Қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Жас буынға бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Ұстаздық – жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті, ерекше шәкіртжандылықты қажет ететін мамандық. Біріншіден, мұғалім еңбегі адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атану, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстауды борышы санаған жанның бірі – «Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей» КММ директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Есіл.
Алғашқы енбек жолын бастауыш сынып мұғалімінен бастап, бастауыш сыныптары бойынша директордың оқу-тәрбие ісі жөнінде орынбасарына дейінгі білім беру саласындағы баспалдақтарында қажыры мен қабілетін шыңдай отырып, биікке ұмтылды. Ыбырай, Ахмет, Міржақып салған сара жолдың ізгілік қағидатын 33 жылғы еңбек жолында бойындағы білім мен ақыл, ой қуатын бірінші сынып бүлдіршіндерін сегіз рет қабылдап, орта буынға жоғары сапамен жіберуге, әр шәкіртінің екінші анасындай әрқайсысына болашаққа жол сілтер ақылшы болуға жұмсады. Әлем бойынша орын алған COVID-19 індеті салдарынан елімізде де ұстаздарға артылған жүктің оңай болмағаны анық. Осы тұста Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деген жыр жолдарындай заман ағымына төтеп беріп, мектептің тәрбие ісін ұйымдастыру мен білімнің жеткілікті, сапалы берілуіне де Жұмагүл Балтабайқызының үлесі зор.
2019-2020 оқу жылында алғаш мектеп табалдырығын аттап: «Білімнің тұнығына енді қанамыз ба? Әріпті үйреніп, танып, білім аламыз ба?» дегенде Қазақстан бойынша карантин енгізіліп, қашықтан оқыту басталған тұста Жұмагүл Балтабайқызы барынша барлық баланың білім нәріне қанығуына жағдай жасап, әр шәкіртке сапалы білім мен тәрбиені жан-жақты, яғни ZООМ бағдарламасы, уатсап желісі және т.б мүмкіндіктерді пайдалана білді. Балалардың қызығушылығы оянып, тіпті өз бетімен сабақ тапсырмаларын орындағанын көріп, ата-ана ретінде таңданбасқа амалымыз болмады.
Сондықтан білім саласындағы түрлі реформаларды басынан өткеріп жатқан Қазақстанның әр педагогінің еңбегі орасан. Осы тұста «Жаңартылған білім беру мазмұны» аясында білім берудің басты тетігі білімді ұрпақ тәрбиелеуде жаңа заман талабына сай, құзыретті, креативті педагогтердің білікті де шығармашыл шебер, өз ісінің маманы болу керегін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов нақты айтқан болатын.
«Ұстаз – жан-жақты дамыған білімді тұлға. Сократ ұстаздарды жаңбыр тамшысына ұқсатады. Жаңбыр тамшылары сепкен ұрық дәніне нәр бере алатынындай, ұстаз да әр оқушының дарынын ұштай алады. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән. Ұстаз әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Бұл – кәсіби деңгейдегі ұстаздардың сапалы білім мен саналы тәрбие беруінің нәтижелілігі», дейді Жұмагүл Балтабайқызы. Бұл – нағыз ұлт ұстазының пікірі. Ел болашағының тұтқасы – сапалы, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелейтін Жұмагүл Балтабайқызы сияқты мұғалімдердің қолында.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей» КММ 2 «Ж» сынып ата-аналары атынан Мейрамгүл КАСИМБЕКОВА