Ең қысқа әңгіме • 07 Қазан, 2020

Сөредегі құмыралар сөйлесе...

1998 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бағзы дәуірден жеткен қыш құмыраларға қарап, қазақ даласында небір мықты қолөнер шеберлерінің өмір сүргенін байқамау мүмкін емес. Сондықтан абыз тарихтың бізге қалдырған мұраларын хал-қадерінше бағалау – болашаққа парыз. Осы бір ойды өзек қылған М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің өткеннің өнегелі шежіресін шертудегі маңызы зор. Бүгінде Орта ғасырдан жеткен баба мирасы ай­мақтың рухани құндылығына айналып отыр.

Сөредегі құмыралар сөйлесе...

 

Мұражайдың қорында қола, темір дәуірі мен Орта ғасырларда тұрғындар тұтынған 50-ге жуық қыш құмыра бар. Құмыралардың ішіне бүккен құпиясы көп. Жа­сампаз жәдігерлер алыстан қа­раған адамға қарапайым зат болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, ін­дете зерттеп, тереңіне үңілген жетелі адамға оның қадір-қасиетін ұғу тіпті оңай. Саз балшықты жа­ды мықты, тілін тапса сөйлей жө­нелетін тірі ағза десе болады. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген тұ­жырым. Шынында «Құмыралар сөйлейді» дегенге кім сенеді. Десе де, олардың әрбірі өз дәуірі, сол за­мандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертері анық. Мұны мұражай қызметкерлері де жақсы түсінеді. Келген қонақтарға тари­хи ескерткіштердің кепиетін тү­сін­діріп, келешектің санасына сәуле құюда.

– Саз балшықтың қасиеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол отқа да өте төзімді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашық­тыққа заулайтын зымы­ран­дар моторының саз балшық­тан жасалған керамикадан құйы­латынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай бал­­­қып кетеді. Ал керамика, ке­рі­сінше, оттың қызуы күшейген сайын қатая түседі. Қазіргі компьютерлер мен флешкалардың еске сақтау «мишығы» – жадысы да осы саз балшықтан істеледі. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жи­нақтап, қайта таратуға саздан жасалған мишықтар ғана қабілетті екен, – дейді музейдің бөлім мең­герушісі Жазира Тауетова.

Оның айтуынша, саз бал­шық­тың құрамы зиянсыз. Ол өзінің табиғи өнім екенімен де айрықша. Адам физиологиясы кальцийді топырақтан алады. «Ал саз құрамында 60 пайызға дейін кальций элементі бар. Ба­лаға балшық илету арқылы көп­теген психо-физиологиялық ауру­лардың алдын алуға болады. Бұл қазақы тәсілмен де астасып жатыр».

Сондай-ақ сазбалшық күшті антибактериялық қасиетке ие. Оның құрамындағы радий эле­менті ағзамыздағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектеседі. Өз кезегінде қыштан жасалған ыдыс­тарды қайта жаңғыртып, пайдалану адам денсаулығына өте пайдалы.

Жалпы, қыш құмыралардың Қазақстан жерінде шығу тари­хы неолит дәуірінен бастау ала­ды екен. Бертін келе шыны құ­мы­ралар пайда болып, орнын басқан. Әсіресе, археологиялық қазба кезінде табылған көне мұ­ралар ішінен қалыпқа құйып, күй­діріп жасалған әшекейлі қыш құмы­ралар көптеп кездеседі. Сол үшін ескерткіштердің хронологиялық мерзімін, археологиялық мәде­ниет­терді анықтаудың маңызы зор. Бүгінде археологтер сол жұ­мыс­пен айналысып жатыр.

Қыш адамзат тұрмысында ал­ғашқы қолданыста болған материалдар қатарында. Балшықтан түрлі бұйым жасап, оның берік­тігін арттыру үшін күйдіру ісі мезо­лит дәуірлерінде пайда болып, содан бері тоқтаусыз даму үстін­де.

Мәселен, ортағасырлық Ақ­тө­бе қалашығында қыш ыдыс­­­­тар­ жасайтын үлкен пештер бол­ған. Отырар қаласының орнын қазғанда сынбай сақталған әдемі құмыра күйдіру пешінің ішінен табылған. Құмыраның көлемі әртүрлі, кейбір үлкен құ­мыраға 50-60 кг ұн сыяды екен. Күй­діру кезінде құмыраның пі­шінін бұзбай қатыру үшін пеш ішінде бірқалыпты жоғары температурада сақталған. Бертін келе шыны құмыралар пайда болды. Құмыра көбіне бүйірлі, ернеулі, ұзын мойын­ды, кейбірі тұтқалы болып ке­леді.

Бір сәт өткенге көз жүгіртіп, ұл­­тымыздың тарихта алатын ор­­ны қандай деген сауалға жа­уап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екенін аңдай­мыз. Соның бірі де бірегейі осы қыштан жасалған ыдыстар еке­ні даусыз. Қазба жұмыстары кезін­де табылған қыш ыдыс­тар адамзат қоғамының әр дәуі­рінен мол ақпарат береді. Сол ар­қылы қоғамның әлеуметтік-эко­номикалық, отбасылық, этно-мәдени қарым-қатынасы жө­ніндегі мәліметтерге қол жет­кізе аламыз. Жәдігерлердің осыншама уақыт бүлінбей сақ­тал­ғанының өзі  – таңғаларлық құбылыс.

Мұражайға өңір-өңірлерден келу­шілердің қатары сиреген емес. Жыл сайын әртүрлі шаралар өткізіп, Орта ғасырдан қал­ған құнды естеліктерден сыр тар­қатып тұрады.