Руханият • 06 Қазан, 2020

Ұлы даланың бір құнды қазбасы

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Маңғыстаулық ақын Ғ.Әріптің «Алтын Орда – Қазақ Елі» атты жазбасы – Ұлы даланың бір құнды қазбасы екені даусыз. Әуелі автор туралы айтайық. Мен Ғалымды жас кезінен, әп деп поэзияға қадам жасай бастаған кезінен білемін. Оның алғашқы қарлығаш өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде, тіпті кейде республикалық баспасөз беттерінде жылт беріп көріне бастағанда болашағынан үлкен үміт күттірген талапкер екенін сезгенмін. Оның «Қазақ тілі – қанатым», «Жер мен ел», «Рух», «Сүйінқара серті», «Қазақ болу», «Қазақ қан­дай халық?», «Перзенттік парыз», «Адамзатты ізгілендіру», «Түбі бір түркі жұрты», «Ұлы дала ұлағаты», «Қазақ – менің ұраным!»,«Лондон лирикалары», «Би­бігүл», «Жаһандану жайлы жыр», «Цунами немесе адамзатқа ескерту», «Ақын арманы(азабы)», «Ақырзаман», т.б. толып жатқан толғау, поэма, дас­тан, бал­ладалары, прозалық, драмалық, публицистикалық шығармаларымен зерделі суреткер, ұлт қамын жеген озық ойлы азамат ретінде танылды.

Ұлы даланың бір құнды қазбасы

Оның тағы да бірден-бір көрінісі – жуырда облыстық «Маңғыстау» газе­тінің кезекті сандарында 4 айқарма, яғни 8 бетке үзіндісі жарияланған «Алтын Орда – Қазақ Елі» атты толымды туындысы.

Бұған дейін бұрын қазақтарда мемлекет болмаған деп жүрген сандырақтарға тойтарыс беріліп, Қазақ хандығының 550 жылдығы дәлелденген-ді. Оны дүр­кіретіп тойладық, оған бүкіл түркі­лер, жалпы дос­тас, ынтымақшыл елдер қол соқты.

Әрине, қазақ халқының түп-тамыр-тұқияны тым әріде жатыр. Түрлі себептермен көмескіленген ақтаңдақтар беттері ашылып, сақтар, ғұндар, көк­түріктер дәуіріне де біртіндеп қадам басып келеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте Алтын Орда тарихына үлкен мән берді және оның 750 жылдығын атап өтуді ұсынды. Міне, дәл осы тұста «құланның қасуына мыл­тықтың басуы» дегендей, Ғалым Әріптің «Алтын Орда – Қазақ елі» шығармасы дөп келіп тұр. Елдіктің, ерліктің жырын ойшыл ақын былайша толғайды:

Заманды еске алайық бұрынғы өткен,

Ерлерді «Елім!!!»

деумен ғұмыры өткен.

Уысынан шығармай кең даланы,

Ерліктің ерен күйін дүбірлеткен,

Елдіктің шаңырағын тұғырлы еткен,

Рухы бабалардың мәңгі жаса,

Ұлтының жүрегіне ұрық сепкен!

Қаламгердің күні бүгінге дейін әлем зерттеушілерінің назарынан түспей келе жатқан әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан және оның ұрпақтары, бұрынғы Тұран, қазіргі Қазақстан аймағында құрылған Алтын Орда мемлекетінің қанатын кеңге жайған дәуірі мен алауыздықтың кесірінен күйреуі тәрізді аса күрделі де күрмеулі, дау-дамайлы тақырыпқа батыл барып, батырлық дастанды дүниеге әкелуі бір таңғалдырса, әдемі шағын поэма іспетті толғаумен басталатын дүниенің бүкіл шығыс әдебиеті мен шежірелерінен тірнектеп терген сансыз анықтамалар мен түсініктемелерін оқығанда тағы таңғаласыз. Яғни ақынның поэзия майталманы болғаны өз алдына, нешебір көне еңбектердегі дәйек­терге сүйеніп, жалпыға, туған хал­қына жария еткен танымдық дерек­тері арқылы тарихтың да таңдаулы, талғам­ды шебер шежірешісі екеніне де көз жеткіземіз.

«Алтын Орда...» – елім деп емірене, шалқи тебіренген отаншыл жүректің, тынымсыз ізденістің, жанкешті тер төккен орасан еңбектің нәтижесі. Жалпы, автор­дың аталған шығармасының поэти­калық көр­кемдік көкжиегі өз алдына, рухы мықты ұла­ғатты ұлт, ұғынықты ұрпақ тәрбиелеудегі патриоттық маңызы айрықша. Бұл шығарма – оқырманның көкірегіне ұлттық мақтаныш ұялатып, жастарға теңдесі жоқ рухани тәлім-тәрбие беретін туынды.

Шыңғыс хан қаншама елдер мен мем­лекеттерді тізе бүктіріп, бас идірді, бірақ әділеттің ақ жолынан таймаған, оның жауынгерлік туының түсі ақ болған. Ол жаулап алған елдердің тілі мен дәстүрі, мәдениеті мен іліміне, дүниетанымына қиянат жасауға заң арқылы жол бермеген, қатыгез болса да, иманды, ұлы реформатор. Ғалымдарды, ойшылдарды, талант иелерін қадірлеп, жиһанкездерге дейін төрге шығарған. Көк Тәңірге сиынып, арғы ата-бабаларынан тамыр тартып келе жатқан түркілік сананы өте қастерлеген. 1227 жылы ауырып қинал­ған тұсында елі – қара жұрты – ұлан-ұрпағына мирас етіп тағылымды өнеге-өсиет қалдырған. Оның бұл өсиеттері арғы тегі түркі дүниесінен бастау алатын қазақтардың ой-пайымы, салт-дәстүрі мен мәдениетімен сайма-сай келеді. Оның үстіне Шыңғыс хан әулетінің кенжесі Отшігінді қарашаңырақ иесі деп құрметтеуін үлгі ете отырып, атам Қазақтың Ұлы даласында бұл дәс­түрдің бүгін және ертең де сақталуы қажет­тігін, алмағайып заман туса, басымыз бір болуы үшін ерекше ескерер тұстарды ақын бұлтартпас дәлелдер, арқа қоздырар жасындай жыр жолдары арқылы өрнектейді. Өйткені қара­шаңырақ қасиетті, ол елдік ар мен намысты ешқашан бермеуге тиіс.

Әрине, әдеби шығармада оның кө­сем­дігі мен кісілігі, жауынгерлік шебер­лігі мен ақыл-ой тереңдігі, біртұ­тас Моң­ғол(Түркі) мем­лекетін құрып, түркі даңқын асқақтату­дағы сіңірген қаһар­мандық қажыр-қайраты толық ашылмаса да, зерделі оқырман Шыңғыс ханның қай жағынан болсын да­нышпан да дара туған ерекше қабілет иесі екен­­дігін ба­ғамдайды. Бұған дейін де көптеген поэ­ма мен эпикалық толғау­ жазған қарымды қа­ламгер Ғалым ініміз, міне, түйткілді тақырыпқа тайсалмай түрен салып, өзінің де көп оқып, тоқып, тарихты таразылауға барынша күш салып жүргенін, ізденісі мен шабыт қуатының мол екендігін айқын аңғартты. Дастанда тәуелсіз еліміздің бүгінгі хал-ахуалына да жіті назар аударылып, саяси және философиялық пайымдар жа­салады. Арқалы ақын баяғы Бұхар жырау тәрізді ел Президентіне өзіндік ой-толғамдарын ұсынады.

Қасым аға, жарайсыз,

Қасқайып тұрып сөйлейсіз.

Тектілерден тарайсыз,

Тексіздерге ермейсіз.

Әл-Фарабиді оятып,

Қияға құлаш сермейсіз.

Шыңғыс ханды оятып,

Бату хандай ерлейсіз!

Ұлы Абайды сайратып,

Адам жанын емдейсіз..

Айдамаққа көнбейсіз,

Қазақстан – дербес ел.

Бөгде жұртқа сенбейсіз,

Елшісіз де елдесер.

Қазақ мұңын мұңдадың,

Елдік парыз өтеліп.

Ел рухын шыңдадың,

Қазақ туын көтеріп! –

деп халыққа жасалған жағымды істерге қолдау білдіреді.

Ғалым КазГУ-дің журналистика фа­куль­­тетін бітірген соң, Алматыда «Жа­лын» баспасында редакторлық қызмет еткен. Облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар ода­ғы Маңғыстау облыстық филиалының ди­ректоры. «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүрия-дүние», «Асылдың сы­нығы», «Каспий трагедиясы», «Гар­мо­ния», «Жұлдыз-ғұ­мыр», «Рух жанартауы», «Ақын ар­маны»(азабы), «Төрт толғау», «То­­­мирис», «Қа­сиетті парыз», «Өмір­ді өл­­шей­мін мен өз бағаммен», «Ал­­маты ғазал­дары», «Ды­быстар дірілі» атты кітап­­­тардың және «Таңдамалы» 6 томдықтың авторы.

Ғалым Бисембіұлы – Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына арналған рес­публикалық конкурстың жүл­дегері, Түркияның ғылы­ми және әдеби шы­ғар­малар иелері кә­сіби ассоциа­циясының Алғыс хатымен, Маң­ғыстау облысы әкімі мен облыс­тық мәслихаттың Құр­мет грамотасымен, облыс әкімінің Құр­мет грамотасы­мен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Тә­уелсіздігіміздің 10 жыл­дығы және 25 жылдығы құр­метіне ме­рекелік медальдармен, Мәде­ниет, ақпарат және қоғамдық келі­сім минис­трлігінің Құрмет грамотасымен ма­рапатталған. Қазақстан Жазу­шылар және Журналистер одақ­та­рының мү­шесі, Қазақстанның Мәдениет қай­рат­кері, Ақпарат сала­сының үздігі, Қазақ­станның Құрметті жур­налисі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы.

 

Сержан ШАКРАТ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері

 

Маңғыстау облысы