Медицина • 05 Қазан, 2020

Емханаға бекітілу бойынша 10 өзекті мәселе

312 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанда 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін жыл сайын емханаларға тіркелу науқаны өтеді. Бұл халыққа не береді, өтінімді қалай беру керек және қандай себеппен бас тартуы мүмкін. Сіздің барлық сұрағыңызға жауап бар.

Емханаға бекітілу бойынша 10 өзекті мәселе

Емханаға бекітілу не­­­ үшін ­­қажет?

Шұғыл медициналық көмек көрсету халыққа әрдайым қолжетімді және емханаға тіркелуге байланысты емес. Жоспарлы дәрігерге дейінгі немесе дәрігерлік көмек көрсету үшін емханаға тіркелу қажет. Әр адам өзінің учаскелік дәрігерін білуі керек.

Егер пациент емханаға бекітілген болса, жалпы практика дәрігерінің/терапевт­тің қабылдауы, бейінді маманның кон­суль­­тациясы, диагностикалық және зерт­ханалық тексеру, консервативті немесе хирур­гиялық емес емдеу, сондай-ақ күндізгі стационар қызметтері пациентке тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде (ТМККК), сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіледі.

Егер адам емханаға тіркелмесе, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуде қиын­­дықтар туындайды. Сондықтан емха­на­ға тіркеліп, учаскелік дәрігерге бару қа­жет.

Қайда бекітілуге болады?

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін, сондай-ақ про­филактикалық скринингтер мен кәсіптік тексерулер жүргізетін медициналық ұйым­дарға ғана тіркелуге болады. Оларға: қала­лық емханалар, дәрігерлік амбулатория­лар, фельдшер-акушерлік пункттер, отба­сы­лық денсаулық орталықтары (МСАК ор­та­лықтары) жатады.

Тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны бойынша бір ғана медициналық ұйымға бекітілуге болады. Қала маңындағы тұрғындар жақын маңдағы емханаға бекітіле алады.

Бекітілу кезенінде неге назар аудару қажет?

Медициналық ұйым әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорының жеткізушісі болып табыла ма және ТМККК және МӘМС екі тегін пакеті шеңберінде, оның ішінде қосалқы мердігерлік шарт бойынша Медициналық қызметтер көрсете ме? Өзге жағдайда, сіз кепілдендірілген және сақтандыру медициналық пакеттеріне құқығыңызды пайдалана алмайсыз.

Қалай бекітілу қажет?

Бүгінгі таңда бекітудің үш әдісі бар.

Бірінші әдіс – емхананың тіркеу бөлі­міне жүгіну және тіркелу туралы өтініш жазу. Бұл тәсіл жасы бойынша зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, балаларға, оның ішінде шет мемлекеттерде туғандарға, сәбилер үйлерінде тұратын­дарға, жетімдерге, сотталғандарға, колонияларда жазасын өтеушілерге және медреседе оқитындарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге немесе сенімхат бойынша тіркелуді ресімдеушілерге ғана қолжетімді.

Ол үшін сізге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат қажет. Егер сіз 18 жасқа дейінг­і баланы бекіткіңіз келсе, баланың және оның заңды өкілінің – анасының, әке­сінің немесе қамқоршысының жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсыну қажет.

Екінші тәсіл – халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы тіркеуге өтінім беру. Өзіңізбен бірге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат болуы қажет. Өтінімді өңдеу мерзімі – бір жұмыс күні.

Үшінші тәсіл – үйден шықпай емханаға тіркелу. http://egov.kz. электронды үкімет порталы арқылы өтінім беру жеткілікті.

Бұл үшін:

– Сайттың басты бетіндегі «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдаңыз;

– «Медициналық көмек» қосымша бе­тінде «медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тір­ке­лу» қызметіне басыңыз;

– «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;

– Бекітуге сұраныс жіберу үшін жасыл белгі­шемен белгіленген барлық элемент­терді толтыру қажет;

– Сұранысты сәтті жібергеннен кейін сіз «сұраным өңделуде» мәртебесін көре­сіз. Тіркелу туралы жауап Сіздің жеке кабине­тіңізге бір жұмыс күні ішінде келеді.

Бекіту үшін қандай құжаттар тізімі қажет?

– Жеке куәлік. Зейнеткерлер үшін – зейнетақы куәлігі, мүмкіндігі шектеулі адам­дар үшін зейнетақы куәлігі немесе меди­циналық-әлеуметтік сараптаманы куә­ландыру актісінен үзінді көшірме. Заң бойын­ша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қорғаншылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілері сот шешімін қорғаншылықты немесе қам­қор­шылықты растайтын өзге де құжатты ұсы­­нуға тиіс. Колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар және әскери қызмет­шілер – МСАК-қа халықты бекітуді (есептен шығару) тіркеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның хаттамасы.

Медреседе 18 жасқа дейінгі студенттер мен білім алушылар жоғары оқу орны рек­торының медициналық ұйымға ресми үндеуін және оқу орны мен МСАК ұйымы арасындағы комиссия хаттамасын ұсынады. Қазақстаннан тыс жерде туған балалар – шет мемлекетте туылғанын растайтын құжат. Балалар үйі, қарттар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік мекемелер – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті атқарушы органдарының шешімі.

Бекіту жүйесі қалай жұмыс істейді және сізге қай кезеңде жауап беру керек?

Медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде емхананың маманы «Бекітілген ха­лық тіркелімі» медициналық ақпараттық жүйе­сіне бекітуге арналған сұрау салуды ресім­дейді, одан кейін ақпараттандыру ұйы­мының маманы бекітуге арналған сұрау салуды қарайды және өтінімді мақұлдау туралы не дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі медициналық ұйымға бекіту талоны немесе дәлелді бас тарту болып табылады.

Пациент электронды үкімет арқылы жүгінген кезде, пациентке 1 жұмыс күні ішінде «Жеке кабинетке» бекітілгені туралы хабарлама немесе электронды құжат нысанындағы дәлелді бас тарту келіп түседі. Ақпараттық жүйеде телефон нөмірі немесе электронды пошта мекенжайы болған кезде медициналық ұйым пациентті тіркелгені туралы хабардар етеді.

Медициналық ұйымдар мен портал­дың жұмыс кестесі?

 – Емханалар дүйсенбіден сенбіге дейін жұмыс істейді. Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, сенбі күні сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін, де­малыс (жексенбі) және мереке күндерін қоспағанда. Бұл ретте, бекітуге сұраныс жұмыс аяқталғанға дейін 2 сағат бұрын, яғни жұмыс күндері кешкі сағат 6-ға дейін және сенбі күні күндізгі сағат 12-ге дейін қабылданады.

«Азаматтарға арналған үкімет» порталы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Пациент жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, сондай-ақ демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және нәтижелерді беру келесі жұмыс күні көрсетіледі. Пациентке қызмет көрсету үшін құжаттарды тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 минут.

Емханаға кез келген уақытта немесе тек тіркеу науқаны аясында бекітіле аласыз ба?

Медициналық ұйымға кез келген уақытта бекітілуге болады, егер Сіз тұрғылықты жеріңізді ауыстырған болсаңыз, қаладан тыс жерге бір айдан астам мерзімге кетсеңіз немесе алғаш рет еркін таңдау немесе бекітілу құқығын пайдалануды шешсеңіз, сондай-ақ бекіту сіздің қатысуыңызсыз жасалған болса. Сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт бұзылған жағдайда. Немесе сіздің үйіңізге жақын жерде жаңа емхана ашылса. Сақтанушы мен сақтандыру ұйымы арасында жасалған ерікті медициналық сақтандыру шарты да науқан шеңберінен тыс тіркелудің негізі бола алады. Өзге жағдайда, бекіту науқаны шеңберінде 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін ғана мүмкін болады.

Медициналық ұйым пациенке­ ме­­­ди­ци­налық қызмет көрсетуді тоқ­­­та­ту туралы хабарлауға мін­­­дет­­ті ме?

 Иә, егер медициналық көмек көрсету тоқтатылса, медициналық ұйымдар тіркел­ген пациенттерді тұрғылықты жері бойынша жазбаша хабардар етуге міндетті. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартына өзгерістер енгізілген болса, бұзу күніне дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын. МСАК ұйымын қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде. Қордың медициналық қызметтер көлемін орналастырмағаны туралы белгілі болған күннен бастап екі күнтізбелік күн ішінде.

Бекітуден бас тартуы мүмкін бе?

Иә. Егер сіздің нақты тұрғылықты жеріңіз сіз тіркелгіңіз келетін емханаға аумақтық тұрғыда жатпаса, бірақ бұл ретте сіз «дәрігерді үйге шақыру» қызметінен бас тартпайсыз. Сізге мобильді бригаданы немесе учаскелік дәрігерді үйге шақырған кезде олар сізге келе алмайды және сізге көмек көрсете алмайды, өйткені сіз олардың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде боласыз. Егер сіз бұған келіссеңіз және емхана сізді қабылдауға дайын болса, онда сіз осыған байланысты барлық тәуекелдерді өз жауапкершілігіңізге аласыз.

Балалар тіркелген жағдайда заңды өкілдігін растайтын құжаттың болмауы немесе пациент мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және/немесе олардағы деректердің/мәліметтердің дәйексіздігін анықтау бас тарту үшін негіз бола алады. Сондай-ақ тіркелген халық санының бір жалпы практика дәрігеріне аралас халықтан 1 700 адам, учаскелік терапевт 2 200 адам, учаскелік педиатр 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 бала, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 бала асып кету себебінен бас тартуы мүмкін.