Қоғам • 02 Қазан, 2020

Кеміргіштер қауіп туғызуда

687 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің шалғай өңірлерінің бірі Ырғыз ауданы еңбеккерлерінің негізгі айналысатын кәсібі – мал шаруашылығы. Мұнда төрт түлік мал оны семіртіп бордақылайтын арнайы кешендерде емес, негізінен жайылымда бағылады.

Кеміргіштер қауіп туғызуда

Шеті мен шегі ат тұяғын талдыратын ауданның шұрайлы жайылымы мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Жері от, өсімдіктің сан түрі өсетін ал­қаптарда тұяқты жан­уа­р шөпті талғап жейді. Дегенмен малды жайылымда бағу мүлде күтімсіз, бақылаусыз қалдыру деген ұғымды білдірмесе керек. Жер­гілікті атқарушы органдар жыл сайын жеке тұрғындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіндегі малды тиісті тексеруден өткізіп, диагностикалық зерттеулер жүргізіп келеді.Сонымен бірге қажетті ветеринарлық алдын алу шаралары да дер ке­зінде атқарылады. Соған қара­мастан соңғы жылдары жайылым­дағы жануарлар арасында кемір­гіш­терден жұғатын ауру бел­гілері байқалып жүр. «Мұның бас­ты сыры мал азығының түрлі кемір­гіштерден улануында» дейді ветеринар мамандар.

Әсіресе мұндай көрініс аудан­­­ның Аманкөл, Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтеріне қарасты елді ме­кен­дердердің аума­ғында жиі ұшырасады. Ауыл азаматтары далада кеміргіштер көбейіп кете ме деген қауіпте. Жергілікті жұрттың айтуынша, аталған аумақтарда ертеректе оба және басқа да жұқпалы аурулар болыпты. Оның тағы да қайта­ланбасына кім кепіл?!

Бұл мәселеге байланысты мамандар мал иелерінің алаң­дау­шылығын жоққа шығар­майды. Себебі Ырғыз жерінде бел­гісіз себептермен өліп, шы­ғын болған малды сойып тексеру жұмыстары кезінде өлек­сенің ішкі құрылысында өзгеріс­тер болғаны байқалған. Бұл пата­логиялық материалдар дәл анықтама қою үшін Ақтөбе облыс­тық ветеринарлық зертханасына тексеруге жіберілген. Сарап­тамалар нәтижесінде біраз малдың уланып өлгені белгілі болды. Яғни мал жайылымда кеміргіштерден жұққан шөптесін өсімдіктерден уланыпты.

Сонымен бірге өңірде кейбір мал­дың қан құрамының бұзылуы, ағза­сында паразиттік аурулардың пайда болуы секілді түсініксіз құбылыстар кездеседі. Мал көп жағдайда аулада, қорада тұрған кезде емес, жайылымнан қайт­қаннан кейін ауырып өледі деп қынжылады тұрғындары.

 Тағы бір көңілге түйген жайт, бұрын ауданда обаға қарсы күре­сетін бөлім болған. Аталған құры­лым сол кезде себепсіз өлген малдарға тексеру жүргізіп, адамдар мен төрт түлікке де жұға бере­­тін оба, тулерямия және өзге де жұқ­­палы аурулардың алдын алып, қа­жетті шаралар қабылдай­тын. Әйт­се де кейіннен аймаққа ауа­­дай қа­жет мекеме жабылып қалды.

Бүгінде аудан орталығынан 150 шақы­рым қашықта орналас­қан Жайсаң­бай ауылында алақан­дай эпиде­миялық отряд қана жұ­мыс істейді.

– Бұл отряд жер аумағы аса үл­кен Ырғыз ауданын қамти алмайды, – дейді аудан әкімі­нің орын­­басары Нұрлан Қызбер­генов.

Ежелден «мал-жан аман ба?» деп, тір­шілік көзі төрт түлік мал­дың амандығын сұраған халық­тың ұрпағы­мыз. Жанның аман-саулығы ең алдымен малға тікелей байланысты бол­ған­дықтан ата-бабаларымыз осындай амандық-саулық сұрасу дәстүрін қалып­тастырғаны белгілі. Сондықтан қазіргі кезде Ырғыз ауданында ғана емес, еліміздің барлық өңі­рінде мал ауруларының алдын алу ісін жан-жақты жүр­гізу қажет­тігі айқын көрінеді. Мұн­дай жағдайлар адам денсаулығына да қауіп төндірмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі таңда әлемді алаң­датып отырған панде­мияда кез келген ау­ру түріне бейжай қарауға болмайты­нын тағы бір мәрте дәлелдеп берді емес пе?!

Тәуіп пен Жайсаңбай ауыл­дық округ­­тері аумағына Ырғыз-Торғай мем­лекет­тік резерваты кіретінін ескерсек, істі жа­ңаша көзқарас тұрғысынан жүргізу­дің, эпидемиялық отряд мүм­кін­­дігін кеңейтудің өзектілігі арта түседі. Аталған резерват жануар­лар дүниесіне аса бай. Кемір­гіштерден уланған шөптің залалы қызыл кітапқа кірген жануарларға тиіп жүрсе не болмақ?!

 Қысқасы ауқымды аумақтағы эпидемиялық ахуалды тиісті деңгейде ұстап, бақылап отыруға бір ғана отряд­тың қауқары жете қоймайтыны дәлелдеуді қажет етпейді. Ендеше Ақтөбе оба­ға қарсы күрес стансасының аудан­­­­дық бөлімін құру жөніндегі тұрғындар тілегі орынды.

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы

 

Соңғы жаңалықтар