Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Кезекті толқынға ықтасын құрылуда

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жарты жылға дейін созылған індеттің таралуы кезінде елімізде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Қазан айының басындағы деректерге қарағанда, мұнда 7 мыңға жуық адам індет жұқтырған. Әрине, олардың 98 пайыздан астамы емделіп шықты. Дегенмен, осы аралықта 109 адамның өмірден өтуі халқының саны 600 мыңның үстіндегі шағын облыс үшін жоғары көрсеткіш.

Кезекті толқынға ықтасын құрылуда

Ең қынжыларлық жайт, бү­гінде аймақта эпидемиялық жағдайдың тұрақталғанына қарамастан пандемияны жұқ­тыр­­ғандар мен соның салда­ры­нан қайтыс болғандар саны тыйыл­май тұр. Айталық, 24 қыр­­күйек пен 2 қазан аралы­ғын­да өңірде 18 адам індет жұқ­­тырып, 3 адам қайтыс болды.

Батыс Қазақстан облысы­ның эпидемиялық жағдай тұ­рақсыздығы жөнінен Атырау облысынан кейінгі екінші орынға шығуының бірнеше себебі бар деуге болады. Бірін­шісі, тұрғындар тарапынан орын алған қамсыздық, вирус­тан сақтану мен қорғаныс ша­ра­ларының тиісті деңгейде жүр­гізілмегені болса, екін­ші­­ден, өңірдің Ресейдің ше­ка­ралық аймақтарымен ірге­лес орналасуы да жұқпалы дерттің өрши түсуіне салқынын тигіз­ді. Алғашқы уақытта індетке шалдыққандарды емдеу­ге қа­жет­ті дәрі-дәрмектер мен кереует санының жеткіліксіздігінен де көптеген адам өмірмен ерте­рек қоштасты. Тіпті, ко­ро­­на­­вирус инфекциясын айт­­­па­ғанда, Ақжайық айма­ғын­­да вирусты пневмония­дан 214 адамның өмірмен қош­тас­­қаны қабырғаны қа­йыс­тыр­май қоймайды. Осы орайда олқы­лықтардан тиісті қоры­тын­ды шығарылғаны жөн се­кіл­ді.

Пандемияның ықтимал екінші толқынына әзірлік ке­зінде Орал өңірінде қандай қа­рекет жасалуда? Осы сауалды облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының жаңадан та­ғайындалған басшысы, меди­цина ғылымының докторы Бо­латбек Каюповқа қойған едік. Оның айтуынша, облыс тұр­ғындарын дәрілік заттармен және медициналық бұйым­дармен жеткілікті түрде қамту үшін арнайы тұрақтандыру қоры құрылды. Бүгінде өңір аумағындағы дәріханаларда қажетті препараттардың болуы жөнінде мониторингтік бақылаулар жүргізу ісі қолға алынған. Бұл істі мобильдік қосымшалардың көмегімен атқару көзделген.

– Дәрі-дәрмектердің резер­він қалыптастыру уақытын төрт ай мерзімге жоспарлап отырмыз. Осы орайда қажетті препараттардың 25 түріне денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде сұраныс беру жө­нінде келісім жасалды. Резерв облыстық «Ақжайық» ӘКҚ арқылы құрылуда. Соған сәйкес жабдықтау шарттары қазан айының орта шенінде күшіне кіреді деп күтілуде. Қазір облыста пандемияның екінші толқынына әзірлік деңгейі 90 пайыз төңірегінде, – дейді басқарма басшысы.

– КВИ-ға төтеп беру үшін өткен айларда дәрі-дәр­мектер сатып алуға «СК-Фор­мация» ЖШС-на 488 млн тең­геге қосымша сұраныстар жіберіл­ген екен. Қазір 339 млн теңгеге препараттар жеткізілген. Со­нымен бірге өңірде меди­ци­налық ұйымдардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі де көңілге қонады. Бұған дейін облыста жедел жәр­демнен көмек сұраған тұр­ғындарды қамту ісінде іркілістер орын алған болса, оны жақсартудың жолда­ры арнайы ұйымдармен келі­сім­­шарттар жасау арқылы бел­гіленген. Бұған қоса емханалар жанынан жұмылдырылған топтар құру ісі қолға алынған. Олар КВИ мен вирустық пневмонияға ұшыраған нау­қастар мен созылмалы ауруы бар жандарды бақылауға ал­мақ. Әрине, жоғары білімді дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жеткілікті болған жағдайда ғана тиісті нәтиже болмақ. Бұл ретте қосымша 38 маман қажет болып отыр. Бүгінде бұл мәселені шешу жолдары қарастырылуда, – дейді сала жетекшілері.

Бұл Орал өңірінде пандемия­ның алдағы толқынына әзірлік қалыпты деңгейде екенінен хабар бере алады. Бұған қоса қазіргі кезде Орал қаласында 200 орынға арналған модульді инъекциялық аурухананың құры­лысы қарқынды түрде жүр­гізілуде. Мұның жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайды. Аталған арнайы емдеу орны жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Әйтсе де алдын ала болжап білу өте қиынға соғатын індетті ауыздықтау оңайға соға қоймайтыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде әзірлігі мығым өңірлердің өзі сыр беруі мүмкін. Сондықтан денсаулық сақшылары ойға алған мақсаттарының орындалуына халық та тілекші.

 

ОРАЛ