Жақында әлеуметтік желіні шарлап кеткен жауыз әкенің баласын аяусыз ұрып-соққан видеосы көпшілікті шошытты. Бұл – көз көріп, жұртқа жария болған, бұлтартпас айғақ ретінде таралған жағдай. Ал көпшілік біле бермейтін, отбасының ойранын шығарып, құтын қашырып отырған зорлық-зомбылықтар қаншама?!.
Аталған оқиға Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауылында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода отағасы баласын аяусыз ұрып жатқаны түсірілген. Тағы бір видеода екінші баласы да опасыз әкесінен оңбай таяқ жепті.
Қазір күйеуінен көресіні көрген әйелі балаларын алып қашып, төркінінен пана тауыпты. Әйел бұған дейін полицияға жұбайының мұндай әрекетін айтып ауызша арызданған, бірақ өтініш беруден бас тартқан екен. Енді полицейлер 4 қазан күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған оқиғаны анықтап, іс сотқа дейінгі тергеу тізіліміне Қылмыстық кодекстің
110-бабы – азаптау бойынша тіркелді.
Жұрттың жаппай наразылығын тудырған мұндай оқиғалар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды күшейтіп, отбасының берекесін қашырған оспадарлардың жазасын барынша қатайту керек екенін көрсетеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмай, Президент тапсырмасымен Парламентте отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту жөнінде заң жобасы қаралып жатыр.
Осындай оқиғаға қынжылыс білдіргенде көпшілік көбіне құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін сынға алады. Айталық биылғы 8 айдағы жағдай бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 130 мың шағым түскен екен. Оның тек 2,5 мыңына қатысты қылмыстық іс қозғалып, 30 мың іс әкімшілік қарауға жіберілген. Яғни, полиция барлық шағымға тиісті шара қолдана алмаған.
Ал індет қос өкпеден қысқан күрделі кезеңде үйінде қалып, үрей құшағына енген, отағасынан жәбір көрген жағдайлар күрт көбейді. Қоғамның бірлігі сыналар шырғалаң шақта шаңырағының шырқын бұзар қатыгез әкеден келетін қауіптің алдын алу маңызды болып тұр.
(Тақырыптың жалғасын 15-беттен оқисыздар)