Руханият • 02 Қазан, 2020

Бойтұмарға айналған жәдігер

599 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Жұлдыз» журналының осыдан отыз екі жыл бұрын жарық көрген саны туралы аз-кем сөз

 

Бойтұмарға айналған жәдігер

Журналдың бұл саны түгелдей сол кездегі жас қаламгерлерге арналған болатын. Онда тұрған не бар дерсіз? Алайда, сондағы жастардың барлығы  кейіннен қазақ әдебиетінің қарымды қаламгерлеріне айналды. Осындай қуатты шығармашылық буынға жол ашып, оларды журналдың бір санында  тоғыстыру арқылы  қалық қазаққа танытқан кім еді?  Атақты жазушы Мұхтар Мағауин! 

Сол қаламгерлердің бірі М.Мағауин жөніндегі қызықты бір деректерді еске түсіріп, тебірене жаңғыртқан екен. Соны еш қоспасыз баяндайын. Айрықша толқып, ерекше ықыласпен жеткізген әсерлі әңгіме үзіктері, меніңше қалың оқырманды да елеңдетсе керек. Өнер шеберлерінің, творчество адамдарының күнделікті күйбең тірліктері мен жеке бастарына керек десеңіз, тікелей тағдыр-талайына қатысты жағдаяттар кімді болсын қы­зық­тырары сөзсіз.

Алдымен Роза Мұқанованың лебізіне құлақ түрелік:

– Адамдардың өмірінде аяулы, өзін қадірлейтін, үнемі жадыңда мейі­рімімен сақталатын есімдер болады. Әсіресе зиялы қауымның ішінде көп емес, саусақпен санарлық қана менің ағаларым мен апаларым бар. Солардың арасында жазушы Мұхтар Мағауиннің орны мен үшін мүлдем бөлек. Осы жерде есі­­ме түседі, қолыма алғаш қалам ұстап, әдебиетке, жазу-сызуға бейімімді бай­қап, ақыл-кеңесін ұдайы айтып отыратын әкемнің ықпалы зор болды. Мек­теп қабырғасында жазған шағын материалдарым, мөлтек суретте­ме­лер мен әңгімелерім «Қазақстан пио­нері» газетінде жарияланып тұрды. Есте қалған қуаныштардың бірі – сол кез­­дегі балалар басылымының редак­­торы, қазақтың көрнекті ақыны Фари­за Оңғарсынова апаймен хат жазысып тұрған жылдарым. Ал студент атан­ғаннан кейін Алматыдағы әдеби ортамен аралас-құраласымыз одан бетер ынталандырғаны мәлім. ҚазМУ-де оқып жүргенімде, сол уақытта беделді ба­сылым саналатын «Жалын» журналында «Менің үкім» дейтін әңгімем шықты. Бас редактор Тұманбай ағаның сондағы қолымды қысып, басымнан сипағанын әсте ұмытпаспын.

Университетті тәмамдап бұралаңы көп, үлкен өмір жолына қадам бас­қан­ тұста біз секілді қаламының желі­ бар, айтар өзіндік ойы бар, келе­ше­гі­нен үлкен үміт күткен бір топ талантты жастың мүмкіндіктерін жар­қы­ратып көрсетудің реті түскен сияқ­ты. Қазақстан жазушыларының маң­дайы­на біткен жалғыз әдеби журна­лына бас редактор болып келген Мұхтар Мағауин көптен ойлаған үлкен идеясын, көкейіндегі реформасын жүзеге асырды. 1989 жылдың – №5 санын тұта­­сымен жастар шығармашылығына арнады. Тырнақалды туындыларымен жарқ етіп көрінген қыз-жігіттердің бір шоғырын журнал редакциясына алдын ала шақырып әдемі әңгіме өткізгені жадымда. Өйткені бұған дейін «Жұлдыз» журналына кілең классиктер мен белгілі ақын-жазушылар ғана жарияланатын. Жаңадан жазып жүрген жастарды бұл басылымға мүлдем жолатпайтын. О заманда «Жұлдыздың» айбары да сесті, аты да күшті.

«Мен алдағы бір нөмірді түгел сендерге, жас қаламгерлерге арнамақпын. Бұл «батылдығым» маған соққы болып тиюі де мүмкін, мына Мұхтар Мағауин ойына келгенін істеп жатыр деп, байбалам салатындар да табылар. Бірақ мен нағыз дарынды, нағыз қабілетті жас толқынның өкілдеріне киелі басылым бетінде сәт-сапар тілеп, ақ батамды беруді ұйғардым» деген еді сол кезесуде Мұхтар аға.

Шынында да осы журналға шыққан­дар­дың барлығы дерлік бүгінде қазақ әдебиетінде беделді буын өкілдері сана­лады. Әдебиетте өз қолтаңбаларын қал­дырып, оқырмандар қауымы жылы қабыл­даған сөз зергерлері сапына қосылды.Ұлан-байтақ еліміздің барлық аймағынан әдебиеттің әр жанрында қалам тербеп жүрген талантты әріп­тестерімнің есіме түскендерін атап кетейін. Олар –Талаптан Ахметжанов, Асқар Алтай, Гүлзат Шойбекова,Талғат Кеңесбаев, Ермек Аманшаев, Жаңабек Шағатай, Қазбек Иса, Дихан Қамзабек, Әлібек Файзуллаев, т.б. Менің де шы­ғар­машылығыма соны серпін беріп, елеулі бетбұрыс әкелген осы ғажайып журналда «Шықпайтын есік» атала­тын өткір әңгімем басылды. Міне мұның бәрі Мұхтар ағаның көрегендігі, жанашырлығы, жастар бойындағы қабілет-дарынды дер кезінде танығаны болса керек.

Реті келгенде мен үшін тағы бір үлкен оқиға саналған сәтті еске түсірейін.Оқуды бітірісімен судент-жастарға ар­налған «Өркен» – «Горизонт» дейтін екі тілде шығатын газетке қатысып жүр­дік. Ол кезде басылымның бас ре­дак­торы Бейбіт Исабаев еді. Бірде ұжым­ның журналистері бас қосқан лездемеде атақты жазушы Мұхтар Ма­ғауиннен «Сәті түскен сұхбат» айдары аясында материал ұйымдастыру турасында әжептеуір сөз қозғалды. Қаламгер әріптестерімнің дені «Мұхтар Мағауин сұхбат бермейді. Онымен тіл­десу өте қиын» деген ыңғайда тар­тыншақтай берді. Сол кезде мен батылданып «Мағауиннен сұхбатты мен алып көрейінші»дедім.Сөйтіп газет тапсырмасымен Мұхаңа барып жолықтым.

– Қарағым Роза, мен ешқандай газет-жур­налға, теледидар мен радио жур­налистерінің сұрақ­тарына жауап бер­мей­тінім рас. Бірақ сен келіп қалған екенсің, кәне, сұ­рақтарыңды қоя бер­гей­сің.

Іле-шала аға әдебиет төңі­регіндегі әңгімесін кеңі­нен қамтып, ағыл-тегіл көсі­ліп сөйлей жөнелді. Әлем әде­биетінің, еуропа әдебиетінің не бір озық үлгілері туралы көл-көсір әңгімесі арасында өзіміздің төл әдебиетіміздің арғы-бергі тарихынан қопарып бүгінгі ұлттық рухани мұ­раларымыздың жай-жапсарын жан-жақты ашып тереңнен толғады. Бұған дейін маңайына «екі шоқып, бір қарайтын» заманның ащы шындығын үрікпей, жалтақтамай сыр етіп шерт­ті. Айтылмай келген ақтаңдақтар ақи­қатын, аты-жөндері бүгінгі ұрпаққа беймәлім атылып кеткен арыстарымыз жайында үлкен тебіреніспен сөй­леді. Бейне бір өзімді бұған дейін та­балдырығын атап көрмеген ғажайып бір «мұрағатта» отыр­ғандай сезіндім. Мұх­тар ағаның әр сөзін, әр лебізін, әр пікірін шамам жеткенше қағаз бетіне түсіруге тырыстым.

Ертеңіне дайын материалды Мұх­тар ағаға әкеліп, танысып шығуын өтін­­­дім. Ол кісі асықпай оқып шығып: «Бә­рі дұрыс екен, артық-кемі жоқ газет­­те­ріңе осы күйінде баса беруге бо­ла­ды» деп рұқсатын берді. Сөйтіп қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, көзі тірі классикпен жүргізген көлемді сұх­батым газет бетінде жарық көрді. Осы тол­ғанысқа, тебіреніске толы сұхбат менің де қаламымның күш-қуатын анық бай­қатқаны имандай шыным.

...Ұшқыр уақыт өз бедер-ізін жүрек­терге жазып, тек ілгері ұмтылдырса керек. Кешегі көңіл тасытқан қуанышты күндердің біртіндеп күңгірт елеске айналуы да заңдылық. Розамен тілдескеннен соң жазып отырған дүниемді сәл бөгей­ тұрып, сол «Жұлдыз» журна­лын іздегем. Астанадағы Ұлттық академиялық, қа­лалық кітапханалардың қорында болмай шықты. Айтулы басылымда жарық көрген тікелей авторлардың біразына телефондадым.Үміт сәулесі тіптен кө­мескіленген. «Журналдың дәл сол санынан айырылып қалыппын...», «Көшіп-қонып жүргенде қайда қалғанын біл­семші», «Кезінде мақтанып біреулерге сыйлай салған едім...», «Ұяттымын, Жәке, кешіріңіз...» Кейбір бауырларым жарық көркен өз әңгіме-өлеңдерінің та­қырыптарын естеріне түсіре алмай қи­налғанын көргенде мүлдем күдер үзгенім рас. Алматы, Павлодар, Көк­шетау, Жамбыл, Шымкентке ... хабарластым. Жоқ!

Көңілім бұзылғанымен, жүрегім секемсіз. Індете-індете келіп «Жұлдыз» журналы Бас редакторының орынба­сары Тұрысбек Сәукетайға хабарлас­тым. Кезінде әдебиет журналында бірге қыз­мет істеген оның сілтеуімен, өзіміз­дің Қорғанбек Аманжолға телефон шал­дым. «Бір табылса Қорғанбектің жеке архивінен табылар. Жаңылмасам осы нөмірде оның да әңгімесі шыққан секілді...» Неше күн аласұрып іздеген «Жұлдыз» (№5–1989 ж.) айналдырған екі са­ғаттың ішінде қолыма тиіп, қат­ты қуандым. Расымен журналда Қор­ғанбектің «Ерте оянған бұлақтар» дейтін әп-әдемі лирикалық новелласы жа­­­рияланыпты. Бұған дейін долбармен, екіұштылау «анау кірген, мынау кірген» деп біраз деректі жаңсақ айтып келіппіз. Сондықтан да кейінгілер қа­телесіп жүрмес үшін негізгі дәйектерді нақтылауды жөн көрдім.

Жастар өнернамасына арналған бәсіре нөмірге отыз үш қыз-жігіттің ең таңдаулы, ең шырайлы шығармалары бе­ріліпті. Журнал тұтасымен мерекедей безендірілген. Әр автордың туын­дыларының тақырыптары әдемі көр­кемделіп, қолдан салынған штрихтармен өрнектелген. Заставкалар тегіс қызыл түске боялыпты. Мұның бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғаным, ол кезде таралымы аса көп журналда ор­наластырылған әдеби дүниелерді әлеміштеп-әшекейлеп беру өте қиын-ды. Журналдың сол уақыттағы тиражы – 140632 дана! Қазіргідей компьютер, интернет дәуірі емес. Материалдар тегіс қорғасында теріледі. Баспа-полиграфия процестерінің дені қолмен, қарабайыр тәсілмен орындалатын. Соған қарамай бұл бойтұмарға айналған жәдігер нөмірге барлық ықылас-пейілдің төгілгені анық байқалады.

Қазақ сөз өнерінің талғампаз тамыршысы, журналдың Бас редакторы Мұхтар аға «Жолың жарық болсын, жаңа толқын!» деген ақжолтай ниетін арнапты. Қасиетті де, киелі әдебиет өлкесіне үлкен үмітпен имене бет түзеген жас қаламгерлерге сәт сапар тілеп, ақ батасын берген екен. Тереңнен толғап, жүректен қозғап, болашақ биігінен айтылған, жастардың нағыз тілеуқор да, мейірбан қамқоршысы Мұхтар Мағауиннің тарихи тебіренісінен шағын үзіндіні ұсынғанды жөн көрдім:

«Халқымыздың дәстүрлі ұғымы бойын­ша, елу жылда ел жаңармақ, жүз жыл­да дәстүр-салт жаңармақ. Ал ұғым-таным, сана мен сенімнің жаң­ғыруы бұдан әлдеқайда тез мерзімде жү­зеге асатын көрінеді. Осыдан екі-ақ жыл бұрын атын атау кешіргісіз күнә болып саналған Ахаңның – қазақ тарихындағы ең ұлы перзенттердің бірі Ахмет Байтұрсынұлының халық ру­хындағы өзіне тиесілі тұғырға қайта қонуы, тек жаманатқа қосып қана айтуға болатын Мағжан Жұмабаев жыр­ларының әдебиет тарихынан өз орнын алуы, есімі ұмытылуға жақындаған Жүсіпбек Аймауытов мұрасының жарияға шығуы, қанша мәрте қайта тіріл­се де жаншылып, тапталып қала берген Шәкәрімнің екі кітабының іркес-тіркес жарық көруі – елу жыл бойы ел тарихынан еріксіз аласталған төрт бірдей ұлы тұлғаның туған жұртымен қайта табысуы біздің бүгінгі күннің өзгеше талайын аңғартса керек. Жаңа кезең мәдениет қайраткерлері алдында жаңа міндеттер жүктейді...

Әлбетте, ержету, есею деген ұғым бар десек те, көтерер жүктің салмағы жас мөлшерімен есептелмек емес. Осы тұрғыдан алғанда, біз бүгін сәт сапар тілеп, оң жолға бағыттап отырған жас қаламгерлеріміздің ешқайсысын да балаң дей алмаймыз; әзірге жеке кітап шығарып үлгермегенімен, кейбірі жаңа ғана баспа бетін көріп отырғанымен, талапкерлік межеден озған, көбіне өз сорап-соқпағын айқындаған, тіпті өзін­дік қолтаңба таныта бастаған ұл-қыздар... Ең бастысы – жаңа леп, өзгеше ты­ныс байқалады. Әр буын, әр толқын өнерге өз жаңалығымен келуге тиіс десек, бүгінгі бетбұрыс, жаңғыру, қайта тілеу дәуірі дүниеге әкелген ұрпақтың таным-түсінігі, мұрат-мүддесі соны си­патта болуы заңды. Бұл сөз тек осы топтамаға ілінген жастарға ғана емес, өнер жолын таңдауға ниет қойған бүкіл жас ұрпаққа қатысты ғой деп ойлаймын. Мезгіліне, ретіне қарай, оларға да журнал бетінен орын табылып тұрмақ.

Әр дәуірдің өз перзенттеріне арқала­тар ауыр да абыройлы жүгі бар. Әр қаламгер – ел мүддесінің жоқшысы, жаңа сананың жаршысы. Ұрпақтан ұрпақтың айырымы олар жасаған замана кейпінен туындамақ. Артықшылық кемшілік емес, өзгешелік. Айдың оңы, жұлдыздың сәті болғай.

Жолың жарық болсын, жаңа буын жас толқын!».

Тұп-тура отыз екі жылдан кейін қолыма қайта ұстап, әр бетін әлсін-әлсін ынтыға сапырған «Жұлдыздың» жәдігер санында жарияланған авторлардың аты-жөндерін алаламай түгел тізіп шы­ғайық. Талай балғын қалам иелерін ба­қытқа бөлеп, жазуға бұрынғыдан бетер құштарландырған мүбәрак журналды қанша шарқ ұрып іздесең де тап­пасың анық. Қорғанбек секілді аса ұқыпты, өте ыждағатты кітап құмар­лардың архивінен болмаса еш жерден ұшыратуың неғайбыл.

Сонымен олар кімдер еді? Алдымен прозалық дүниелерімен көрінгендерден бастайын. Талғат Кеңесбаев «Француз әтірі», Ғалымбек Жұматов «Жалғас – жа­уынгердің баласы» повестерін ұсы­­ныпты. Бір топ талантты шоғыр әңгі­­­ме­лерімен қатысқан: Жабал Ер­ғалиев («Соңғы желі», «Сөне көрме, жұл­­дыздар»), Есжан Айнабеков («Ыз­ғар»), Гүлзат Шойбекова («Тірі өлік»), Дәлел­бек Батырақов («Сойыл»), Әлібек Файзул­лаев («Кеніш бастығын сайлау»), Қорғанбек Аманжолов («Ерте оянған бұлақтар»), Ескермес Иманбаев («Айнаның екінші беті»), Талаптан Ахметжанов («Тұма»), Асқар Алтай-Алпысбаев («Балақ бау», «Тасбақаның тақыры»), Мақсұт Ниязбеков («Бәдәуй»), Жаңабек Шағатаев («Мұра»), Роза Мұ­қанова («Шықпайтын есік»), Жолтай Әлмашев («Сәби үні»), Хакім Омаров («Өткен күнде белгі бар»).

Өлең-жырлардың иелері – Карл Ерназаров, Бауыржан Үсенов, Светқа­ли Нұржанов, Әмзе Қалмырзаев, Бә­тима Хамзина, Нұржан Құсайынов, Ты­ныштықбек Әбдікәкімов, Ілияс Ахметов, Қазбек Иса, Амантай Шәріп, Әміржан Қосанов, Ғабит Сапаров.

Сондай-ақ өнер, ғылым, мәдениет мәселелерін саралап-сараптаған Бей­біт Сапаралин, Таласбек Әсемқұлов, Кен­жехан Матыжанов, Ермек Аманшаев, Дихан Мыңбаев (Қамзабекұлы) тәрізді сан қырлы жас дарындардың ой-тол­ғам­дары, әдеби сын мақаласы мен рецензиясы жарық көрген. Мінеки, мұның өзі үлкен жолға бет қойған руханият көшінің қаншалықты көз тоқ­татарлық, көңіл тояттарлық еке­нін айғақтаса керек. Шырайлы, шәрбат­ шығармалардың палитрасы да кемпір­қо­сақ жолағындай сан-алуан бояуға толы...

Ғажап! Мұхтар Мағауин шын мәні­сінде келешекті күнілгеріден сезе алған көреген екен. Өзінің шаш-етектен асатын шығармашылық шаруаларын тоқтата қойып, бір мезгіл соңынан ерген толқын-толқын буын өкілдерінің не жазып жүргенін қадағалап оқып, дер кезінде ой-пікірлерін баспасөзде білдіріп отырғаны анық байқалады. «Жастар деген – жайсаң сөз», «Жас буынға сене­мін», «Тағы да жастар туралы» тәрізді балғын қаламгерлер творчествосын өзек еткен көкейкесті толғамдары мен нәрлі рецензияларын әр жылдары сүйсіне оқығанбыз. Алып жүректі адамның ісі де ірі. Арманындағы аңсары мен қия­лындағы көксегенін қолына ұстап көргендегі Мұхтар ағаның көңіл күйін жан дүниеммен сезіп, жүрегінің лүпілін естіп тұрғандаймын.

Әйгілі жәдігер-журналда шыққан авторлардың аты-жөндеріне тағы бір мәрте жанар сүзіп, зер салайықшы. Бәрі таныс, бәрі мәшһүр есімдер. Тырнақалды туындылары тұғырлы болды. Іңкәр ізденіс, үздіксіз ұмтылыс, өнікті еңбек әрдайым, мәуелі жемісімен қуантатыны аян. Нағыз әдебиет бағбанының аялы алақанынан қуат алған олардың алды өз оқушыларына онға тарта кітаптан ұсынса, кейінгілері ең кемі төрт-бес кітаптың авторы атанды. Әрине жазармандар қай кезде де жыртылып айырылатын. Демек, таланттылар шоғыры қатал сүзгіден іріктеліп, әділ де ашық таңдалған деген сөз. Өмір болған соң өкінішті жағдайларда ұшырасып жатады. Жоғарыдағы топтың арасынан өзіндік жазу мәнер-машығымен жарқ етіп көрінген талантты ақын Бауыржан Үсенов, қарымды жазушы-драматург Талаптан Ахметжанов, сыршыл прозашылар Есжан Айнабеков, Талғат Кеңес­баев, Ескермес Иманбаевтар өмір­ден ерте озып кеткені өкінішті-ақ. Суырылып шыққандардың дені бүгін­гі төл әдебиетіміздің қоржынына олжа салған танымалдар санатына­ қосылса, қайсыбірлері қазақ ғылымы­ның көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес­терін қосқан көрнекті ғалымдар.Со­нымен қатар саңлақтар сапында Мем­лекеттік сыйлықтың, «Дарын» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, қоғам қайраткерлері бар.

Орайлы тұста Мұхтар аға туралы әдемі әңгіме айтып берген Розаның өнер­намасынан бірер деректі келтіре кеткен жөн шығар, әдебиет аламанында дара қолтаңбасын ерте айшықтаған оның әңгімелері, хикаяттары жинақталған кітаптары – «Жалған дүние», «Дүние кезек», «Құдірет-кие». Ол драматургия жанрында да жемісті еңбек етіп жүр.

Ал өрімтал қалам қуатын қапысыз таныған Мұхтар аға алғашқы әңгімесі журналда шыққан бойда қиыр солтүстік өңірде – Көкшетауда жүрген Қорғанбек Аманжолды Алматыға арнайы шақырып «Жұлдыз» журналына қызметке қа­былдайды. Сонымен бірге ойы да, жазуы да өзгеше өрнекпен шалынған Асқар Алтай, Ермек Аманшаев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Дихан Қамзабекұлы т.б. ұдайы жазушы ағаның назарынан сырт қалған емес.

Иә, тамаша шығармаларымен Ма­ғауиннің қырағы қиығына ілігіп, шуақты шарапатына бөленгендерді тек осы отыз үш ақын-жазушымен шектеп қою жарамас. «Ұлт ұраншысы» аталған «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болып толық он сегіз жыл, үш жарым ай отырғанда, яғни жанкешті кезең – 6680 күнде Мұхаң қаншама үлкенді-кішілі авторлармен жүздесіп, тілдесті десейші. Ал олардың қилы-қилы тақырыптағы шығармалары, ол қол қойған әрқайсысы жеке-жеке кітап есебінде саналатын екі жүз он сегіз нөмірінде жарық көріпті. Осынау цифрлардың өзінен-ақ көп жайды бажайлау қиын емес.

Тебіреніске толы ғибратты баяны­мыздың түйінін бейнелеп жеткізейін:

– Халық жазушысы Мұхтар Мағауин­нің алтын діңгекті саялы да, миуалы бәйтерегі Қазақ Елі әдебиетінің төрінде жайқалып, жайнап, жарқырап тұрмақ.

 

Жанат Елшібек,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты