10 Қараша, 2013

Футбол. «Шахтер» - Қазақстан Кубогының иегері!

197 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10-11-13-shahter

Бүгін, 10 қараша күні Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде болып өткен Қазақстанның 2013 жылғы Кубогы үшін финалдық ойында Тараздың «Тараз» командасын 1:0 етіп ұтқан Қарағандының «Шахтері» осы тартуға қол жеткізді. Кеншілер командасына Кубокты матчты арнайы келіп көрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен табыс етті. Қарағандылықтардың бұл кездесудің нәтижесіне айрықша мән бергені оның басталған шағынан айқын байқалды. Олар алаңдағы арбитрдың ысқырығы естілісімен тұра алға ұмтылды. Мұнда соңғы кездері елорданың бас алаңына бойларын үйретіп қалған шахтерліктердің басымдылығы біртіндеп арта берді. «Шахтердің» бұл матчтан күтер үмітінің көп екенін кейінгі кездері команданың бас жаттықтырушысы Виктор Кумыковтың ұстанған тактикасы да аңғартып жүр еді. Ол еліміздің чемпионатында өз шәкірттерінің жүлделі орындардан көріне алмайтыны белгілі бола бастаған кезде бар күш-жігерді бірден Еуропа футбол алаңдарындағы шайқастарға аударып жіберді. Соның арқасында оның жігіттері Қазақстан командалары арасынан бірінші болып Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету деңгейіне дейін жете алды. Ал жасақтың топтық кезеңде келесі айналымға шыға алмасын білгесін, Қазақстан Кубогы үшін айқасты бірінші планға шығара қойды. Сөйтіп, ол бұдан бірқатар уақыт бұрын кәрі құрлық командалары додасының жауапты матчтары алдында қалай Премьер-лига ойындарына кеншілердің екінші құрамын шығарса, осыдан бірнеше күн бұрын Голландияда өткен топтық кезеңнің кезекті ойынына да қосалқы құрамын сала қойды. Бұл аралықта негізгі құрам республика Кубогы үшін кездесуге қызу дайындалып жатты. Олай болса, таяуда Нидерланды жерінде жергілікті АЗ командасынан 0:1 болып ұтылып қайтқан «Шахтердің» жастар тобы болатын. Өзін осындай тактик ретінде танытқан Виктор Кумыковтың командасы финалдық ойынның барысында қарсыласына қарағанда тыңдау көрінді. Оның бүгінгі қимылына қарап, биыл үш майданда қатар шайқасқан команданың сарбаздарын көргендей бола алмағанымыздың бір себебі әлгіндегідей оны осы күнге баптап жеткізген бапкердің еңбегінде жатыр еді. Сондығынан болар, бірінші тайм толық қарағандылықтардың белсенділігінде қалды. Ара-тұра тараздықтардың шолғын жасап тұрғандары болмаса, негізінен басымдық солардың тізгінінде іркіліп тұрды. Алайда, кездесудің бірінші бөлігінде екі жақ та есеп аша алмай, тең тарқасты. Екінші таймды тағы да «Шахтер» шабуылмен өрбітіп әкетті. Оның ойыншылары қарсы жаққа қысымды бұрынғыдан бетер күшейте түсті. Ақыры 53-минутта олар сол басымдылықты голға да айналдырып үлгерді. Айтатыны жоқ, ол керемет бір үйлесімділікке қоса дәлдікті танытатындай болып соғылды. Осы жерде кеншілердің «Еуропа көргендері» анық аңғарылды. Оны айып алаңына лып етіп жетіп келген допқа өзін қоршаған екі қорғаушының арасынан сытылып шығып, аяғын тигізіп үлгерген Сергей Хижниченко түсірді. Доптың ұшып келіп, оның аяғына тиюі мен одан қайта серпіліп, қақпаның торына гүмп етіп түсе қалуы құдды бір бильярдтың шарын нағыз қас шебері керімі келіскен киймен ұрғанындай әдемі әсер қалдырды. Қарағанды футболшылары бұдан кейін де есепті ұлғайтатын мүмкіндіктерді талай рет жіберіп алды. Мұндай мәурітті Александр Симчевич пен Сергей Хижниченконың бастарынан өткізді. Бірақ олар Рамиль Нұрмұхаметовті қапы қалдыратындай айла таба қоймады. Кеншілер бұдан кейін де бірнеше рет есепті еселеуге шақ қалды. Соның бәрінде тараздықтар соңғы сәттерде қақпаларын голдан аман алып қалып жатты. Соған қарамастан, «Шахтер» соңғы сәтке дейін шабуылдаудан қайтқан жоқ. Қорытындыда Хижниченко салған жалғыз доп Кубоктың да тағдырын шешіп кетті. Айта кету керек, матчты еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, УЕФА президенті Мишель Платини, оның орынбасары Григорий Суркис, Ресей Футбол одағының басшысы Николай Толстых тамашалады.   Тағы бір айта кететініміз, бұл «Шахтердің» Қазақстан Кубогы финалындағы бірінші жеңіс. Ол бұған дейін екі рет – 2009 және 2010 жылдары ақтық айқаста ұтылып қалған еді. Осы жеңісі арқылы қарағандылықтар Еуропа лигасына келесі жылға жолдама да алып қойды. Соңғы қосарымыз, «Шахтерді» 2011, 2012 жылдары Қазақстанның чемпионы деген атаққа жеткізген Виктор Кумыков биыл оған енді еліміздің Кубогын да алып беріп отыр. Ал мұндай бапкерлер тәуелсіз Қазақстан футболында санаулы ғана. Дамир Қожамқұл.
Соңғы жаңалықтар