Руханият • 05 Қазан, 2020

Қайырым жасаудан шет қалмайды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жас ұрпақтың мейірім шуағына бөленіп өсуі мен қайырым жасауға бейім болуы – бір ғанибет іс. Яғни «Жақыңына жанашыр бол!» деген қағиданы балалардың құлағына оқушы кезінен бастап құйған жөн. Осы мақсатты Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі берік ұстанып отыр.

Қайырым жасаудан шет қалмайды

Бұған дейін жоғары сынып­тардың оқушылары «Birgemiz: Bilim» жобасы­ның аясында ауыл мектептері­нің оқушыларына қосымша білім беруге кіріскен болатын. Онлайн білім беру қажетті пәндер бойынша тегін оқы­тылады екен. Қазір бұл іске Тал­дықорғандағы зияткерлік мек­тептің 100 оқушысы ерікті ретін­д­е жұмылған. Олар 805 ауыл баласына түрлі пәннен сабақ беріп жүр. Қашықтан оқу кезін­де қосымша білім алу әрі оған тегін қол жеткізу үлкен жетіс­тік пен көмек екені анық.

– Мен замандастарыма ағыл­шын тілінен қосымша дәріс оқи­­мын. Аптасына 3 рет 40 ми­нут­­тан сабақ өтеміз. Тілді оңай меңгерудің бағдарла­ма­сы арқы­лы оқу, жазу, сөйлеу­ді үйретемін. Өзім қатарлы балаларға білгенім­ді айтып, әңгімелесу өте қызық, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебнің 10-сынып оқушысы Әлішер Бекмұстафаев.

Сондай-ақ мектепте «Ұрпақ­тар сабақтастығы» жобасы аясында қайырымды­лық шарасын ұйымдастыру жолға қойылған. Осы жолы Қарттар күніне орай оқушылар ата-аналарының қолдауымен жалғызілікті зейнеткерлерге азық-түлік себет­терін табыстады. Балалар бір күнде 65 қарияның үйін аралады. Олар қарттарға азық-түлік себетінен бөлек, «Жүрегімнің бір бөлігі» атты акция арнады. Мұнда оқушылар адамдарға өздері жасаған құттықтау хат­тарын сыйлады. Ата-әже­лермен сұхбаттасу да кез­десудің маңызды бөлігіне айналды. Кездесуде оқушылар халықаралық мейрамның тари­хы мен оны әр үйде өткізу дәс­түрлері туралы және мемле­кет тарапынан қарияларға көр­сеті­летін көмек туралы да айтып өтті. Сонымен қатар бүкіл әлем­дегі адамдардың өмір сүру ұзақ­тығына қатысты қызықты дерек­терге, Гиннестің рекордтар кітабына енген көптеген егде жастағы адамдардың жетіс­­тік­теріне тоқталды.

– Қарттар бала сияқты сезім­тал, аңғал және қарапайым. Олар – біздің қазынамыз, тарихымыз. Аға ұрпақпен кездесу арқылы жас буын өлшеусіз тәлім-тәрбие алары хақ. Адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді дамыта отырып, біз өзімізді мейірімділік пен жанашырлыққа үйретеміз, – дейді өз ойымен бөліскен 12-сынып оқушысы Дарья Степанова.

 

Алматы облысы