Өмірін қатерге тігіп, қалтқысыз қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерін қолдау үшін айлығына қосымша үстемеақы, бұған қоса індет жұқтырып алғандарға өтемақы қарастырылды. Алайда кейінгі кездері осы уәделі төлемдердің уақтылы үлестірілмей жатқаны жиі айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен арпалыс басталған алғашқы айлардан бастап медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше бағалап, олардың айлығына үстемеақы төленетінін айтты. Осынау күрделі кезеңде дәрігерлерге үнемі қолдау көрсетіп отырған Президент жақында халыққа Жолдауында медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 млрд теңге бөлуді тапсырды.
Ал біздің мақаламызға арқау болып отырған мәселе – алғы шепте жүріп індетке бой алдырып алған медицина қызметкерлеріне және вирустың бәлесінен бақилық болып кеткен мамандардың отбасына төленуі тиіс өтемақының жайы. Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің 9 сəуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы əлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы шыққан болатын.
Осы бұйрыққа биыл 22 шілдеде енгізілген өзгерістерге сəйкес, коронавирус инфекциясын немесе вирусты пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге жəне осы дерттен қайтыс болғандардың отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді. Алайда жаманат дертті жамаған жұртқа қызмет ете жүріп өздері де ауру жұқтырып алған дәрігерлердің басым бөлігі әлі күнге дейін бұл өтемақыға қол жеткізбеген. Бұл жағдайды медицина қызметкерлерінің өзі ашық айтпағанмен, талай мінберде мәселе болып көтерілді.
Жақында Парламент Мəжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова медицина қызметкерлеріне аталған өтемақының уақтылы төленбеуіне қатысты сөз қозғап, Үкімет басшысына арнайы депутаттық сауалын жолдады. Ол бес айға созылған нәтижесіз жұмысқа шүйлігіп, жауапты министрліктердегі қызметкерлердің баяулығынан Президенттің тапсырмасы дер кезінде орындалмай жатқанын атап өтті.
«22 қыркүйектегі жағдай бойынша 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күнделікті мониторингіне сәйкес, дәл осы күні Денсаулық сақтау министрлігінен барлығы 2 475 өтінім келіп түскен. Бұл індет жұқтырғандардың – 19 пайызы ғана. Мемлекеттен төлемді тек 1 830 адам алған, яғни науқастардың жалпы санының 14,3 пайызы. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына тиесілі төлемдер толықтай берілмеген. Мәселен, 197 медицина қызметкері қайтыс болған, Денсаулық сақтау министрлігінен төлемге тек 38 өтінім келіп түскен. Бұл – барлық зардап шеккен қызметкерлердің тек 19,2 пайызы. Солардың ішінде 25 қызметкердің отбасына, яғни 12,7 пайызына ғана өтемақы берілген», деді З.Аманжолова.
Депутат бұл мәселелердің Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің әрекет ету және өзара іс-қимыл алгоритмдерін уақтылы пысықтамауынан туындады деп санайды. Сондықтан З.Аманжолова Үкімет басшысына істі жеке бақылауына алып, вирус жұқтырған және індеттен қайтыс болғандардың отбасына әлеуметтік төлемдерді жүйелі үлестіруді қамтамасыз ету керек екенін айтты.
Бұл мәселеге Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де назар аударып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен Мәжілісте арнайы қаралатынын мәлімдеді.
«Медицина қызметкерлері өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Қауіптің алдыңғы шебінде тұрды. Кейбіреуінің денсаулығы нашарлап, кейбір дәрігерлер қайтыс болды. Осы бағытта дәрігерлерді қолдау шаралары тиісті деңгейде орындалмаған. Министрді шақыртып, Nur Otan фракциясы осы мәселелерді қарастыратын болады», деді Мәжіліс Спикері.
Індет өршіп тұрған шақта басын қатерге тігіп, нағыз «майдан даласында» қызмет етіп жүрген мамандарға уәде етілген өтемақы төлеуді созбалаңға салып жүріп алғандарға қатысты белгілі пульмонолог, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжин де қынжылысын білдірді. Ол ҰҒМО екі ай бойы инфекциялық клиника ретінде жұмыс істегенін, тәулік бойы науқастар түскенін, ал Денсаулық сақтау министрлігінен қосымша жұмыс үшін ақы түспегенін айтты.
«Біздің тәжірибемізді ескере отырып, бізге жағдайы ең ауыр науқастар әкелінді. Біздің дәрігерлер, медбикелер тәулік бойы жұмыс істеді, өйткені науқастарды емдеу керек. Біз еңбекақыны ойлаған жоқпыз. Ал барлық шығын орталық есебінен жабылды. Өңірлердегі әріптестерімді түсінемін, оларға бұл ауыртпалық бірнеше есе қиынға соқты», деді А.Байгенжин.
Алдына дертті болып келген жұртқа қамқор, қызметіне адал медицина қызметкерлерінің бұл мәселеге қатысты өз айтары бар екені анық. Алайда олар осындай қысылтаяң кезде қызметін бұлдап, дау қуалаудың орнына дерттің дауасын іздеуді мақұл көреді. Оның үстіне «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дегендей, қысылтаяң кезеңде нанын жеп жүрген жұмысынан да айырылып қалғысы келмейді. Біз Қарағандыдағы аурухананың бір дәрігерін әңгімеге тартып көрген едік. Атын атамауды өтінген ол біраз мәліметті алға тартты.
«Өзім білетін айналамдағы індет жұқтырып алған медицина қызметкерлерінің ешқайсысы өтемақы алмады, алдым дегендерді естіген де жоқпын. Әріптестерімнің ішінде провизорлық стационарларда жұмыс істегендер баршылық. Білуімше, оларға өтемақы бірінші кезекте төленеді. Бірақ олар да алған жоқ. Бір жағынан бұл өтемақыны алуға өтінім берудің өзі әжептәуір әуре-сарсаңға салады. Өзім де вирус жұқтырдым. Екі апта оқшауланып, тәуір болған соң, тест тапсырып қайтадан жұмысқа кірісіп кеттім», дейді ол.
Расында, өтемақы алу оңайға түспейтін сияқты. Қоғам белсенділері бұл мәселені көтергенде бюрократиялық кедергілерден барынша арылу керек екенін алға тартады. Негізінен өңірлердің жəне республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялардың тексеруі нəтижесінде біржолғы төлем берілетін медицина қызметкерлері анықталады. Өтінімдерді Денсаулық сақтау министрлігі жинайды. Одан соң өтінім электронды іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі, кейін төлем тағайындау үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жіберіледі.
Осыдан біршама уақыт бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов «Antikor.Live» бағдарламасында коронавируспен ауырған медицина қызметкерлерінің бәрі бірдей неге өтемақы алмай жатқанын түсіндірген еді. Оның айтуынша, өтемақы алу туралы өтініштер өте көп түседі. Басты мәселе – денсаулық сақтау басқармасы деңгейіндегі комиссия электронды жүйеге өтініш берген кезде банктік деректемелерді қате көрсетеді. Еңбек министрлігінің жүйесі деректеменің дұрыс-бұрыстығын, банктік есепшотты тексеріп, бір сан жетпей тұрса немесе деректеме дұрыс болмаған жағдайда өтінішті кері қайтарады.
«Бұл өтемақының уақтылы берілмеуінің тағы бір себебі – диагноздың қате қойылуы. Мысалы, маман өзінің COVID-19-бен ауырғанын көрсетсе, ал Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінде оның коронавируспен ауырмағаны көрсетіледі. Тексеру кезінде анықталып, өтініш қайта қарау үшін қайтарылады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып бұл жұмысты бастаған алғашқы күндері көптеген мәселе туындады. Олар мұны қалай тексеру керегін білмей, тренингтер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс әлдеқайда сапалы жасалуда, өтініш берушілер саны да артып келеді. Бұл жағдайды күнделікті бақылап отырмыз», дейді Е.Оспанов.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов өткен аптаның соңында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70 пайызы өтемақы алғанын мәлімдеді.
«Келесі аптада Денсаулық сақтау министрі осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаттарымен кездеседі. Осы уақытқа дейін 12 800 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның тек бір бөлігін комиссия алғы шепте кәсіби міндетін атқарып жүріп, коронавирус жұқтырып алды деп таныған болатын. Бұл ретте арнайы талаптар барын ескеру керек. Бүгінге дейін коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70, тіпті 71 пайызы өтемақы алып үлгерді», деді Б.Қожахметов.
Соңғы дерек бойынша індетпен күреске тартылып, коронавирус инфекциясын немесе вирусты пневмонияны жұқтырған 2 955 медицина қызметкері МӘСҚ-дан біржолғы әлеуметтік төлем алды. Сондай-ақ індеттің салдарынан қайтыс болған 29 медицина қызметкерінің туыстарына өтемақы аударылды. Өңірлер бойынша COVID-19 немесе вирусты пневмонияны жұқтырған дәрігерлерге төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (638) және Алматы (373), Шымкент (140) қалаларында, Қарағанды (368), Батыс Қазақстан (250), Атырау (180) және Ақмола (180) облыстарында жүргізілді.
Бүгінгі таңда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері мен мамандарға үстемеақы төлеуді жалғастырып жатыр. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге үстемеақы төленді. Соның ішінде тамыз айының қорытындысы бойынша қор 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемеақы төлем жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес медицина қызметкерлерінің тізімі кеңейтілді. Оған мобильді бригадалардың жұмысына жұмылдырылған дәрігерлер мен медбикелер, БМСК жанындағы жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ әскери-медициналық, орталық атқарушы органдардың сот-медициналық бөлімшелерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері кірді.