Қоғам • 06 Қазан, 2020

Әлеуметтік медиация: Отбасылық жанжал балаға оңай тимейді

787 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған пандемия елімізге де кері ықпалын тигізбей қалған жоқ. Соның ішінде статис­тика бойынша карантин кезінде отбасылық зорлық-зомбылық елі­мізде 20 пайызға артқан көрі­неді. Жақын туыстар арасында да түсініспеушіліктер мен ұрыс-керіс­тер күрт көбейген. Осындай жағ­дайда отбасылық жанжалдарды бейбіт түрде шешу үшін және бала­лардың психологиясына кері әсер бермеуі үшін Қазақстанда медиация институтының әлеуетін дұрыс пайдалану қажеттігі байқал­ды.

Әлеуметтік медиация: Отбасылық жанжал балаға оңай тимейді

Бұл орайда «Рухани жаңғыру» қазақ­стандық қоғамдық даму институты халықаралық конференция өткізіп, отан­дық мамандар мен шетелдік сарапшылар отбасылық медиация сала­сындағы қазіргі заңнаманың кемшін тұстарын талқыға салып, оны дұрыс жолға қою жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

Жиынға кәсіби медиатор, медиация жөніндегі жаттықтырушы, психолог Шырын Оразбаева, «Келісім» медиация және құқық халықаралық орталығы» жеке мекемесінің құрылтайшысы, ме­диа­ция жөніндегі PhD Гүлмира Нар­баева, К.Охридски атындағы София уни­верситеті саясаттану кафедрасының профессоры, «Терроризмді зерттеу ха­лық­аралық қоғамдастығы» Болгар қауымдастығының мүшесі Татьяна Дроздина сынды 30-дан астам отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында қоғамның барлық саласында медиацияны дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ басқарма төрағасы Данияр Есин­нің айтуынша, бүгінгі қоғамда ме­диация өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ қай салада болсын адам­гершілік қатынасты күшейту үшін медиа­цияның институт ретіндегі рөлі өте жоғары.

«Биыл «Рухани жаңғыру» қазақ­стандық қоғамдық даму институ­ты­ның бастамасымен «Қоғамдағы жанжалдарды бейбіт түрде шешу және әлеуметтік шиеленісушілікті болдырмау, дауларды бітімгершілікпен түйіндеу мақсатындағы медиацияның рөлі» тақырыбында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ра­сымен де, Қазақстандағы медиация институтының мәселесі мен жағдайы мемлекет үшін өте маңызды және Сенат деңгейінде талқылануда», деді Д.Есин.

Алайда сарапшылардың айтуынша, қос тарап арасындағы қарама-қайшылықтар кезінде медиация әр­дайым көмектесе бермейді. Бұл әсі­ресе «отбасылық буллингке» қа­тысты. К.Охридски атындағы София универ­ситетінің профессоры Татьяна Дроздина мұндай жағдайда ашу-ызаны ұстай білудің өте маңызды екенін айтады. «Отбасылық буллинг» кезінде сабыр сақтап, ашуға және эмоцияға бой алдырмаған жөн. Сондай-ақ қар­сы­ласыңыздың бетпақтығын жеңе алмайтыныңызды түсіну керек. Бірақ өз эмоцияңызды бақылай аласыз. Сабыр сақтаңыз. Қарсыласыңызбен айқаса кетуден аулақ болыңыз», дейді Т.Дроздина.

Өз кезегінде «отбасылық буллингтің» соңы ажырасуға апаратынын, ал сот процесі қос тарапқа ғана емес, бала­ларға да ауыр тиетінін түсінген жөн. Мұн­дайда отбасылық медиацияның жұмысы ауыр болмақ. Мәселен, жағдай сотқа жеткенде екі тарап та баланың жағдайын емес, қара басының қамын ойлап кетіп жатады. Яғни, кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-аналар үшін «айырбас құралына» айналып кетеді. Сарапшылар көбіне ата-аналардың өзара тіл табысқысы келмейтінін, баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, пікіріне құлақ асудың орнына қандай жағдай болсын, өзінде қалдыруға тырысатынын айтады. Отбасылық медиатор және психолог Шырын Оразбаева осы орайда екі оттың ортасында қалған баланың ойында тек «ұрыспаңыздаршы», «мені жақсы көріңіздерші», «екеуіңізді де бірдей жақсы көруге мүмкіндік беріңіздерші» деген жалынышты тілектер қалатынын атап өтті.

«Ата-анасы ажырасуға дейін бар­ғанда баланың ойы күпті болып, күн­делікті қамқорлық, мейірім және махаб­баттан қағылудан қорқады. Дегенмен, медиатордың біліктілігі және қос тарап­тың бір-біріне деген құрметі, өз эмоция­ларын ұстай алуы, сабырлылықтары бәрін дұрыс шешуге кепіл болады. Міне, отбасылық медиацияның сәтті болуы осыған байланысты. Егер медиа­цияны жағдай ушықпай тұрып, өзара түсініспеушіліктің белгілері біліне бас­таған бетте қолданар болса, онда жан­жалдың алдын алып, жағдайды жақсы жаққа қарай шешуге мүмкіндік бар», дейді Ш.Оразбаева.

Сарапшылардың айтуынша, медиация рәсімдері ажырасудың алдын алуға көмектеседі. Тіпті жағдай ажырасуға жеткеннің өзінде бәрін жанжалсыз, дау­сыз шешуге және қос тараптың келе­шектегі жақсы қарым-қатынастарын сақ­тап қалуға жол ашады. Мәселен, ажы­­расуға байланысты сот процесімен са­лыс­тырғанда отбасылық медиация қос тараптың көзқарастарын анықтау арқылы бір-бірінің пікірін біліп, арақатынастарын жақсартумен және бала тәрбиесіне бірге көңіл бөлуге ұмтылдыратынымен тиімді.

Онлайн-конференция барысында Қазақстандағы медиацияның құқықтық мәселелерін қарастыру жөнінде ұсыныс­тар айтылды. Сарапшылардың пікірінше, медиацияның құқықтық мәселелері оң шешім табар болса, елімізде бұл саланың сапасы артып, медиаторлар жұмысының нәтижелері жақсарады. Сарапшылар отандық медиацияны АҚШ және Еуроодақ елдерінің тәжірибесі бойынша магистрлік бағдар­ламалар арқылы дамыту қажеттігін алға тартып, медиаторлардың жас ерек­­шелігіне байланысты талаптарды алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ «кәсіби емес медиа­тор» деген тіркесті «әлеуметтік медиа­тор» дегенге алмастырып, дауларды шешу тұрғысындағы білімдерін арттырып отыруға жол ашу керектігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар