Жақында Сергей балдың аса сирек кездесетін сұрыбы – балдырған балын алды. Айта кету керек, балдың бұл түрі ауыл шаруашылығында элиталық өнім болып саналады және мамандардың айтуынша, оның адам ағзасына деген пайдасы да шашетектен көрінеді.
– Балдырған балын алу үшін қолайлы климат қажет. Биыл бізде бәрі де сәтімен келе қалды: аптап ыстық та, күннің күрт салқындауы да болды, содан кейін жауын-шашын жиі жауып тұрды. Осының бәрі өсімдіктердің қаулап өсуіне игі ықпалын тигізді. Балдырған гүлдеген кезде менің араларым барлығы жеті фляга бал жинады. Бұл балдың түсі қара болады, емдік қасиеттері аса жоғары және өзі хош иісті келеді, – дейді омарташы.
Қазір Сергей Саратовкиннің балдырған балына деген сұраныс артып, кәсіпкердің тасы өрге домалап тұр. Келешекте ол кәсібінің аясын ұлғайтып, облыс тұрғындарын бағалы балмен кең көлемде қамтамасыз етудің жолдарын ойластырып жүр.
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы