Үкімет • 01 Қазан, 2020

Коронавирустан сақтану шаралары күшейтіледі

397 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 30 қыркүйектегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырған 107 908 науқас тіркелгенін, 1 731 адам қайтыс болғанын айтты. Соңғы тәулікте COVID-19-дың оң нәтижесі 75 адамда анықталды.

Коронавирустан сақтану шаралары күшейтіледі

Дәрі-дәрмек өндірісі дамып келеді

Оқу жылының басынан бері оқушы­лардың арасында вирус жұқтырған 104 жағдай, оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 33 оқиға  тіркелді. Қашықтан оқитын балалардың арасында 71 жағдай анықталды.

– Оқу 100 % офлайн режімде бол­ған­да ауырғандармен байланысқа түскендердің саны кем дегенде 1500 адамға өсіп, оқушылар, мектеп персона­лы және отбасы мүшелері арасында сырқаттың көп таралуына әкеп соқ­тыруы мүмкін еді, – деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрлігі эпи­де­мииялық ахуалды матрицаға сәйкес және 30 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалауды жалғастыруда, «қызыл» және «сары» аймақтарда қалған өңірлер жоқ, республика бойынша жағдай тұрақты, барлық өңірлер «жасыл» аймақта. 

Министрдің айтуынша, әлемде КВИ-мен сырқаттанғандар және соның салдарынан құрбан болғандар көбейіп барады. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде вирус жұқтырғандар көп. Өткен аптада науқастар санының өсуі Италияда, Гер­манияда, Беларусьте байқалды. Ресейде 0,6-дан 0,7%-ға дейін (соңғы тәулікте – 8238 жағдай), Түркияда 0,6-ға дейін (соңғы тәулікте – 1 427 жағдай) өсті.

– Көптеген елде карантин шаралары қайта енгізіледі, карантиннің коронавирус инфекциясымен күресуде және профилактикада тиімді екені тағы да айқын көрініп отыр, – деді А.Цой. 

Ведомство басшысы атап өткендей, Қазақстандағы эпидемиялық жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, халықтың сақтану деңгейі әлсіреп бара жатыр. Маска кию және әлеуметтік қашықтық әрдайым сақталмайды, бұл сырқаттың таралуына және тиісінше Қазақстанда да карантин режімін қатаңдатудың қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

– Рейдтердің нәтижесі карантин ре­жімін әлсірету сәтінен бастап каран­тинді бұзу 30,4%-дан 40,7%-ға дейін ұлғайғанын көрсетті. 10 өңірде  каран­тинді бұзу фактілері көбейгені байқа­лады. Сондай-ақ азаматтардың маска ре­жімін бұзуы да азаймай отыр. 5-27 қыр­күйек аралығында әкімшілік жауап­кершілікке 1131 адам тартылды, – деді А.Цой. 

Министр шетелдердегі жағдайдың нашарлағанын ескере отырып, инфек­цияның басқа елден келуі мен таралуы­ның алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап басқа мемлекеттермен арада әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұруды, әуе қатынасы жанданған елдермен арадағы рейстер санын көбейтпеуді, Түркияға ұшу санын азайтуды ұсынды.

Екінші санаттағы елдерден келетін адамдарға термометрия жасалып, сауалнама алынып, мерзімі 3 тәуліктен аспаған COVID-19-дан тексеру туралы анықтама талап етілуі керек. Анықтамасы болмаған жағдайда келушілер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады. Осындай талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен арадағы автобекеттерден мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға қолдану ұсынылды.

Министрдің айтуынша, ин­фек­цияның таралуын болдырмау және ау­рудың ықтимал өсуіне дайындалу үшін бірқатар шара қабылданады. COVID-19 бойынша 14 млрд теңгеге екі айлық дәрілік заттар қоры құрылды (азаймайтын қор), қазірдің өзінде 100%-ы өңірлерге жөнелтілді.

Сондай-ақ халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды, вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды, шамамен 1 млн адам немесе тиісті халықтың 44%-ы егілді.

– Елдің COVID-19-ға қарсы вак­ци­наға сұранысын қамтамасыз ету үшін біз вакцина салынатын топтарды айқын­дадық. Бұл созылмалы аурулары бар, 60 жастан асқан адамдар, медици­на қызметкерлері мен педагогтер. Рес­пуб­лика бойынша тиісті адамдардың ал­дын ала саны 2,8 млн адамды немесе бү­кіл халықтың 15%-ын құрайды, – деді А.Цой.

Биылғы қазан айының соңына де­йін 11 облыс орталығы мен Алматы қала­­сында 3 100 төсек-орындық 13 модуль­­ді инфекциялық аурухананы салуды аяқтау, сондай-ақ екі нысанды жөндеу жос­парлануда. Жеке қорғаныш құралда­рының, медициналық техника мен жаб­дық­тардың елімізде шығарылуы туралы баян­даған Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов отандық кәсіпорындар тәулік са­йын 900 мың маска, 330 мың жұп меди­циналық қолғап, 504 мың қорғаныш костюмін шығаратынын айтты. Қой­маларда олардың қажетті қоры бар.

– Нұр-Сұлтан қаласының меди­ци­на­лық мекемелеріне 129 өкпені жасанды тыныстандыру (ӨЖТ) аппараты жеткізілді. Өндірісте және стендтік сы­­нақ­тарда 1 190 ӨЖТ аппараты бар, олар­дың 181-і жөнелтуге дайын, – деді ол.

Зауыттардан 360 жедел жәрдем ма­ши­насы шығарылды, оның 93-і өңір­лерге жеткізілді. Бүгіннен бастап қалған 264 көлікті жеткізу басталады. Жалпы, осы бағдарлама аясында 5 қарашаға дейін
1 167 санитарлық көлік жеткізіледі. Мұ­ның сыртында 12 жылжымалы меди­ци­налық кешен дайындалды, оны бүгіннен бастап өңірлерге жеткізу басталады.

Фармацевтика саласындағы отандық 33 компания жылына 3,9 млрд дана таб­летка мен капсула көлемінде 922 дәрі­лік препарат шығарады. Министр панде­мияның екінші толқыны келсе, фарма­цевтика саласының кәсіпорындары дәрі­лік заттардың қажетті көлемімен қам­тамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.

Мәселені қорытындылаған Үкімет бас­шысы еліміздегі санитарлық-эпи­демиялық ахуал тұрақты екенін атап өтті. Инфекцияның репродуктивтілік көр­сет­кіші 0,93-ке тең, бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Сонымен қатар әлемдегі және бірқа­тар шекаралас елдегі індеттің тұрақ­сыздығын ескере отырып, санитарлық талаптарды сақтау шараларын күшейту қажет. Премьер-Министр мүдделі мем­лекеттік органдар мен өңірлердің әкім­діктеріне тиісті іс-шараларды 100% орындауды, Денсаулық сақтау министр­лігіне 15 қазанға дейін қажетті техни­каны, жабдықтар мен қорғаныш құрал­дарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды. Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, санитарлық талап­тардың сақталуын бақылау жөнін­дегі мониторингтік топтардың жұмы­сын күшейтуді, санитарлық режім бұзылуына жол бермеуді тапсырды. Қазақстан аумағына шетелден келе­тін адамдарға қатысты санитарлық-каран­тиндік бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады.

– Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» және әкімдіктермен бірлесіп, медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағасына бақылау жүргізу қажет, – деді А.Мамин.

 

Қысқа әзірлік қандай?

Үкіметтің селекторлық отырысын­да өңірлердің күзгі-қысқы кезеңге дайын­дығы талқыланды.  Жылыту маусымы­на дайындық бойынша атқарылып жат­қан жұмыс туралы Энергетика министрі Н.Ноғаев, Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Б.Атам­құлов, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ғ.Исқалиев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр баяндады. 

Өңірлерде 10 662 автономды қа­зандық немесе барлық қазандықтардың 98,6%-ы, 46561 тұрғын үй (97%) қысқы маусымға дайын. 5 мың 24 км жылу же­лісі (99,1%), 14 089 км сумен жаб­дықтау же­лілері (99,1%) жөнделді. Жылыту маусы­мына 11 158 (99,6%) білім беру, 5 963 (99,2%) денсаулық сақтау нысаны дайын. Көмір өндіруші компаниялар 69 млн тонна көмір өндірді. Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрайды. Ең жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 4,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,95 млрд теңге, Шымкент қаласында – 2,5 млрд теңге және Маңғыстау облысында 1,4 млрд теңге.

– Күн райының қолайсыздығына байланысты жылыту маусымы көптеген аймақта ертерек басталып кетті. Жалпы, өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия объектілерін жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді, – деді А.Мамин.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстан облыста­ры­ның және Алматы қаласының әкім­дік­тері әлеуметтік сала объектілері мен тұр­ғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Ақ­мола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жос­парлы көрсеткіштерді аяқтады. Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйлерді дайындау кестесінен артта қалу фактілері бар. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар облыстарын­да және Нұр-Сұлтан қаласында ком­му­налдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз.

Үкімет басшысы әкімдерге белгі­ленген мерзімдерде барлық жоспар­лан­ған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтауды, сон­дай-ақ энергия өндіретін, энергия жет­кізетін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

– Бізде өндірілетін көмірдің көлемі жеткілікті, сондықтан көмірге қатысты қиындық туындамауы керек, – деді А.Мамин.

Премьер-Министр өңірлердің әкім­деріне екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу кестесін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

– Өңірлерде кәсіпорындардың жет­кізілген газ бен көмір үшін және тұты­ну­шылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін өтеу жө­нін­дегі жұмыстар күшейтілсін, – деді Пре­мьер-Министр.

А.Мамин Энергетика министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдіктерінің барлық объектілерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылауға алып, мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Кең жолақты интернет тартылады

Үкіметтің селекторлық отырысын­да тұрғындарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.  Ат­қарылып жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Му­син, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төр­ағ­асы Қ.Есекеев, «Транстелеком» АҚ бас­қарма төрағасы Е.Адайбеков, сондай-ақ «Beeline Казахстан» компаниясының бас атқарушы директоры Е.Настрадин баяндады.

Отырыста айтылғандай, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елімізде ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс же­лілерін тарту және интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету бойын­ша жобалар іске асырылуда. Қазір 6 459 ауылдық елді мекеннің 4 751-і кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіл­ді (ауыл халқының 97,8%-ы). Осы жыл­дың қорытындысы бойынша 5,2 мың­нан аса ауылда, яғни еліміздегі ауыл халқының 99%-ында кең жолақты интернет қолжетімді болады.  

– Кең жолақты интернетпен қам­ту мәселесі еліміздің дамуы үшін стра­тегиялық маңызға ие. Ауылдарды интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге кең жолақты интернетпен қамту жобала­ры бойынша жабдықтар орнату үшін учаскелер бөлу рәсімдерін жедел жүргізуді, Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халық саны 250 адамнан аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзек­ті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар.

– Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелерді шешуі керек, –  деді А. Мамин.

 Цифрлық даму министрлігіне Білім министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, нарықтың әлеуетті қажеттілігін ескере отырып, IT-мамандарды даярлау мәселелерін пысықтау тапсырылды.