Экономика • 06 Қазан, 2020

Алма тәтті, еңбегі қатты...

1036 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бұйырса, күзгі жиын-терін аяқталып, жұрт жаңа маусымның жемісінен ауыз тиіп жатыр. Болжам бойынша, диқандар биыл да қамба толтырып, кеусен таратарлықтай өнім жинаған. Алайда ішкі нарықтағы көкөніс пен жеміс-жидек бағасы арзандамай отыр. Әсіресе азық-түлік базарларындағы алманың құны аспандап тұр.

Алма тәтті, еңбегі қатты...

Бар алманың бағасы неге қымбат?

Дәл қазіргі сәтте еліміздің орталық қа­ла­­­ларында алманың әр килосы 230 –750 тең­­генің аралығында сатылып жатыр екен. Базар­дағы арзан өнім негізінен оңтүстік ай­мақ­тарда болса, еліміздің солтүстігі мен батыс өңірінде баға шарықтап кеткен. Оның үстіне сатылымдағы шырынды жеміс­тің көбі сырттан келген тауар. Дерек бо­­йын­ша, Қазақстан нарығына ЕАЭО ел­дері­­нен бөлек Қытай мен Польша им­пор­ты тоқ­таусыз кіріп жатыр. Бұл отан­дас­тары­мыздың алмаға деген тәбеті жоға­ры еке­нін байқатады. Сәйкесінше нарық­тағы бағаны да тұтынушылардың сұра­ны­­сы белгілеп отырғаны анық. Осы жерде қа­зақ то­пырағында өсіп, өнген алманы жұрт іздеп жүріп сатып алатынын айт­қан орынды.

Азық-түлік нарығын, оның ішінде алма саудасын бағамдап отырған сарап­шы­­лардың пікірінше, біздің шаруашы­лық­тардың 2019 жылғы өнімі биылғы 4 айға ғана жеткен көрінеді. Яғни сәуір айы­нан бастап ішкі нарықта алма баға­сы күрт қымбаттап, жеміс-жидек тапшы­лы­­ғы байқалған. Оның үстіне пандемия кезе­ңіндегі жағдай әлемдегі бақша шаруа­шылығы өнімінің айналымына да кері әсер етті. Көктем айларында сыртқы на­рық­қа шығатын жолдардың жабылуынан шаруа­лар да, тұтынушылар да қатты зардап шегіп қалды. Бұл өз кезегінде аймақ­тар­дағы алма бағасының шарықтап өсуіне себеп болды.

Айтпақшы, көкөзек шақта алма бағасы әлем бойынша қымбаттағанға ұқсайды. Тіпті коронавирус індеті жайлаған тұста Еуропа тұрғындарының жеміс-жидекке деген сұранысы күрт артып, бір ғана ал­ма бағасы 27 пайыздан 42 пайызға дейін өскен. Нәтижесінде, алма сауда­сында кәрі құрлықты мойындатқан Поль­шаның өзінде жеміс сақтайтын қой­малар босап қалған көрінеді. Бірақ Қазақ­станның аты Орталық Азиядағы алма бағы жайқалған елдердің арасында алдың­ғы орында айтылғанымен, шаруалар іш­кі нарықты толық қамтуға қауқарлы емес екенін мойындау керек. Оның үстіне тұр­ғын­дардың тойып алма жеуін жеміс-жидек піскен мезгілде жиналған өнімнің мөл­шеріне қарап таразылауға болмайды. Әдетте, бау-бақша шаруашылығы дамыған елдердің рейтингі әр есепті жылда жиналған өнімнің жаңа маусымдағы өнімге дейін то­лық­тай жеткілікті болуына қарай екшеледі. Демек, біз бұл жөнінен ұяттымыз...

 

Өсіргеніміз өзімізге жетпей ме?

Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр отандық алма өсірушілер 222 мың тонна өнім жинаған екен. Салыстырмалы түр­де алғанда орасан өнім болғанымен, бұл цифр ішкі нарықты толық қамтуға жет­­пейді. Тіпті былтыр біздің бақтар­дан жи­­налуы тиісті өнім мөлшері 300 мың тоннаға жетуі тиіс болған. Бұл бол­­­жам­ның орындалмағаны да нарық­та­ғы алма бағасының өсуі мен өнім­нің тап­­шы­лығына түрткі болғаны анық. Ал да­йын алманың денін шаруа қожалық­тары мен фермерлер жинап отыр. Мәсе­лен, был­тыр олардың үлесіне 138,3 мың тон­­на алма тиген. Қалған өнімнің 62,5 мың тоннасы жеке адамдардың иелі­гін­­де бақтардан жиналған. Өкініш­ке қа­рай, ауыл шаруашылығы саласында таны­мал болған табысты ұжымдар­дың ал­ма өсіруге деген ынтасы төмен. Оны ел кө­ле­міндегі барлық ірі шаруа­шы­лық­тың өсірген алмасының салмағына қа­рап ба­ғам­дауға болады. Былтырғы мөл­шер – 21,6 мың тонна шамасында ғана екен. Жал­пы, 2019 жылғы 222 мың тон­на таза өнім ел аумағындағы 34,6 мың гек­тар­ға отыр­ғызылған алма бақтарынан жиналған.

Дерекке сүйенсек, Қазақстан тұрғын­дарының жыл бойғы жейтін алмасының мөлшері 450 мың тоннадан асады. Мұны өзіндік құн тұрғысынан есептеп, ақшаға шаққанда 81 млрд теңге шамасында қаржы шығады. Яғни алма бағын көбейту азық-түлік сұранысын өтеу ғана емес, экономикалық тұрғыдан пайдалы кәсіп көзі екені байқалады. Бірақ қазіргі отандық бау-бақша шаруашылығы сұраныстың 60 пайызға жуығын ғана беріп отыр. Демек, қалған алма шеттен келуде. Мәлімет бойынша, Қазақстан 2018 жылы Қытай мен Польшадан 121 мың тонна алма сатып алып, сыртқы нарыққа 56,2 млн доллар жұмсаған екен. Ал біздің баулардан жиналып, өзге елге тасымалданған алманың мөлшері езуге күлкі үйіреді... Сол 2018 жылы небәрі 4 мың тонна алма экспортталыпты. Оның негізгі бөлігі Ресей асқан.

 

Жағдайдың түйінін Жолдау тарқата ма?

Ашығын айтқанда, еліміздің азық-түлік нарығы сыртқы сауда факторына тәуелді екені жасырын емес. Отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа­ша жобасын жасау қажеттілігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында да айтылды. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар...» деген Президент бірқатар мысал кетірген болатын.

Тақырыпты індетсек, бірер мәселе­нің ізін көреміз. Мәселен, шұрайлы алқаптардың диқан мен фермердің иелігіне емес, магнаттар мен латифун­дистер­дің қолына өтіп кетуі нақты шаруа­шылықтың дамуына кедергі келтіріп отырғаны шындық. Қазір логистика мен инфрақұрылым қалыптастыруға ың­ғайлы ауылдар мен қалалардың маңынан өндіріс ашып, бау-бақша егуге жер табу қиын. Тіпті суармалы өңірдегі жеке­ше­леніп кеткен алқаптардың соры шы­ғып, арамшөп басып жатқаны жайында бұған дейін де жиі айтылған. Сүйі­нер­лігі, бұл бағытта алға жылжу бар. Мысалы, Алматы облысында игеріл­мей жатқан ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмы­сы сәтімен жүзеге асып жатыр. Әсіре­се суармалы алқаптарды қалпына келті­руде облыс озып тұр. Жоспар бойынша, 2023 жылға дейін 138 мың гектар суар­малы жер толықтай мемлекет иелігі­не өтіп, өз мақсатына қарай кәдеге жа­рауы тиіс. Жалпы, жердің нақты иесін табуы үшін атқарушы билік өткір шешім­дер қабылдауы керек. Жетісуда бұл ба­ғыт­тағы жұмыс та өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінге дейін Алматы қаласының ірге­сіндегі облысқа тиесілі алқаптарға жа­салған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шыға­рылған 1,5 мың шешімнің күші жойылып­ты. Нәтижесінде, 121 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап мемлекет меншігіне қайтарылды.

Түптеп келгенде, тұтыну нарығын сыртқы өнімнің тәуелділігінен құтқару­ға жасалған қадамның басы да, соңы да осы емес екені аян. Бірақ отандық тұтыну­шылардың сұранысын толық қамту үшін жақын жылдары әр ауыл­да жайқалған бақ өсіп тұруы керек сияқ­ты. Яғни 2010 жылдан бастау алған қар­қынды бақ өсіру бастамасына жаңа серпін беретін кез келді. Рас, бұл туралы сөз қозғағанда ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Нәтиже бар.

 

Қарқынды бақ қайтсе көбейеді?

Нақты мысал келтірсек, қазір Жетісу­да қарқынды бақ мәуелеп, жемісін де беріп отыр. Яғни Алматы облысында 2 222 гектар алқапқа егілген қар­қын­ды ал­ма бағы бар екен. Биыл осы бақ­тардан 18,9 мың тонна алма жинау жос­пар­­ланған. Ал бақтардың көлемін 2020 жылға дейін 2 600 гектарға жеткізу мін­деті тұр. Оның ішінде «Апорт» алмасы егіл­ген бақ көле­мінің аумағы 2 мың гектар­ға жеткенін ерекше айтуға бола­ды. Қазір жойылуға шақ қалған атақты апорт көшетінің саны 416 мың түпке жеткен екен. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мүмкін болған шаруа екені белгілі. Жалпы, 2012-2018 жыл аралығында облыс бойынша 728,8 гектар жерге апорт сортын отырғызған 214 шаруашылыққа 670,4 млн теңге субсидия берілген.

Бүгінде Жетісудың қарқынды алма бақтарында «Фуджи», «Голден Делишес», «Гала», «Гренни Смит», «Старкримсон», «Айдаред», «Золотой превосходный» сияқты жергілікті сұрыптар өсірілуде. Ал өндіріске Италия, Германия, Сербия, Польша, Голландия, Түркия елдері­нің алма өсіру технологиясы қолда­ны­лады. Осындай озық технологияны қолдану арқылы жұмысын жаңаша ұйым­дастырған шаруашылықтардың бірі – Жамбыл ауылындағы «Атек Агро» ЖШС. Қарқынды бақ өсіруге тәуе­кел еткен серіктестік басшысы Ай­жан Сәулехат 2017 жылы Ұзынағаш ауылы­ның маңынан 54 гектар жер алған екен. Қазір отырғызған көшет санын 125 мың түпке жеткізіпті. Көшеттерді күтіп, бап­тауға жаңа технология қолданған. Там­шы­латып суару әдісін Израильден маман алдырып үйренсе, көшет егудің қыр-сырын түріктерден меңгеріпті. Бүгінде «Атек Агроның» қарқынды бақтарында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Алманың өнімділігін арттыру үшін заманауи жаңа технология пайлаланудан қашпау керек. Әсіресе қарқынды бақ­тарда бұл әдіс жылдам нәтиже береді. Мы­са­лы, аласа бойлы алма ағаштары екін­ші жыл­дың өзінде-ақ 30 пайыз жеміс берсе, үшінші жылы өнім көлемі 80-85 пайызға жетеді. Әрі мұндай жеміс ағаштарынан өнім жинау жеңіл, қол күшін көп қажет ет­пей­ді. Шығын аз, табыс мол, – дейді «Атек Агро» ЖШС басшысы Айжан Сәулехат.

Айтпақшы, Жамбыл ауданының фермерлері еліміздегі алма тапшылығын жоюға өз үлесін қосып отыр деуге толық негіз бар. Бүгінде ауданда 699 гектар алма бағы жайнап тұр. Соңғы үш жылдың көлемінде алма өсіретін шаруашылықтың саны беске жетіп, жаңадан 264 гектар қарқынды бақ егілген екен.

Жалпы, Алматы облысы аймақ тұр­ғын­дарының алмаға деген ішкі сұранысын 100 пайызға қамтып отыр. Мұнан бөлек, мегаполис маңындағы аудандар Алматы қаласының бау-бақша өнімдеріне деген қажеттілігін 72,4 пайызға дейін қана­ғаттандыруға қол жеткізген. Ал жалпы, Қазақстан бойынша алма дайындаудағы жетісулық шаруалардың үлесі 19,6 пайыз шамасында екен.

 

Алматы облысы