Білім • 02 Қазан, 2020

Жаңашыл педагог

1260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай сөзі бүгінде өз кәсібіне берілген, ұрпақ тәрбиесіне ұқыптылықпен қарай білетін ұстаздар қауымына қарата айтылса керек-ті. Отыз жылдан аса еңбек жолында жаңашыл педагог мәртебесін иеленген тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Гүлмира Асанбекова туралы сөз қозғағанда, оның тәжірибесі республика көлемінде үздіктер қатарында екеніне көз жеткізесіз.

Жаңашыл педагог

Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Алматы қаласы әкімінің биылғы жария­лаған грант иегері, ұстаз-тәлімгер жайын­­да әріптестері «Тарих және құқық­­тану пәнінің мұғалімі ретінде терең теориялық білімін ғылыми негіз­де ұш­тастыра білетін білікті маман Гүл­­мира Сағатқызы – әрбір саба­ғын ізденім­­паздықпен жүргізетін, әрі әртүр­лі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, оқушылардың ойлау қабілет­і мен танымдық деңгейін арттырудан жа­лықпайтын ұстаз» деп пікірін білдірді.

Ізденіс пен білімін жетілдіруді өз кәсібінің бір бөлшегіне айналдырған ұстаздың жетістіктері жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Дегенмен бала оқыта жүріп, еліміздің білім жүйесінің дамуы, оқулықтарды жетілдіру, мамандар тәжірибесін шыңдаудағы еңбегі өз алдына десек, Гүлмира Асанбекова бүгінде Ресей, Польша, Чехия, тағы басқа шетелдерде өткен семинар-кон­фе­ренцияларға қатысып, үздік маман екенін көрсетіп жүр.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетін Тарих және құқықтану пән­дерінің оқытушысы мамандығы бо­йынша бітірген Гүлмира Асанбекова еңбек жолын 1989 жылы Талдықорған қаласындағы №18 мектептен бастады. Ал 20 жылдан аса уақыттан бергі аралықта Алматы қаласындағы №159 мектепте тарих және құқықтану пәндерін оқытып жүр.

«Менің ұстаздық қызметімде жолым болды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені қандай қиын-қыстау кезеңдерде де өзім таңдаған кәсіпті тастамауға, әрі қарай тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына мемлекетіміздің тарихы, құқықтық құ­ры­лымы тұрғысында меңгерген бі­лім­ді жеткізуді мақсат еттім. Еңбек жо­лым­да кәсіби тәлімгерлердің кездесуі де менің өз ісіме беріліп жұмыс істеуіме барынша ықпал етті», дейді Гүлмира Сағатқызы.

Тарих сабағын оқытудағы басты ерекшелік балалардың пәнге деген қызығушылығын оятып, таным-түсінігін жетілдіру, дұрыс бағыт-бағдар беру – оқытушының басты міндеті. Осы талаптарды қаперде ұстайтын білікті ұстаз қашықтан білім беруде сабақ беретін мұғалімге де, баланың жағдайын жасап отырған ата-ана мен білімді игеріп отырған балаға да салмақ түсетінін айтады. Қазіргі кезде оқушылар қашықтан білім алуға төселіп, тапсырмаларды еркін меңгеруге машықтанып келеді. Ең бастысы – оқушымен тікелей жұмыс істеу, қандай жағдайда да жәрдем беру. Кейіпкеріміз оқушылардың оқуға деген ынтасы, қызығушылығы балаға дұрыс тапсырма бергенде ғана артатынын айтады. Сондықтан да оқушыға тапсырмаларды орындауда таңдау мүмкіндігін беру маңызды.

Пандемия кезінде телевизиялық сабақтарды түсіруге үлес қосқан ұстаз қашықтан білім алу үлкен жауап­кер­­шілік пен ізденісті талап ететін плат­форма екенін атап өтті. Алға­шын­да кемшіліктердің болғаны рас десек те, қазіргі кезде балалардың қызы­ғу­­шылығы артып келеді. Биылғы оқу жылында білім платформаларын таң­дау мүмкіндігі туды. Осы орайда Microsoft Teams платформасының ерек­ше­ліктеріне тоқталған Г.Сағатқызы мұнда тапсырмалар, тест жұмыстары балалардың зейінін арттырып, қабілетін шыңдауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Дегенмен қандай да бір қиын­дықтарға қарамастан, пандемия кезінде қала әкімшілігі мен білім басқармасы тарапынан ұстаздардың біліктілігін арттыруға байланысты ұйымдастырып отырған шаралардың маңызы жоғары. Ал жаңашыл педагог болу үшін білікті ұстаздардың еңбектері мен іс-тәжірибесінен өнеге алу маңызды.

 

АЛМАТЫ