Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде еліміздің Түркия мен Қытай арасындағы сотталғандарды алмасу келісімі және Чехиямен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек шарты талқыға салынды. Сондай-ақ, депутаттар еңбек көші-қоны мәселесіне қатысты заң жобасын қарады.
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде еліміздің Түркия мен Қытай арасындағы сотталғандарды алмасу келісімі және Чехиямен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек шарты талқыға салынды. Сондай-ақ, депутаттар еңбек көші-қоны мәселесіне қатысты заң жобасын қарады.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша баяндаманы Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов жасады. Бұл құжат Түркияда сотталған қазақстандық азаматтардың жазасын өз Отанында өтеуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі күні осы елдің түрмелерінде Қазақстанның екі азаматы 2009 жылдан бастап жазаларын өтеуде. Мысалы, Рустам есімді Қазақстан азаматы 5 жылға сотты болса, Дмитрий есімді қазақстандық 12,5 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Келісім ратификацияланған жағдайда осы екі азамат қайтарылып, олар қалған мерзімдерін өз Отанында өтейтін болады. Сол сияқты, еліміз түрмелерінде жазасын өтеп жатқан үш түркиялық азаматқа жазаларының қалған мерзімдерін өз елінде өтеулеріне жол ашылады.
Келісімге сәйкес сотталғандарды өз еліне қайтару үшін ең алдымен сотталған адам беріліп жатқан елдің азаматы болуымен қатар, оның да келісімі қажет екен. Ең бастысы, жасаған іс-әрекеттері екі елде де қылмыс болып саналуы тиіс. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда сотталғандар берілмеуі де мүмкін. Келісімде оларды беруден бас тартудың үш жағдайы көрініс тапқан. Егер сотталушы сол мемлекеттің егемендігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтірсе, оның әрекеті мемлекет қауіпсіздігіне жасалған қылмыс деп саналса және сол мемлекетке өтелетін қарыздары бойынша жауапқа тартылса өз еліне қайтарылмайды. Әзірге мұндай келісім Түркияны қоса алғанда алты елмен жасалыпты. Ал ТМД елдерімен сотталғандарды қайтару 1998 жылы жасалған арнайы конвенция шеңберінде жүзеге асуда екен. Заң жобасы қабылданды.
Сондай-ақ, Қытаймен арадағы сотталғандарды беру осындай келісім негізінде жүзеге асатыны белгілі болды. Келісімге Елбасының Пекинге жасаған сапары барысында қол қойылған. Бас прокурор орынбасарының мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда Қытай колонияларында 15 қазақстандық азамат жазаларын өтеуде. Олардың 12-сі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, қалған үшеуіне он жылдан беріліпті.
Қасенов деген қазақстандық азамат жолсерік болып жүрген кезінде Қытайға қызыл кітапқа енген тасбақаларды контрабандалық жолмен жеткізіп бергені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. 2002 жылдан бастап Үрімжі қаласында жазасын өтеп жатқан оған барып тұруға туған-туысқандарының жағдайы жоқ көрінеді. Сондықтан, сотталған қазақстандықтың туыстары оны елге қайтару туралы жиі шағымданады екен. Алайда, Қазақстанда сол әрекеті үшін жаза жеңіл болғандықтан, сотталған қазақстандықты Қытай жағы бермеуі де мүмкін көрінеді. Ал еліміздің қылмыстық кодексінде осындай қылмысы үшін ең қатаң жаза 3 жыл көрінеді. Келісім бекіген жағдайда Қытайға ресми сұраныс жасауға құқықтық негіз пайда болады, ал сұраныс міндетті түрде қаралуға тиіс. Тиісінше, Қазақстан түрмелерінде жатқан 20 қытайлықтың жазаларын өз елдерінде өтеулеріне мүмкіндік туады.
Сөз орайында Бас прокурордың орынбасары Аспанасты елімен келісімге келу оңай болмағандығын, келіссөздердің 5 жылға созылғандығын ерекше атады. Келісімге қол жеткізуде қазіргі сенатор, кезінде Қазақстанның Қытайдағы елшісі Икрам Адырбековтің еңбегі де аталмай қалған жоқ. Заң жобасы бірер сұрақ-жауаптан кейін қабылданды.
Қазақстан мен Чехия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң да қабылданды. Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов құрамында 47 мемлекет бар Еуропа Кеңесімен осындай шарт жасасу әлдеқайда тиімді болатынын атап көрсетті. Әзірге ЕК бұған жауап бермеген көрінеді. Әйтсе де ТМД елдерін санамағанда Қазақстан 13 елмен осындай шарт жасасса, соның төртеуі – ЕК мүшелері. Шартқа сәйкес көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған кезде сол елдегі куәлардан жауап алу, құжаттарды беру, қылмыстық жолмен тапқан табыстарын қайтару сияқты мәселелер шешімін табуы тиіс. Заң жобасын депутаттар қабылдады.
Еңбек көші-қоны мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін заң жобасын депутаттар екінші оқылымда қарады. Сенаторлардың ескертпелері мен ұсыныстары бойынша Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, еңбек ету үшін көшіп келушілерге бақылауды күшейтуді қарастыратын өзгеріс енгізілді. Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың 12 айдан аспайтын ең ұзақ қолданылу кезеңін белгілеу ұсынылды. Оларға жаңа рұқсат алдыңғысының қолданылу мерзімі біткеннен кейін кемінде күнтізбелік отыз күн өткеннен кейін берілетіні белгілі болды. Басқа да бірнеше өзгеріс қарастырылған.
Сөйтіп, бұл заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».