Есей Қадымұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын «Сөз бен істің бірлігі» деп атады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек», деген басты міндеттерді негізге ала отырып, осы додаға түсуге шешім қабылдадым. Бұл шешім туған еліме, өскен ортама деген құрметтен және жеке ұстанымнан туындап отыр. Менің жеке ұстанымдарым: Мақсаткерлік! Белсенділік! Өнімділік!», дейді Есей Мухиев.
Есей Қадымұлы 1966 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі 40 жыл мектеп директоры болған. Анасы бала тәрбиесімен айналысқан. Есей Мухиев Жамбыл гидромелиоретивті-құрылыс институтын қызыл дипломмен бітірген. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Жобалау» институтында инженер болудан бастаған. Кейіннен «Жамбылхимқұрылыс» мекемесінде шебер, прораб, бөлім басшысы секілді баспалдақтардан өткен. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері, яғни 25 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Кәсіпкер мақсаткерлікті адамның мақсатқа қол жеткізуге қабілеттілігі деп бағалайды. Ол кәсіпкердің сыртқы және ішкі тепе-теңдігі – нарықтың бәсекелес заңына дайын болуы осы мақсаткерлікпен қалыптасатынын айтады. «Белсенділік – күнделікті қарапайым мәселені ертеңге қалдырмай, бүгін шешу, стратегиялық мәселенің бар екенін санада ұстау. Өнімділік – бұл дағды, нәтижені көру. Ал тиімділік – жұмыс сапасына жету. Депутат халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселелерін, ел қажеттілігін сауатты түрде билік өкілдеріне жеткізе білетін тұлға екендігін ескердім. Сондықтан облыс көлеміндегі экономикалық және әлеуметтік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге, облыстық мәслихатқа депутаттыққа үміткер болып түсуге өзіме жауапкершілік алдым», дейді Есей Мухиев. «Мақсаткерлік! Белсенділік! Өнімділік!» қағидасына берік кәсіпкер өзі құрған «Тараз Петрол Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. «Оның 50 пайызы Байзақ ауданының тұрғындары. Біздің нысанның 30 пайызы Байзақ ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде салық төлемі осы ауданға түсуде. Қайырымдылық жасау өз алдына бір бағыт ретінде қарастырылады», дейді ол. Сондай-ақ Есей Қадымұлы облыстық-аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. Nur Otan партиясы «Нұр бастау» бастауыш ұйымының төрағасы.
Есей Мухиевтің сайлауалды бағдарламасында жаппай кәсіпкерлікті ашу және дамытуды санаға сіңіру, ауыл, аудан, облыс тұрғындарына кәсіп ашуды және кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге кәсібін дамытуды кезең-кезеңімен қарастыруды насихаттау жүйені ақпараттандыруды қолға алу. Шағын және орта бизнесті дамыту, шалғай ауылдардан бастап бизнес орталықтарын ашу, «Бизнес бастау», «Жеке кәсіпкер», «Жол картасы-2025», «Еңбек» бағдарламасы арқылы ауданда әр деңгейде кәсіпкерліктің ашылуына себепші болу, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту мақсатында зерттеу агроинституттарымен бірлестікте көлемді нәтижеге жететін оңтайлы жолдарын енгізу, ұзақмерзімді келісімді шарттар жасасудың пайдалы тұстарын тереңдету. Қарқынды даму және инклюзивті экономика міндеттеріне басымдық беруде көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі бала, елімізге оралған отбасыларын қолдауды жүйелі басшылыққа алу және өнеркәсіп саласын ашу мен дамытуда кәсіпорындар ашылуына мұрындық болу мәселелерін көтерген. Сонымен қатар ауылды жерлерде спорттық нысандар салу және тегін қызмет көрсетуге атсалысу, мұғалім мен ата-ананың ортақ мәселесі, ата-ананың біліктілігін арттыру орталығын ашу, мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәсіп ашуына ықпал ету, оны дамытуға тәлімгерлік топ құру, жас буынды нәтижелі еңбекке баулу, ауылға егістік жерді бөлуге қосымша ықпал ету, еңбек орындарында «әлеуметтік лифтінің» тетіктерін құруға атсалысу, асыл тұқымды мал басын көбейту, малшы кәсібіне жағдай туғызу, әлеуметтік төлем, экономикалық тұрақты аймақ құру, ел экономикасын арттыруға үлес қосу – Есей Мухиевтің негізгі бағдарламасы. «Бүгінде облыс және ауыл мәселесін білемін. Тұрғындардың жарқын болашағы үшін білімім мен біліктілігімді жұмсаймын. Сөз бен істің бірлігін әр сәт жадымда ұстауға өзіме толықтай жауапкершілік аламын», дейді Есей Мухиев.
Жамбыл облысы