Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2020

Таразда Шерхан Мұртаза атындағы ақындар мүшәйрасы өтті

848 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз қаласында көрнекті жазушы, ұлт қайраткері Шерхан Мұртазаның дүние есігін ашқан күніне орай жарияланған "Шынның жүзі – Шераға" атты жас ақындардың облыстық Online жыр-мүшәйрасы бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда Шерхан Мұртаза атындағы ақындар мүшәйрасы өтті

«Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығының мәжіліс залында өткен шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері мен жүлдегерлер қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының" директоры Қуаныш Дәуренбеков, "Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану" орталығының директоры Сауран Қалиев жазушының қайраткерлік, жазушылық һәм кісілік келбеті туралы сөз қозғаса, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" шығармасы фильмге сұранып тұрғанын, келешекте аталған туындының желісінде кино түсірілсе деген ұсынысын айтты.

Жалпы, "Шынның жүзі – Шераға" атты ақындар додасына өңірдегі 15 пен 30 жас аралығындағы жас ақындар қатысып, бақ сынаған болатын. Жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған жас ақын Нұржан Қадірәліге 500 мың теңгенің сертификаты табысталып, ол қаражатқа жеңімпаздың тұңғыш жинағы жарық көретін болды. Сондай-ақ, осы күні "Шынның жүзі – Шераға" атты бейнероликтердің облыстық Online байқауының да жеңімпаздары марапатталды. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ноутбук, бейнекамера, смартфон, планшет және жазушының кітаптары табыс етілді.

 

Жамбыл облысы