезекші топтар жұмыс істейді.

"Ата-аналардан өтініштер түсіп жатыр. Қазірдің өзінде 15 бала бар. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша, санитарлық нормалар сақталды", деді Айгүл Ережепова.

Балабақшада жүзу, футбол, каратэ, шахмат, хореография, бейнелеу өнері, робототехника, театр өнері және қыш өнері сияқты 10-ға жуық үйірме бар.

Сонымен қатар балабақшада екі оқшаулағыш және тұз бөлмесі, медициналық блок, психолог пен логопед кабинеттері, ас бөлімі, кір жуатын бөлме, сондай-ақ инфрақызыл саунасы бар бассейн қарастырылған.