Нұрсұлтан Жиенбаев 1981 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша және Мәскеудің Сколково басқару мектебін «Іскерлік басқару шебері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Массачусетс технологиялық институтының «Заттар интернеті: бизнес модельдері мен мүмкіндіктері» бағдарламасының және Saïd бизнес-мектебінің «Блокчейн стратегиясы» бағдарламасының сертификатталған маманы.
Еңбек жолын «ҚазақГаз» Республикалық компаниясы» ААҚ клиринг департаментінің келісім-шарттар жөніндегі менеджері болып бастаған. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттікте, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да жұмыс істеді.
Бизнес-құрылымдарда жұмыс істеген мол тәжірибесі бар. «Kazakh Invest ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болған. 2017 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығының» Басқарма төрағасы қызметін атқарып келді.
Жаңа лауазымда Нұрсұлтан Жиенбаев энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар салаларына жетекшілік етеді.
Еске салсақ, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев жуырда Қарағанды қаласының әкімі лауазымына тағайындалған болатын.
Қарағанды облысы