Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында тіл жанашырларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жолы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен еліміздің түкпір-түкпірінде туған тілге аянбай қызмет етіп жүрген 27 адам марапатталды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында тіл жанашырларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жолы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен еліміздің түкпір-түкпірінде туған тілге аянбай қызмет етіп жүрген 27 адам марапатталды.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі 2007 жылы беріле бастаған болатын. Содан бері үміткерлер әр екі жылда іріктеліп, биыл бұл белгі төртінші рет өз иелерін тауып отыр. Төсбелгінің алғаш рет қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға берілгені есте. Түркиялық профессор Әбдіуақап Қара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Иун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Әбдіқайым Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман сынды ғалымдардың еңбектері ескерілген болатын. Кейінгі шараларда еліміздегі танымал қоғам қайраткерлері, меценаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Тіл жанашыры» атанғаны мәлім.

Осы жолы бұл белгіге облыс әкімдіктері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер 100-ден аса үміткердің тізімін ұсыныпты. Яғни, бұл жолғы марапат иелері негізінен туған тілге қызметін ел ішінде жасап жүрген жандар. Оларды іріктеп алу үшін «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмұт Қасымбеков басшылық жасаған комиссия жұмыс істеген. Оның құрамында профессор Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Президенттің баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омарұлы, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұхамбедия Ахметов сынды қоғамға белгілі тұлғалар бар. Сондай-ақ, «Тіл жанашыры» құрмет белгілерінің өз иелерін табуына Президент Әкімшілігі, «Назарбаев орталығы», Тұңғыш Президент мұражайы және «Алтын қыран» қайырымдылық қоры сынды мекемелер қолдау білдіргенін айта кеткен жөн.
Кешегі шарада Президент баспасөз хатшысының орынбасары, іріктеу комиссиясының мүшесі Бауыржан Омарұлы «Тіл жанашыры» құрмет белгісіне ұсынылған әрбір үміткердің қазақ тілінің өркендеуі үшін еңбек сіңірген және бір-екі жыл көлемінде емес, көп жылдардан бері шаруа атқарып келе жатқан жандар екенін баса айтты. «Облыстардағы тілге қатысты құрылымдар мен қоғамдық ұйымдар үміткерлерді негізінен атқарған еңбегіне қарай ұсынды. Олардың осы уақытқа дейін жасаған еңбектері комиссия мүшелерінің алдына бейнематериал күйінде, мәтін күйінде жеткізілді. Соның ішінен лайықтыларды іріктеп алу мақсатында үміткердің, ең алдымен, табандылығы, тілге кедергі келтірген факторларға қарсы күресі, сол бағытта атқарған еңбектері назарға алынды. Одан басқа, солтүстік аймақтарда тіл мәселесі салыстырмалы түрде қарағанда күрделірек болғаны үшін сол аймақтардың үміткерлеріне көбірек назар аударылды. Бұл жерде атап өтер нәрсе, «Тіл жанашыры» құрмет белгісі қоғамдық бірлестік тағайындаған марапат.
Бүгінгі таңда қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер руханиятқа көп қаржы сала бермейді. Қайтарымы жоқ деп есептейді. Шынында да руханиятқа, әсіресе, тілге бөлінетін қаржылардың көзге көрінбейтіні рас. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық бірлестіктің «Тіл жанашыры» белгісін жоғары дәрежеге көтеріп, қоғамның назарын аударта алуы және оны биліктің де құптауы нәтижелі іс деп есептеймін», – деді ол. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, іріктеу комиссиясының тағы бір мүшесі Серік Негимов Елбасы Н.Назарбаевтың «қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік дәрежесіне көтерілгенде, біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген пікірін алға тарта сөйледі. «Біз «қазақ мемлекеті» деген ұғымға жақындап келеміз. «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің берілуі де соның бір айғағындай. Бұл белгі әр аймақта, әр шаһарда қазақ тіліне жан аямай қызмет еткен, қазақ мектебіне оқушылар тартқан, қазақ мектептерінің жабылу қаупі туындағанда, соны болдырмас үшін еңбек еткен адамдарға, былайша айтқанда ел ішіндегі қайраткерлерге беріліп отыр. Сондай-ақ, белгіні алғандардың ішінде жоғары оқу орындарында шәкірттер тәрбиелеп жатқан ұстаздар да бар. Ұстаздық қызметтің хикметі де ескерілді. Қарап отырсақ, бұл белгіге ірі-ірі істер тындырған, облыстың ономастикасын дұрыстауға, байырғы жер-су атауларын қайтарып беруге еңбек сіңірген адамдар да лайық деп табылды. Сол үшін бұл әділетті түрде шешілген іс деп есептеймін. Белгінің осындай ұялмай көрсетуге тұрарлық адамдарға берілуін құптаймын», – деді профессор. «Тіл» журналының бас редакторы, шараны ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл Қарағойшина биылғы шараның мәні тіпті ерекше екенін, өйткені, «Назарбаев орталығы», Тұңғыш Президенттің мұражайы, Президент Әкімшілігі сынды ордалы мекемелер қолдау көрсеткенін айтты.
Еліміздің түкпір-түкпірінде туған тілге қызмет көрсетіп жатқан адамдар көп болғанымен, олардың еңбегі елене бермеуі мүмкін. Көпшілік оларды білмеуі ықтимал. Сондықтан «Тіл жанашыры» құрмет белгісін тағайындаудағы басты мақсат – үлкен еңбегімен қоғамды өзгертуге талпыныс жасап жүрген сол адамдарды ел ордасына шақырып, марапаттау, соларды көпшілікке үлгі ретінде ұсыну екені түсінікті. Осы адамдардан үлгі алған жастар тілге одан әрі қызмет жасауға талпынады деп сенгіміз келеді.
Тұңғыш Президент мұражайының күмбезді залында өткен салтанатты рәсімде 27 адамның омырауына «Тіл жанашыры» құрмет белгісі тағылды. Бұл жолы негізінен мұғалімдер, ЖОО-лардың оқытушылары, ақын-жазушылар, кәсіпкерлер тіл жанашырлары атанды. Марапаттау рәсімінде сөз алған Президент Кеңсесінің бастығы, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмұт Қасымбеков бұл белгінің ең алдымен иелеріне жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, кез келген тынымсыз еңбектің бағалаусыз қалмайтынын жеткізді. Марапаттау кезінде құрмет белгісіне ие болған адамдардың мемлекеттік тілді өркендетуге сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет беріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Шара соңында «Тіл жанашыры» құрмет белгісіне ие болғандардың бірі, ақын Надежда Лушникова:
Нұрын шашар күн жетті.
Сол нұрдан қанат тағынған,
Тұғырына тіл кетті.
Жаһандану – ұлы көш.
Ынтымақ қылып тұр бетті.
Зор махаббат болмаса,
Өлең шықпас кеудеңнен.
Өнер қонса дей бергін-
Құдық қаздым тебенмен.
Жүгіріп өтер жайдақ су,
Сөз айдалар тепеңмен.
Еш лауазым тең келмес
Ақын дейтін беделмен.
Жыр сыйлаған Ел-жұртым,
Ортам толсын сендермен! – деп өзіне көрсетілген құрметке жырымен ризашылығын білдірді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
---------------------------
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан».