Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева шаһар халқын санитарлық талаптарын сақтауға шақырып, карантин тәртібін бұзушыларға ескерту жасады.
«Кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин режімін елемей, бірнеше рет тәртіп бұзғандар бар. Мысалы, Есіл ауданы Тұран даңғылы №2 мекенжайында орналасқан жазғы кафесі бар. «Auraclub Alanya» түнгі клубы шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, белгіленген жұмыс уақытын, маска тағу тәртібін, әлеуметтік қашықтық сақтамағаны үшін және түнгі клуб пен караоке бөлмелеріне тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жүргізгені үшін ескерту алды», дейді Ж.Пірәлиева.
Мамандар эпидемиялық ахуал жаздағымен салыстырғанда тұрақталғанымен, вирус қаупі әлі жоғары екенін, егер тұрғындар санитарлық ережелеріне немқұрайлы қарай берсе, жағдай ушығуы мүмкін екенін алға тартты. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында күн сайын үштен жиырмаға дейін КВИ ауруын жұқтыру фактісі тіркеліп жатыр.
«Әлемдегі эпидемиялық ахуалдың қалай болып жатқанын, бірнеше мемлекетте індет қайтадан күш алғанын қаперде ұстаған жөн. Біз қала тұрғындарын маска киюге, әлеуметтік қашықты сақтауға және адамдар көп жиналуы ықтимал орындарға баруды шектеуге байланысты қарапайым талаптарды орындауға үнемі шақырамыз, бірақ бұл талаптар көп жағдайда елене бермейді. Егер елордалықтар белгіленген талаптар мен ұсыныстарға үстірт қарауды жалғастыра беретін болса, сондай-ақ науқас адаммен жақын байланыста болғаны туралы ақпаратты жасырса, бұл халық арасында ауру жұқтырудың қайта өршуіне әкеліп соғуы мүмкін. Ондайда біз белгілі бір қызмет түрлерін тоқтата отырып, қатаң карантиндік шараларды қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Сонымен қатар алдағы эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы екпе жасау, иммунитетті нығайту, жылы киіну, сырқаттанған жағдайда өз бетінше емделмей, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек», деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.
Бүгінге дейін елордада тіркелген барлық КВИ жұқтырғандардың 4,2%-ы, яғни 594-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 15-тен 17 жасқа дейінгі 75 жасөспірім індет жұқтырды.