Игі шара алматылық кәсіпкер Ғалым Чуашевтың бастамасымен қолға алынған. Ал ұйымдастыру жағы Дмитрий Кимге жүктелген. Екі азаматқа қолдау көрсеткен Айдын Сәдібеков те серіктерімен бірге жолға шыққан. Марафоншылар еліміздегі экологиялық мәселелерге көпшіліктің назарын аударуды мақсат тұтады.
– Әр қалаға тоқтап, алдымен 42 шақырым марафон жүгіреміз. Одан кейін тал отырғызамыз деп шештік. Осылайша ең кемі 760 ағаш көшетін отырғызуды жоспарлап отырмыз. Әр өңірге аялдаған сайын сапымызға жергілікті марафоншылар қосылып жатыр. Сол кісілер жол көрсетеді, – деді Ғалым Чуашев.
Таңғы сағат 8:00-де облыстық әкімдік ғимараты алдындағы алаңда жиналған марафоншылар орталық стадионға барып жүгірді. Ғалым Чуашев 42 шақырым 195 метр қашықтықты бағындырса, Дмитрий 22 шақырымды жүгіріп өтті. Жалпы есептегенде, акция аясында Ғалым 380, Дмитрий 190 шақырымды бағындырыпты. Айдын да біраз жер жүгірді. Бірақ жарақатына байланысты жүгірісін тоқтатты да, оны есепке тіркетуден бас тартты.
Алыстан ат арылтып жеткен меймандар сапына экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын қостанайлық спортшылар да қосылды. Марафон аяқталған соң, спортшылар Тобыл жағалауындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябаққа 15 ағаш көшетін отырғызды.
– Біз Қостанайға дейін еліміздің 8 қаласында 200-дей көшет ектік. Кейбір қалаларда, тіпті, екі жерде ағаш отырғыздық. Алайда уақыт тығыз, мұндай мүмкіндік көп бола бермейді. Акция аяқталғанша, жалпы саны 760 ағаш көшетін отырғызуды көздеп отырмыз, – деді Айдын Сәдібеков.
Марафоншылар қала мен қаланың арасына өз көліктерімен жетеді. Олардың ендігі бағыты – Ақтөбе қаласы. Экошара қазанның жетісі күні Алматы қаласында аяқталады.
Қостанай облысы