Аймақтар • 02 Қазан, 2020

Транзиттік тасымалдауда тың серпін байқалады

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысы аумағындағы Алтынкөл шекаралық теміржол станциясы Қазақстан мен Қытай қақпасын дәнекерлеп тұрған ауқымды нысан. Осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген мұндағы «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ порты да стратегиялық тиімді нүктеде орналасқан Орталық Азиядағы ең ірі Құрғақ порт саналады. Шекара шебіндегі тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан қос нысанның соңғы сегіз айдағы жұмыс көрсеткіші тілшілер назарына ұсынылды.

Транзиттік тасымалдауда тың серпін байқалады

Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін Құрғақ портта Қытайдан Еуропаға бағытталған түрлі тауарлар  тиеліп, тиісті мекен-жайға жөнелтіледі.  Негізінен нысанда жұмыс істейтін 180 азаматтың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар.  Құрғақ порт аумағында жалпы ауданы 102,8 га жоғары класты логистикалық сервисті қамтамасыз ету үшін ұзындығы 24 шақырым теміржол мен 6 кірме жол, біржолғы сақтауға арналған 18 мыңнан астам мамандандырылған контейнерлік алаң орналасқан. Одан бөлек екі бірдей уақытша сақтау қоймасы жұмыс істейді. Оның бәрі заманауи соңғы үлгідегі автоматтандырылған техникамен жабдықталған. Мұндағы қызу жұмыс індет кезінде де бір сәт тоқтамапты. Өйткені халыққа күнделікті қажетті тауарлардың негізгі легі Қытай шекарасындағы дәл осы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арқылы жеткізілген.

Бүгінгі таңда Қытайдан Қазақстанға келетін импорт саны 20 пайызды құраса, Қазақстаннан экспортталатын тауар 20-25 пайыз көлемінде. Транзиттік елдер бойынша Қазақстанның тауар өткізу жылдамдығы  тәулігіне 1100 шақырымнан астам. Алдағы уақытта мұны 1500 шақырымға жеткізу көзделіп отырған көрінеді.

Жауапты мамандардың айтуынша, Қытайдан Еуропаға, Ресейге және Орталық Азияға баратын маршруттар – дәстүрлі түрде Қазақстан аумағы арқылы өтетін ең сұранысқа ие бағыттар санатында.

"2020 жылғы қаңтар – тамыз айында Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша тасымалдау көлемі 306,6 мың ЖФЭ құрады, бұл 2019 жылғы ұқсас кезең көлемдерімен салыстырғанда 62% – ға өсті. Қытай – Орталық Азия-Қытай бағыты бойынша өсім 29% - ды немесе 149,2 мың ЖФЭ құрады. Сондай-ақ есепті кезеңде Қытайдан Ресейге 31,2 мың ЖФЭ тасымалданды, өсім өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 47% - ға артып отыр. Егер Алтынкөл станциясы мен Құрғақ порт арқылы тасымалданатын жүктердің номенклатурасы туралы айтатын болсақ — бұл халық тұтынатын тауарлар, металдар, химикаттар және габаритті емес жүктер, мысалы, ағымдағы жылдың қыркүйек айында "KTZE-Khorgos Gateway" Құрғақ портының тиеу терминалын іске қосу арқылы Қытайдан Түрікменстанға 300 габаритті емес техника – John Deere ауыл шаруашылығы комбайндары жіберілді. Айта кетейік, John Deere компаниясы 2017 жылдан бері ауыл шаруашылығы техникасын тасымалдау ісінде  бізге сенім білдіріп келеді. Осы кезеңде біз 1 474 комбайнның қауіпсіз тасымалдануын жүзеге асырдық", – дейді "KTZ Express" АҚ Логистика жөніндегі Вице-президенті Нұрлан Игембаев.

Нұрлан Игембаевтың сөзінше, Алтынкөл станциясы  арқылы биыл бірқатар жаңа контейнерлік маршруттар іске қосылған. Бұл Цзиньхуа (ҚХР) – Баку (Әзірбайжан), Сиань (ҚХР)- Измит (Түркия) Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша, Чэнсян (ҚХР) – Жодино (Белоруссия), Цзинань Нань (ҚХР) – Қыпшақ (Түрікменстан), Түркменбашы (Түрікменстан) – Циндао (ҚХР), сондай – ақ Алтынкөл - Мәскеу түйіні станциясының тұрақты контейнерлік сервисі.

«KTZ Express» АҚ компаниясы бүгінгі таңда ең қолайлы тарифтік шарттарды жасап, Қазақстан арқылы өтетін барлық бағыттардағы жүктердің жылдамдығы мен сақталуының толық параметрлерін ұстанып отыр. Ұзындығы 3128 км құрайтын Алтынкөлден Ақтау портына дейінгі учаскені контейнерлер үш тәулік ішінде өтсе, 2019 жылғы 16 сәуірден бастап «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының фидерлік кемесі апта сайын Баку портына 210-ға жуық контейнер жеткізеді, сол жерден жүктер темір жол арқылы Грузия мен Түркияға жөнелтіледі. Мысалы, қытайлық Сианнан түркияның Стамбулына дейінгі сапардың жалпы уақыты 16 күнді құраса керек.

Заман талабына сай тасымалдау  қызметімен қатар  жүктерті тексеру, тиеу, сақтау мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Мәселен Қытайдан келетін 56 вагондағы жүкті өзіміздің  вагондарға қайта тиеу 1 сағаттың айналасында атқарылады.  15 мың контейнерді бір уақытта қабылдап, бір күнде 15 пойызды қайта жөнелтудің арқасында барлық бағыт бойынша транзит көлемі 40 пайызға дейін өскен. «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ портының директоры  Ибрагим Манабаев, ағымдағы жылдың 8 айына жоспарланған 23 мың тонна  жүкті екі есе мөлшерде орындап,  46 мың тонна жүк жөнелтілгенін айтады. 1350 пойыздың 40 пайызы Еуропаға, 26 пайызы Өзбекстанға жіберілген.

Алтынкөл станциясы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Құрманәліұлының шекаралық жүк станциясының жұмысы туралы берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 8 айында станция арқылы барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес 1551 контейнерлік пойыз өткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,7%-ға артық. Тар табанды жол бойынша 2600 жүк пойызы, кең табанды жол бойынша 3500-ден астам пойыз қабылданған.