Министр А.Цой кәсіби қызметін атқару барысында дертті болған дәрігерлерге берілетін өтемақының кешіктірілуі аймақтық комиссиялардың деректерді сапасыз енгізуіне байланысты екенін айтты.
«Бүгінгі таңда COVID-19 және пневмониямен барлығы 12 830 медицина қызметкері ауырды, оның ішінде 8 339 маман кәсіби қызметі барысында ауру жұқтырып алды. Өңірлік комиссиялар 8 265 өтінімді қарап, мұндай жағдайлардың 67%-ы
расталды. Министрліктің ақпараттық жүйесі 570 өтінімді қабылдамады, ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 60 өтінімді өңірлердің сапасыз енгізуіне байланысты қабылдамады. Осылайша қазір өңірлік комиссиялардың қарауында 100-ге жуық өтінім жатыр. Жалпы, ауру жұқтырған медициналық қызметкерлердің 88%-ы немесе жағдайы аймақтық комиссиялар деңгейінде расталған 3 421 маман өтемақы алды. Өкінішке қарай, Қазақстан індеттің кесірінен 182 медицина қызметкерінен айырылды. Өңірлік комиссиялар қайтыс болған дәрігерлердің туыстарынан өтемақы алу бойынша 54 өтінімді мақұлдады. Бұл ретте өңірлердің сапасыз енгізуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесі 8 өтінімді қабылдамады. Жалпы бүгінде 42 адамның 34-і өтемақы алды, бұл қайтыс болғандардың 79%-ын құрады», деді А.Цой.
Сондай-ақ министр індеттің ықтимал екінші толқыны кезінде дәрігерлердің өмірі қалай сақтандырылғаны, олардың емдеу шараларына дайындығы жөнінде айтып берді. Екінші толқын жағдайында бүкіл ел бойынша 70 мыңнан аса төсектік-орынды тез орналастыруға мүмкіндік бар. Бұл қатарда 51 мың төсектік-орын жұмыс істеп тұрған стационарларда тұр.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шара қабылданды. COVID-19 бойынша 11,4 млрд теңгеге қосымша екі айға жететін дәрілік заттар қоры қалыптастырылды. Барлық өңірде неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша жалпы сомасы шамамен 13 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды. Сонымен қатар амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді.
Үйде коронавирустан емделу үшін жыл соңына дейін 1 млн пациентке тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Халықтың осал топтарын вакциналау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды. Вакциналау 15 қыркүйекте басталды, бүгінде шамамен 1 млн адам немесе жоспарланғанның 44%-ы егілді. Алдын ала есептеулер бойынша республикада 2,8 млн адам немесе барлық халықтың 15%-ы тегін вакциналаудан өтеді.
Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖТ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынып жатыр. 21 мыңнан аса төсек-орын оттегімен жабдықталған, қазан айының соңына дейін қосымша 9 мыңға жуық төсектік-орын қамтылады.