Экономика • 07 Қазан, 2020

Тұрғын үй нарығындағы теңселіс

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдегі тұрғын үй проблемасын түбегейлі шешу үшін 10 жыл және 25 трлн теңге керек. Қажетті қаржыны қайдан аламыз? Тығырықтан шығудың басқа жолы бар ма?

Тұрғын үй нарығындағы теңселіс

Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерға­лиевтің мәліметінше, бүгінде елімізде 2 млн 800 мың адам бас­па­наға мұқтаж. Оның 800 мыңы­ның тұрғын үйге деп сақтаған азды-көпті жинағы бар. Ал қал­ғаны жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруде.

– Мәселені күн тәртібінен ығыс­тыру үшін не істеу керек? Батыс елдері тұрғын үй мә­се­лесін біржола реттеп алды. Қазір олар мұнымен бас қатырмайды. Мәселен, соғыста күйрей жеңіліп, құлдыраған Герма­ния үшін оны реттеуге 20 жыл қажет болды. Отыз жыл өтсе де, тек посткеңестік елдер­д­ің ғана соры қайнап жүр. Егер дәл қазіргідей қарқынмен жүретін болсақ, Қазақстандағы тұрғын үй проблемасын толық шешуге 10-20 жыл керек. Оның өзі дүдәмал дүние болып тұр. Өйткені урбанизацияны естен шығаруға болмайды. Қазір ел халқының шамамен 40 пайызы ауылда тұрады. Алдағы уақытта аталған көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Енді бір бес жылда Нұр-Сұлтандағы халық саны 2 млн-ға жетеді. Олардың бәрін қайда орналас­тырамыз? Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды және мемлекеттің қолдауынсыз бұл түйіннің күрмеуі тарқатылмайды, – деді одақ басшысы.

Белгілі болғандай, қазір тұрғын үй құрылысына жыл сайын 1 трлн 300 млрд теңге бағыт­талады. Оның 40 пайызы – жеке­мен­шік үй сала­тындардың үлесі. Қар­жының 20 пайызы мемле­кеттік бағдарламалар ая­сында бөлінген. 40 пайызы – құры­лыс салушылардың қаржысы.

Т.Ерғалиевтің есебінше, мәселе­ні біржола реттеу үшін 25-30 трлн тең­ге қажет. Демек, салаға бө­­лі­не­тін қаржыны ондаған есе ұл­ғай­ту керек. Бірақ бұл мүмкін емес. Сондықтан басқа бір жол ре­тінде халықаралық қаржы ұйым­дарынан қарыз алу ұсынылды. Алай­да қазіргідей қилы кезеңде ешкімнің қарыз беруге құлқы жоқ. Оның үстіне бұл қадамның қауіпті жағы тағы бар.

– Мәселені шешудің оңтайлы бір әдісі – жеке тұрғын үй құрылысын да­мыту. Құдайға шүкір, қазақтың жері кең. Соны тиімді пайдалану керек. Бұл үшін жылына тұрғын үй құры­лысына 5 трлн теңге бөлінуі керек. Бұл да аз ақша емес. Бірақ табуға болады. Бөлінген қаржыға қа­ла­­­лар­ға жақын орналасқан елді мекен­дерден жер учаскелерін беру, ин­­фра­құрылымды тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонда мәселені шешуге бес есе аз ақша жұмсауға мүмкіндік бар, – деді Т.Ерғалиев.

Ел азаматтарының 10 сотық жер алу­ға құқылы екенін біле­міз. Алай­да экономист Рахым Ошақбаев кел­тірген мына бір статистикаға үңіл­сек, жеке тұрғын үй құрылысын дамы­тудың өзі қиындық тудыратынын бағамдауға болады. 2019 жылғы дерекке сәйкес, 1,5 млн адам мемлекеттен жер учаскесін алу кезегінде тұр. Ал 2012-2018 жылдары небәрі 122 мың жер учаскесі ғана берілген. Яғни жер телімін беру қарқыны өте төмен. Кезегін күткен мыңдаған адамды қамту үшін көп уақыт керек.

– Қазір тұрғын үй құрылысы қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Біріншіден, девальвация мен инфля­цияға байланысты жылжымайтын мүлік­тің өзіндік құны өсіп келеді. Тұрғын үй құрылысы 2000 жылдардан бастап қарқынды дамуда. Өкінішке қарай, содан бері баспана бағасы бір рет те төмендеген емес, төмендемейді де. Иә, құбылып тұра­ды, бірақ бәрібір баға шарықтай тү­седі. Себебі біздің елдегі инфляция жоғары. Ресми деректерде инфляция 6-8 пайыз деп көрсетілген. Ал шын мәнін­дегі көрсеткіш 12-15 пайызды құрап отыр. Бұл жердегі мәселе инфляцияның дұрыс есептелмеуінде. Екіншіден, жұмыс күші жетіспей жа­тыр. Карантинге байланысты Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан се­кіл­ді елдерден келетін арзан жұмыс күшінің тартылуына тыйым салынды. Осы фактордың өзі тұр­ғын үй бағасына тікелей әсер етуде, – деді Т.Ерғалиев Қазақстан құрылыс­шылар одағы және Түркі әлемінің Орталық Азия бойынша Инженерлер мен сәулетшілер одағының алғашқы бір­лескен отырысында.

Одақ басшысының айтуын­ша, еңбек ресурстарының жетіспеу­шілігі де өзекті мәсе­ле. Мемлекеттік органдар, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­­тасы  аталған проблеманы рет­теу­дің тетігі ретінде кәсіптік-тех­ни­калық білімді дамы­туға көңіл бөлді.

– Бірақ бұл мәселені шеше алмайды. Себебі жастар кәсіптік-тех­никалық білімді таңдамайды. Жуыр­да құрылысшыларды даярлайтын бір колледжге бардым. Жыл сайын 100 түлекті тәрбиелеп шығарады екен. Ол қай жыртықты жамайды? Бір ғана компанияның өзінде 100-ден аса адам жұмыс істейді. Қазір құрылыс саласында 700 мың адам еңбек етуде. Сондықтан 100 түлек теңізге тамған тамшыдай ғана болмақ. Мұн­дай мәселе біздің елде ғана емес, тұтас әлемде етек алған тренд екен. Жастар индустрияға барғысы келмейді. Жапония да дәл осындай проблемамен бетпе-бет келіпті. Күншығыс елі вьетнамдықтарға бес жылға визасыз режім енгізу арқылы тығырықтан жол тапқан. Біз де осы жолды ұстануымыз керек. Біліктілігіне қатысты ешқандай талап қойылмайтын қара жұмысшылардың жетіспей жатқаны, осы фактордың тұр­ғын үй бағасына әсер етіп отыр­ғаны өкінішті, әрине, – дейді Қазақ­стан құрылысшылар одағының басшысы.

Т.Ерғалиевтің болжамынша, тұр­ғын үй бағасы қымбаттайды. Құ­­­рылыс үшін қаңтар-ақпан өлара кезең. Ал көктем туысымен материалдар қымбаттайды. Электр энергиясы мен тасымалдау құны өседі. Бензин бағасы да шарықтайды. Осының бәрі түптеп келгенде баспана бағасына әсер етеді.

– Меніңше, комфорт-класс, бизнес-класс үйлердің ба­ғасы қым­­баттайды. Мұндай бол­жамға Пре­зиденттің биыл­ғы Жол­дауында ай­тылған Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қо­рындағы шекті мөл­шер­ден асқан қаржыны пайдалану негіз болып отыр. Бұл мүмкіндікті 700 мыңнан астам адам пайдалана алады. Олардың шекті сомадан асқан қаржысы – 1 трлн 400 млрд теңге. Мұндай мүмкіндікке ие адамдар – тұрақты жұмыс істеген, зейнетақы салымын үзбей аударған орта тап­тағы жандар. Әдетте, бұл адамдар баспанаға мұқтаж емес. Демек, олар мүмкіндікті пайдаланып, комфорт-кластан, бизнес-кластан жайлы пә­тер алуға тырысады. Осы факторды ескерсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалаларындағы үй­лердің бағасы қымбаттайды. Екін­ші фактор – девальвация да бағаға түзету ен­гізеді. Теңге құнсызданып келеді. Яғни құ­рылыс тағы қымбаттайды, – дейді Р.Ошақбаев.

Былтыр Қазақ­станда 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның 7 млн-ы – көп пәтерлі тұрғын үй, 6 млн-ы – жеке тұрғын үй. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланды. Бұл Қазақстан үшін тарихи рекорд. Еліміз бұрын-соңды мұндай көрсеткішке қол жеткізген емес. Бұл көрсеткіш бо­йынша Қазақстан ТМД аумағында көш бастап тұр.