Руханият • 30 Қыркүйек, 2020

Білім бұлағын бітемес болар

2186 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Адамзаттың саналы тіршілігіндегі ең үлкен жетістігі – кітап шығару өнерін игеруі десек, титтей де артық айтқандық емес. Өйткені өркениетті қоғам білімді, зерделі ұрпақ танымына тікелей тәуелді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауында айрықша мән беріп, ХХІ ғасырдағы қазақтың болмысы деген мәселені көтерген болатын. Сонда санамалап көрсетілген негізгі 7 мәселенің бірінші және басты тармағы ретінде қазақ жастары білімді болуы керек деген тұжырым алға шықты.

Білім бұлағын бітемес болар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

 

Кітапхананы құрту – қиянат

Демек, өркениетті қоғамның бас­ты тірегі – білімде. Ал білімнің кіл­ті – кітапта. Мұның сырын ерте ұғын­ған ел билеушілер мен патшалар, оқы­мыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған мемлекетінде ең әуелі кітап оқу мә­дениеті мен кітапхана ісін гүлден­діруге баса назар аударғанын көруге болады. Оның жарқын үлгісі – атауы бүгінге аңыз болып жеткен әлем кере­меттерінің бірі – Мысырдағы Алек­сандрия кітапханасы болса, екіншісі – түркі халықтарына ортақ құндылық – көне Отырар кітапханасы. Одан бөлек те талай дәуірдің кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан кітапханалар санында шек жоқ. Замана алға жылжып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, титтей де кеміген емес. Өйткені, ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро айтпақшы, адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады.

Ал бүгінде билік мінберінде кітап­ханалар қызметін қысқар­тып, орнын онлайн оқумен алмастыру жайы хақында мәселе қозғалып жатса, бұл – жаһандану жалына жармасқан өрке­ниетті қоғамның дамуға емес, керісінше кері кетуге бағытталған қадамы болса керек, өкінішке қарай.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты­ның депутаты Мирас Шекеновтің «бас шаһар әкімдігіне қарасты қалалық ор­та­лық­тандырылған кітапханалар жүйе­сін қысқарту керек, жабу қажет» деген мәлімдемесі шын мәнінде күміл­жі­тіп-ақ тастады. Депутаттың не­гізгі дә­йегі мынадай: «Қалай десек те, бүгін­де кітапханалар анахронизм­ге айналып барады. Бюджеттен жалақыға, ғима­рат­тарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интернетте тұр».

 

Кітапхана тек кітап оқитын орын емес...

Рас, кітапхана қорын электронды нұсқада жинақтап-жүйелеу, сақтау – за­ман талабы. Оның үстіне, онлайн кітапханалардың рөлі пандемия кезінде тіпті арта түскені және шын. Бірақ қан­ша жерден электронды кітапханалар қызметі жүйелі жасақталғанымен, дәс­түрлі кітапханалар жұмысын, ондағы сиқырлы атмосфераны алмастыра алмайтыны хақ. Өйткені кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кездесулер, тұ­саукесерлер өтетін, тарихтың көне көм­белерімен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Компьютер мен телефон экранына шұқшиып оқу оқығанға қарағанда, кітапты қолыңа алып, мұқабасын бір сипап қойып асықпай парақтап отырып оқудың жөні бәрібір бөлек.

– Кезінде «кітап – білім бұлағы» де­дік. Кітапсыз күн көре алмадық, өмір сүре алғанымыз және жоқ. Әлі де солай болады деп ойлаймын. Бұл жай ғана үстірт айтылған жаңсақ пікір, уақытша дүние болар. Әйтпесе, кітаптың қай заманда да құндылығы әсте жойылмақ емес. Телефонға телміріп оқыған кітап­тың, газеттің қандай ләззаты бар? Қағаз кітапты қолыңа алып, иісін, мұқабасын, парақтарын сезініп оқудың жөні бәрібір бөлек емес пе?! Менің ұғымымда кітап – ол сенің ең жақының, сырласың, қа­жет болса – мұңдасың. Кітап шеріңді тар­қатады, ойыңды кеңейтеді. Оқу ар­қылы сол кітаптың авторымен тікелей сырласқандай боласың. Жазу және сол жазу арқылы пайда болған кітап – бұл адам баласының ерте замандағы ойлап тапқан үлкен жетістіктерінің бірі. Ол қай заманда да солай болып қалады. Бүгінде кітапқа қатысты түрлі пікірлер айтылады. Оның барлығы өткінші нәр­се. Заман орнында тұр­са, адамзат қалпында қалса, кітап – адам­заттың мәңгілік серігі болып қала бермек. Өйткені қай заманда да кітаптың құн­дылығы жойылмақ емес. Кітап сақ­та­лады, заманды заманға, дәуірді дәуір­ге жалғайды», деп айтулы мәселеге қа­тысты пікірін білдірген белгілі ға­лым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдас­бе­ковтің жеке кітапхана қорында 11 мың­ға жуық түрлі жанрдағы кітап бар. Оның бір бөлігін ұрпақ оқысын, тә­лім алсын деп елордадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапхана қорына өткізіпті. Бүгінде ұлттық кітапхананың Мыр­затай Жолдасбеков атындағы залынан ізденуші ғалымдар, жалпы оқырман түркі әдебиетіне қатысты сирек кездесе­тін кітаптар мен қолжазбаларды, жыр-дастандарды тауып, дәуір тынысымен еркін таныса алады. Ал мұның барлығы – кітапхананың игілігі, келешек ұрпақтың олжасы.

Олай дейтініміз, кітаптың барлығын электронды кітапхана тізбегіне қосу оқырманның бәріне бірдей сирек қол­жазбалар қоры мен көне кітаптарға ер­­кін қол жеткізуге мүмкіндік бере бер­­мей­д­і. Тек кітапхананың қорынан ғана таба алатын архивтік құжаттарды, мә­дени мұра, рухани жәдігерлердің бар­лығын электронды жүйеден таба қою мүм­кін емес. Оның үстіне, кітаптардың авторлық құқығы деген даулы мәселе тағы бар. Көп автор өзінің сирек еңбек­терін, зерттеуін электронды ашық плат­формаларға жүктей бермеуі де мүмкін. Есесіне, кітапхана қорына еркін өткізеді. Жоғарыда пікір білдіріп өткен дәл Мыр­затай Жолдасбеков ағамыздай. Себебі кітапханада жинақталған қор – тасқа ба­сылған тарих, келешекке са­лынған инвестиция.

1

 

Елорда бүйтсе, елдегілер қайтеді?

Ал бюджеттен жалақыға, ғимарат­тарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсап жатырмыз деген депутат уәжі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көтерілген «квази­мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту керек» деген тапсырмасын жаңсақ тү­сі­нуден туындап отырған үстірт ұсыныс болса керек. «Шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктер осыны желеу етіп, кітапханаларды қысқартуға алып келсе, бұл ұрпақ, келешек алдындағы ке­шірілмес һәм орны толмас зор қиянат болары хақ. Өйткені кітапхана – ұлт ертеңі үшін салынған инвестиция. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқартып, бюджеттің ақшасын үнемдеу мәселесі дәл осы кі­тапхана қызметімен орындалып кетуіне жол берілмеуі керек. Бұған дейін де кі­тапханаларды жапқызып тастаған ша­ла ойлы шенеуніктердің әбес әрекеті зама­нының үлкен қателігі болып тарих парақтарына жазылып қалды. Оған тарих куә, ал зардабын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Содан сабақ алсақ, қанеки?!

– Егер елордамыз Нұр-Сұлтан қала­сында орталықтандырылған кітапха­налар жүйесі жабылып жатса, онда аста­­наға қарап бой түзейтін, үлгі алатын облыстар, ауылдар, шалғайдағы ел­ді ме­кендер не істемейді? Осы жағын ойла­нуымыз керек. Өркениетті елдерде – Еуропада, Азияда, қала берді мы­на көршілес Ресей, Өзбекстан мен Қыр­ғыз­стан кереметтей кітапханаларын сақ­тап отыр. Олардың парасат үйлеріне де­ген құрметі айрықша. Біз жас ғалым ре­тінде жыл сайын Ресейге, Өзбекстанға ба­рамыз. Олардың кітапханасы, ар­хи­ві мемлекетіне, экономикасына, бюд­же­тіне табыс түсіріп отыр. Өйткені не­шеме жылдан бері келе жатқан ескі кі­тап­тар, қолжазбалар сақталып тұр. Мі­не, кітапхананың рөлі осындай бо­луы керек. Кітапхана мемлекетке қыз­мет етеді. Егер кітапхананы тұншық­ты­ру, кітапханашылардың санын қыс­қарту арқылы бюджеттің қаржысын есеп­тейміз десек, онда біз надан ұрпақты тәрбиелейміз, – деп ашына үн қатты жас ғалым, әдебиетші Елдос Тоқтарбай.

 

Электронды жүйе суға түскен із сияқты...

Статистикалық мәліметке жүгінсек, елордада жалпы саны 18 кітапхана бар екен. Онда 130-дан астам кітапханашы жұмыс істейді. Ал кітапханашылардың орташа айлық табысы – 59 462 теңге. Осындай мардымсыз жалақыға ұлттың кемелденуі үшін есепсіз тер төгіп, өт­кеннің өнегесін бүгінге жеткізіп жүр­ген кітапханашылар қызметі шын мә­нінде құрметке лайық. Астанадағы Ұлт­тық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызының бұл орайдағы пікірі мынадай:

– Кітапхананың маңыздылығы ешқа­шан жойылмайды. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің ешбірінде кі­тапха­налар дамып, көркеймесе, кө­бей­­месе, ­жабылып жатқаны жоқ. Өйт­кені кітапхана сирек қолжазбаларды, тарихтың тағылымды, маңызды, тіпті елеусіз сәттерінің барлығын тасқа жа­зып, тарих қойнауына тапсырып, ке­лешек ұрпаққа табыстап отыратын бірден-бір рухани орда. Мұнда ға­лам­тордан таба алмайтын, авторлық құ­қығы қорғалған сирек кездесетін кі­таптардың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақ­талып тұрады. Ал осының барлығын сіз интернеттен таба алар ма едіңіз? Жоқ! Өйткені электронды жүйе суға түс­­кен із сияқты. Бүгін бар дүниенің бір­неше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады. Осыдан бірер жыл бұрын арнайы акциямен балаларға Президентке арнап хат жазғыздым. Сауатты жазылған бірнешеуін Мемлекет басшысына жолдау да ойымызда болды. Бірақ өкінішке қарай, біз тапсырма берген баланың бірде біреуі хатты қатесіз жазып бере алмады. Үшіншіден, электронды кітап оқу денсаулыққа да зиян. Өзіңіз қараңыз­шы, қазір телефон мен планшеттен көз алмайтын балалардың арасында көзәй­нек тақпайтыны сирек. Осының барлы­ғы кітапты дұрыс оқымаудың, күнұзақ экран алдында тапжылмай отырудың салдары.

 

Кітап оқытатын ұлттық бағдарлама қажет

Ал енді кітапханаларды мемлекет қаражатын үнемдеу мақсатында қыс­қарту яки жабу мәселесіне келсек, кі­тапханаларды жауып ұлт ұтылмаса, әсте олжаға кенелмейді. Өйткені жас­тарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу арқылы болашақта білімді, зиялы, зер­делі ұрпақ даярлай аламыз. Бұл деген келешекке салынған қайтарымы есепсіз инвес­тиция. Қазіргі жаһандану заманы кітапханаларды жауып, кітап оқудан шеттететін емес, керісінше, онсыз да кі­тап оқуға құлықсыз ұрпақты кітап оқу мә­де­ниетіне баулитын, қызы­ғушылығын оятатын уақыт. Сол үшін түрлі жолда­рын тауып, жас ұрпақты барынша білімді етіп шығаруға күш салу қажет.

– Жалпы, кітап оқу – адамзат баласы­ның бір бақыты. Оқыған адамда кісілік келбет қалыптасады. Адам­зат баласының осы күнге дейінгі жеткен тарихында Сократ та, Платон да, Аристотель де, Әл-Фараби де, Абай да, Алаш арыстарының барлығы да сол кітаптың пайдасы турасында талай толғамды дүниелерді айтып кеткен. Өкінішке қарай, бүгінде біз рухани жұтаңданған заманның куәсі болып отырмыз. Жастардың көбі кітап оқымайтын жағдайға жақындады. Кі­тапханаға бас сұғатындар саны азайды. Сондықтан да осындай жаңсақ пі­кір­лер айтып жатқан болар. Осындай қауіп­­тің алдын алу үшін де Премьер-Ми­нистр Асқар Маминнің атына арнайы депу­тат­тық сауал тастадым. Сонда кітап оқу­ға байланысты ұлттық бағдарлама қа­былдау керек деген ұсыныс айтылды. Яғни біз қандай жолмен болса да жастарымызды кітап оқу мәдениетіне баулуымыз керек. Тіпті арнайы байқау, акциялар ұйымдастырып, ең көп кітап оқыған жасқа ұшақпен ұшу билетіне немесе мұражай, тарихи жерлерді аралау деген сынды рухани байытатын орын­дарға мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер қарастыру, болмаса басқа да түрлі қызықты ұсыныстар арқылы жас оқырмандардың жүрегіне білімге, кітап оқуға деген ұшқын жаға білуіміз керек. Сол арқылы зиялы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз. Ал зерделі ұрпақ – ертеңгі кемел келешегіміздің кепілі. Мәселен, мен шетелдерде көп жүремін. Сонда әлемнің дамыған қай мемлекетіне бармайын, кітапханалары құжынаған халыққа то­лы. Кітапханалары заман ағымына сай титтей де ысырылып қалмаған, кері­сінше маңызы да, бағасы да жоғары. Қо­рында қаншама мыңжылдыққа куә көне кітаптар сақталған. Осының бар­лығы тарихтың тағылымы, ертеңгі күн­нің шырағы ғой. Біздің де осыны ес­тен шығармағанымыз ләзім. Себебі ұла­ғат­ты, білімді ұрпақ – мәңгілік елдің мыз­ғы­мас берік іргесі, –  деді Парламент Сена­­тының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп.

 

Түйін

Қисынды сөз. Өйткені кітапхана жұ­мысының өз жүйесі, тағылымы бар. Мұн­да тарих тасқа басып қатталады. Бүгінді болашаққа жалғайды. Сол себепті де әлемнің озық елдері кітап оқуды интел­лектуалдық байлық деп есептейді. Қала­лық мәслихат депутатының айтқанын қолдап, елдегі кітапханаларды жабу, яки қызметкерлерін қысқарту – ұлт тамырына балта шабумен пара-пар қиянат. Өйткені ұлы Әбіш Кекілбаев айтпақшы, адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Адамдық қалпымызды жоғалтып алмайық ендеше!