Әдебиет • 08 Қазан, 2020

Азаттық қызы (Новелла­­­­)

659 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қудай аппақ шашы жеңіл тартылған шымқай ақ дәкелі орамалдан ажырағысыз боп, Гүлнәр апа аурухана төсегінде талмаурап жатыр... Ертеңгі ота алдындағы елес-кезбе ойлары тыншытпағанымен, сабырлы қалпын бұзбай, екі жылсыз ғасыр адақтаған Алаш-Апа текті мінезбен ажалға тойтарыс бергендей түйіліп, түңіліс түндігін серпіп тастаған сыңайлы...

Азаттық қызы (Новелла­­­­)

...1988 жылдың 4 қарашасы. Алматы. Қара жаңбыр шелектеп құйып тұр. Гүлнәр туған күнін атап өтуде. Үй-іші мәре-сәре. Сырт­тан ешкім шақырылмаған. Есік қоңырауы... Ұзын бойлы, арық кісі имене кірді. Жақын араласатын ғалым еді.

– Кіріңіз! Төрлетіңіз!

– Туған күніңізбен, Гүлнәр апа! Жетінші мүшелге аяқ басуыңызбен құттықтаймын! Енді 7 жылдан соң 80-нің төрі ме?

– Рақмет айналайын! Ұрпақ­тарым, Елім аман болсын! Алла қазағымды Тәуелсіздікке жеткізе көрсінші!

– Міржақып Дулатов ақталды, апата­йым!.. Ақталды! – деді ғалым өзін-өзі ұстай алмай елеуреп.

Гүлнәр сүлесоқ күймен таңдана:

– Қойшы! Ақталғаны несі?! Ағат ес­тіген шығарсың?! Құлағыма сенбеймін!

Ғалым апасын қапсыра құшақ­тап:

– Жоғарғы Соттағы күйеу балам осы жаңа жасырын білдіртті. Ақталды! Шешім солай! – деді күбіжіктей әрі шаттанған күйі.

Гүлнәр ғалымды шөпілдетіп сүйе бас­тап, дауыс салды:

– Ақталса, ақталғанын жасыра тұрайық! Ешкімге айтпашы, айтпашы ешкімге! Тіс жармашы, ешкімге! Жалынамын! Тісіңнен шығара көрме! Ресми жария етілгенше... Құдайым-ау! Мен не естіп тұрмын? Өңім бе, түсім бе? Ақталды дейсің бе? Елден сүйінші кім сұрайды? Сұрайсыңдар ғой! Гүлнәр Міржақыпқызы «ха­лық жауының» қызы емес деп сүйіншілейсіңдер ғой! Мына мен – Адалдықтың, Азаттықтың қызымын! Тәуелсіздік те кешікпей келіп қалар-ау!..

Қаракөлеңке шақ. Гүлнәр кереуетте киімшең жатыр. Ойлар... Елес... «Әкешім, ақталдың-ау ақыры!». Дәл менің туған күнімде ақталдың!

1

...Түн ортасы ауған шақ. Торғайдың қиыр түкпіріндегі ауыл. Боран ұлып тұр. Терезені қар сабалап, қаракөлеңке бөлмені одан бетер үрейлендіре түскен. Бұрышта үнемі ыңырсып жататын дімкәс кейуананың дыбысы да естілмейтін секілді. Қасында бір ноқат қарауытады. Заржақ неменің жағы семгендей. Бөлмеде өлі тыныштық орнаған. Бір кезде есік ашылып, үрпиіскен адамдар кірді.

– О, құдайым! Сорпа-су іздеп құр сүлдерім жеткенде, көрсеткенің осы ма? – деп Дулат жалма-жан жатқан әйе­ліне төне түсіп, жұлқылай бастады. – Тірімі­сің, Дәмеш? Ояншы! Қыбырлашы! Жа­лынамын, жұбанышым! Жалғыз тастамашы мені! – Абайсызда, аяғын басып кеткенде өзінің екі жасар құйтақандай Міржақыбы шар ете қалды. – Ой-ой-й! Сормаңдай! Шешесінің қойнында жатқанын қарашы, ә?! Өзі еңбектеп жетіп құлаған-ау, шамасы!

– Таста, оны былай! Әйелің өзі, өлі-тірі ме? Соны білейік те! – деп абысыны Дә­меш­тің салбырап жатқан білегінен шап бе­ріп, тамырын ұстап, іле кеудесіне қолын жүгірт­ті. Сол-ақ екен, шоқ басқандай шың­ғырып жіберіп, дауыс қылып, шашын жұла бастады. – Жү-ү-ү-ү-ріп кет-іп-ті-і-і бай-ғұ-с-с!

– Анасыз қалдың, Міржақыбым! Ақ сүтіне тоя алмадың! Жетім қозым! Қошақаным! Тағдырдың тәлкегі ме? Анасыз күнің болса да, Отансыз күнің болмасын, сәбиім! Еліңнің ұлы бол!.. Бұл сөзімді ана аманаты, менің аманатым деп ұқ, бозөкпем! – деп Дулат сәбиін жерден көтеріп алып, күңіренді.

...Қарқаралы шеруі. Теңіз толқы­нындай аптыға тулаған асау халықты кернеген ашу-ыза бұғалық берер емес. Төбелерінен жоғары-төмен қылтиған транспаранттар да қаһарлы зәрін төгетіндей: «Қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың өз меншігі болсын!»; «Ар-ождан бостандығы болсын!»; «Білім беру ісін дұрыс жолға қою керек!»; «Қазақ тілінде газет шығарылсын!».
Топ­тан оқшаулау тұрғандар да қызуқанды сөзге кіріскен. Наразылық білдірушілер тілегі: «Қазақтардың діни көз­қарасына еркіндік берілгені жөн!»; «Қазақ даласына орыс шаруа­­ларын орналастыру тоқта­тыл­сын!»; «Бітімші сот институттарын енгізуді талап етеміз!»; «Сот әділ болуы үшін судьялар өзі қызмет ететін халықтың тілін білетін болсын!»; «Қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын қолдау үшін заң шығару жиналысына қазақ депутаттарының қа­ты­суы қажет!». Ұран тастаушылар мен өкімет сақшылары қақтығысып та қал­ды... Жандармдар шеруді қуып таратты. Жиынды басқарушы топтарға да қоқан-лоққы көр­сетілді. Міржақыптың иығына ду­бинка тиіп, омақаса құлады. Оны арашалауға ұмтылған Ахмет Байтұрсынов күңіренеді... «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам...»;
«...Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!».

Міржақып жанары жарқылдап:

– Әне, қыран жүректілер деп осыларды айту керек. Бодандықтан – бостандыққа ұмтылған өңкей сұңқар тектес өр мінез­ділер. Қалай-қалай ытырынып тұр, – деді кеуде кере.

– Басшысы келіссе, қосшылары дайын-ау! Менің «Масам» да енді ызыңдауын тіп­тен күшейте түсер! – деп Ахмет зор дауыс­­пен өлеңдете жөнелді.

Міржақып қос қолын көтеріп, айбаттанды:

– Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер бас­ты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты! – деп Міржақып алдындағы ағасын жаңа көр­­гендей боп қадалды. – Ахмет аға! Аға дей­мін! Айтыңызшы, мен не дедім?! Құр сандырақ па, әлде? Ауырып қалған жоқпын ба? Басымнан сүйеңізші, Аға!

Ахмет өбектей қуанып, басу айтты:

– Құдай салды бұл сөздерді сенің аузыңа! Иә, Құдайым салды! «Оян, қазақ!» деп тұрсың ғой қараңғы қапастағы қалың еліңе! Сен қазірден бастап бақытты Мір­жақыпсың!

Міржақыптың көзінен тамшы жас үзіліп түсті...

...Қызылорда. 1928 жылдың аяғы. Түн ортасы. Қарсыз қара суық дауыл тас ұшырардай құтырынады. Есік қақырата қағылды.

Ғайнижамал төсегіне қисая беріп, ұшып тұрды:

– Сұмдық-ай! О, сұмдық!

Міржақыптың көзі ілініп кетіп еді, қатты дүрсілден басын көтеріп алып:

– Өзім ашам! Кім бұл? Қазір, қазір.., – дегенше болған жоқ, есік ішке опырылып түсті.

Тарсылдан оянып кеткен Гүлнәр елір­ген қара киімді үшеуді енді көріп, бақырып жіберді.

– Міне, арестке рұқсат қағазы. Тін­те­міз! Еш қимылдамай тұрың­дар! Қолжаз­баларыңды қайда тықтың? Қане, көрсет! – деп әкірең­деген біреуі Міржақыпты нұқып жіберді.

– Әкеме тимеңдер! Пышақпен жарып тастаймын! – Он үш жасар Гүлнәр үстел үстіндегі пышаққа ұмтылды. – Жай­ратамын бәріңді!

Пышақты тартып алған біреуі:

– Қарай гөр! Алаштың қаршадайына дейін көк бөріден ауызданған-ау! Көзін қарашы! Өңменіңнен өтеді. Бөлтірігін де құрту керек бұлардың, – деп тістенді.

Келесі бөлмеде әкесінің қағаздарын Міржақыптың көзінше жүнше түтіп қо­парыс­тырып жатқандарға айбаттанып айқай­лаған Гүлнәр:

– Әкемнің қағаздарын әкеткен­деріңмен, оның миындағы ойларын қолды қыла алмайсыңдар! Ондай ақыл-ой байлығын өз қазағына өзі ғана шығара алады, – дей бергенде Міржақыптың қарақұсына тапанша дүмбісі қатты тиіп, сұлап түсті.

– Ұруға қақыларың жоқ! Гүл­нәрім! Шап­шыма! Тыныш жат! Бұлар аямайды. Әкең бәрін өзі біледі. Бірінші көрген құқайы емес қой! Майып қылар, тыныштал, қызым! – деп ана байғұс бәйек боп шы­рылдауда.

Олар бөлмеден бір бума қобы­раған қағаз алып шықты да:

– Осы жазғандары да түбіне жетер. Қапшыққа салайық, – деді де Міржақыпқа зекіп айқайлады. – Әкетеміз сені! Қоштас отбасыңмен! Бол, тез!

– Әзірге сау болыңдар, жарандарым! Дәнеңе етпейді! Халқым барда жоқтаусыз қалмаспын! Өздерің мықты болыңдар! – деп Міржақып қоштасып, бұрыла бергенде, жапсарлас қорадағы Алакөз аты жан дауы­сы шұрқырай кісінеп қоя берді. – Маған енді Алакөзімнің жалынан бір сипауға мұрсат беріңдер! Өтінем!

– Дулатов, есің дұрыс па? Өйтіп, мазақ етпе бізді! Жүр, алға түс. Атшылын мұның!

Міржақып сенекке шыға бе­ріп, Ала­көзге тұра ұмтылды. Басынан сипап, жалынан құшты, кеңсірігінен сүйді:

– Асыл тұлпарым! Алакөзім! Қайтып оралам! Күт! Аңға бірге шығамыз, әлі!

Жендеттер бір-біріне таңырқай қарасты:

– Мәссаған! Атының көзіндегі моншақ­таған жасты қараңдар! Өң бе, түс пе? Аттың жылағанын бірінші көруіміз. Қызық болды-ау, өзі! Атын да ала кетсек қайтеді? Ат емес, адам емес пе, өзі! Дұрыстап қараңдаршы!..

Міржақыпты қорадан желкелеп шығар­ғанда, Алакөзіне соңғы рет көзін салған ол жанарынан үзіліп түскен жасты ешкімге көрсетпей сылып тастады. Бұл кезде Ғайнижамал есік түбінде есінен танып сұлап жатқан. Гүлнәр сыртқа жалаңаяқ атып шығып, ақ қарды кешіп, «әкелеп» өзіне жан - ұшыра ұмтылғанын байқады...

...Вокзал басы. «Халық жауларын» вагонға тиеп жатыр. Аласапыран жұрттың арасымен сығылысып Ғайни­жамал мен Гүлнәр алға ентелейді. Ва­гонға қол созым жер қалғанда, пойыз­ іл­би қозғалды. Көп ішінен жан-дәр­мен сытылған Гүлнәр қол­тығына қысқан түйіншегін жоғары көтеріп «әкелегенде», Міржақып қызын көріп қап, вагон көзінен қол бұлғады.

– Қызым! Пойызға түсесің! Кері қайт! Қош!

– Әке! Мамам пісірген бәлішті алшы! Мә, қолыңды созшы. Мә, әке! Дәмі қандай! Тәтті! Алшы! Алшы!..  Дәмі таңдайыңнан кетпестей!..

Осы кезде Гүлнәр жауырынынан тиген қатты соққыдан мұрттай ұшты.

...Міржақыптың жақын інісі Шайлан Торғайға жүруге қамдануда. Үй сыртында қараң-құраң адамдар көрінеді. Шешесі Ғайнижамалдың қасында тұрған Гүлнәрдің көзі бұлаудай боп ісініп кетіпті.

Шарасызданған Шайлан:

– Несіне жылайсың, балам? Бутыркадан әкеңнің жазған хаты бойынша Алакөзді әкет­келі тұр­мын ғой. Әйтпесе, нем бар, килігіп! Маған оңай дейсің бе? Ауыз­да­рың­нан тамақты жырғандай болдым-ау! – деп күйінді.

– «Соймаңдар, елге апарсын! Қызыл­ордада көзқұртына айналады. Аш-жалаңаш кезде ұрлыққа ілініп кетер». – Міне, әкеңнің аманаты осы. Сарыуайымға салынбайық, қызым! – деп шешесі де басу айтып жатыр.

– Алакөз кетсе, мен де кетем! – Гүлнәр долданып, бөлмені кезіп кетті. – Бермеймін, Шайлан ата! Қызбел ауылындағы аштықта сойып жейсіңдер! – Аттың басын аймалап, бақырып жылады.– Кетпеші, Алакөз! Кетпеші! Зорлап әкетсе, Қызылордаға қайта қашып келші, Алакөзім!

– Уақыт тар. Жол ұзақ. Маған сеніңдер. Міржақыптың аманатын өле-өлгенімше орындаймын! Сатпаймын, сойдырмаймын! Тұқымын жаям, өсірем! – деп Шайлан атты жүгендеді. Алакөз тыпырши осқырынып, шұрқырай кісінеді. Гүлнәр есі ауғандай шыңғырып Алакөздің тұмсығын сүйгілеп, жалына жармасты.

...Аядай бөлме іші алакөлеңке. Ах­­мет Байтұрсынов, тағы басқа алаш арыс­тары жиналған. Бәрінің қабақтары қату­лы. Тұнжыраңқы. М.Дулатовтың отбасы мүше­лері жылап-сықтап, күңіреніске түскен.

Ахмет көзілдірігін бір алып, бір шешіп, егіле үн қатты:

– Бекем бол, Гая! (Ғайни­жамалды осылай атайды). Міржа­қыпты енді қайтара алмаймыз. Артының қайырын берсін! Сосно­вецте жер жастанды. «Жаза гөр топырақты елден, Алла!», деп тілеуші еді өзі! Бір Алла біледі, арғысын! Гүлнәр қызым! Сен де мықты бол! Енді әке аманатын арқалайтын өзің боласың! Ұқтың ба?

Гүлнәр солқылын басып:

– Ұқтым, жан Ата! Мәскеуден Әлихан Бөкейханов атам да дәл осындай сөзбен көңіл айтып, қаралы жеделхат жолдапты. Орынборда екеуіңіздің тізелеріңізге алма-кезек отырып, әңгімелеріңізді таласып тыңдайтын едім ғой, жан Ата! Сосын естігендерімнің бәрін әкеме қайталап айтудан жалықпайтын едім ғой...– деді де атасының мойнынан қапсыра құшақтады.

–  Гүлнәр қызым! Естігеніңнің бәрін кейін халқыңа кітап арқылы жеткізетін күн де туады... Соған дайын бол! Елдік ой ойлайтын адамға қайғы жуымай­ды. Көтеріңдер еңселеріңді, ай­­на­­лайындар! Алла­ның ісін кімнен жасырасың? Өз кіндігімнен ұрпақсыз болсам да, күллі қазағымды ұрпағым деп есеп­теймін!.. – деп кеңкілдеп, басылған Ахмет ойлы жанарын терезеден сыртқа қадады. Ту-ту алысты аймалағандай болды.

– Үшемнің сыңарындай едіңіздер-ау! – деп Ғайнижамал көзінің жасын сүртті. – Міржа­қыпсыз сіздер қалай жүресіздер?! Әлихан аға үшеуіңізді айтамын. Қалай елестетем?! Сосновецте бір ай болғанымда әуелі халқын, сосын сіздерді аузынан тас­тамайтын. Сіздің «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!» – деген сөзіңізді жиі қай­талап, жарқын болашақ туатынын, ел егемендік алаты­нын болжамдағанда, көзі­нен тас қай­рақ­тың ұшқыны шашырайтын.

– Қазағымның жаппай оянға­нын көре алмай кетті-ау, Жақаңым! Әлиханның өзі «сол қанатым!» деуші еді Міржақыпты! – деп Ахмет мұңайған үнін әлдене өршілдікке жанығандай, сәтте қаһарланып шыға келді.

...Орталық партия коми­теті. Бірінші хатшының қабыл­дау бөлмесі. Мирзоянның шақыр­туымен Гүлнәр Дулатова келіп отыр. Кезегі енді-енді жетіп қалды.

– Гүлнәр Міржақыпқызы, Левон Исаевичке кіріңіз. Сөмкеңізді осында қалдырыңыз!– деді хатшы қыз.

– Сөмкемде әке-шешемнің суреттері бар еді. Үлкен кісіге көрсетуге әкеліп едім...

– Тастаңыз! Құр қол кіріңіз! Тез! Ырғалып-жырғалатын жер емес!

Мирзоян лып етіп тұрып, сәл адымдады да Гүлнәрға қолын ұсынып, орындықты меңзеді. Жүзі қуақы. Көзінен көлгірсу аңғарылады.

– Гүлнәр Міржақыпқызы! Сіздің маған тіреп жазған хаты­ңызбен мұқият таныс­тым. Зор мақ­сат! Әрине, білімсіз ештеңе өн­бейді. Талабыңызға тәнтімін. Қандай оқуға түскіңіз келеді?– деді айбынды кісі елпілдеп.

– Өте дұрыс! Бірақ онда бәсеке жоғары. Қазақ қызының жолы жіңішке деген тағы бар ғой, – деді ол жүзіне мысқыл жүгіріп. – Орыс халқы және «менмен», тәкәппар келеді. Шын айтам! Түсіп алып, оқи алмай жүрсең... Көмектесерміз-ау! Бірақ...

Гүлнәр өршіл үнмен басшының көзіне тіке қарап сөйледі:

– Левон Исаевич! Түссем болды. Одан әрі қам жемеңіз! Жолдама құжатымдағы «халық жауының» қызы» – деп мөрленген таңбаны жойып берсеңіз. Өзім де... Да­йындығым күшті!

Мирзоян таңданып, жымия қалды:

– Халық жауы! Қандай қатыгез атау! Түсінбеймін мүлде! Дулатов қазақ еліне пайда әкелуден басқа нені аңсапты?! Өзге сасық пиғылдылар санатына күштеп енгізіп жіберген ғой! Әйтпесе! «Оян, қазақ!»-тан – не мін, саяси қателік табуға болады? Айтшы, Гүлнәр қызым?!

– Левон Исаевич! Сіз неткен мейірімді жансыз! Әкемдей көріп кеттім ғой! «Оян, қазақ!»-ты қазақша оқып көрсеңіз ғой, әттең! – деп Гүлнәрдің көзі жайнап кетті.

Мирзоян түлкібұлаңдана, қазақша кекештеніп:

– О-о! О-ки-д-и-и-мм!– Сұқ саусағын шошайтты. – Оқуға түсесің! Жолың ашық болады! Қазақ қыздары керемет қой! – Арсыздықпен сұғына қадалды да, телефон нөмірін терді. – Сәт­баевты қосыңыз!.. Сіздің Томск университетімен байланысыңыз жақсы ғой! Дулатов, ие Дулатов, Дутов деп ойлап қалма, соның қызы отыр менде. Оқуға түсір, Томскіге! Барыңды сал! Сенің миыңда көп нәрсе бар ғой!.. – Көлгірси күліп алып. – Қазақ үшін аянбайтын қасиетіңнен айналдым сол!..

Мирзоян Гүлнәр шығысымен орнынан шоқ басқандай ыршып тұрды. Ішкі желімен хабарласып, әлдекімге дөң-айбат шеге бастады:

– Жексұрын Дулатовтың қосымша ісіне қызы Гүлнәр Мір­жақыпқызының кейінгі құ­жат-деректерін толықтырып тігіп қойыңдар! Індетіп жинап, пы­сық­таңдар! Мәскеуге жіберіліп тұ­ратын «қара тізімді» тез әкел маған!

Іле серейген біреу жетіп келді. Мирзоян оның ұсынған қағазын қолы қалтырай ұстап, көзіне тақады. Басы қалтылдап, үңіле түседі. Үстелді қақырата қойып қалып, жаналғыштай шабынды:

– Неге жоқ олар? Неге қос­паған­сыңдар?! Дулатовтың айнымас серігі, заңгер Сейдәзім Қадырбаевты айтам! Лениннің еңбектерін қазақшалап, орысқа жағынып жүрген нағыз сұмпайы сол! Білімі ұшан-теңіз. Көзін құрту керек! Сосын Дулатовтың туған ағасы Асқар Дулатовты қосыңдар дегенім қайда? Сволочи! Меңіреулер! Өз армяным деп жүр­сем сені. Маған жаның ашығаны осы ма? Құртам! Сволоч! Маған мы­наны айт! «Қара тізім» жоспарын асыра орындадық білем! Мәскеуге енді қосымша тізім ұсынуымыз керек! Мүмкіндігіміз бар ма?.. Жауыздың әлгі қызын назарыңа мықтап ұста!..

Бұл кезде сыртқа шыға бере сөмкесін асығыс ақтарған Гүлнәр­дің қолына еш сурет ілікпеген еді... Осындай бастапқы, жымысқы қулықпен қуырылған құрытқыш құқай дымын білдірместен өрши түсіп, кейін студент қыздың «Дулатова» деген тегін қанша қыс­пақтаса да өзгертпегені үшін университеттен қуыларын, қатыгез бейнетке малынған дәл қазіргі аңқау Гүлнәр қайдан сезсін...

...Арада елу сегіз жыл өткен. Бидайық ауылы. Міржақып Дулатовтың Карелиядан әкелінген мүрдесі қойылған мазар. Құран бағышталды. Ас беріліп, соңы күрес, ат бәйгесіне ұласты.

– Жүз қаралы ат кетіпті-ау! Ішінде ала байтал да бар дейді.

– Иә, баяғы Алакөзімнің тұқы­мы екен! Жарықтық! – деп Гүлнәр апа күнқағарынан асыра алысқа көз тікті.

– Әне, дәл сол! Аудан бәйгесін бермейтін ала байтал. Енді бүкіл республика аламанына салыпты. Асығыстық емес пе?– деді бір жан­күйер жанашыр үнмен.

Осы сәтте дауыстар жамырай шықты:

– Құйын тұрды! Құйын! Әне, ала байтал бірін, екіншісін, үшін­шісін басты! Алдағының құйысқанын... ілді! Мойыны озды! Толық тұрқымен шықты!.. Не шабыс бұл?! Ненің құдіреті, Құдайым-ау! Ненің екпіні?! Ненің сұрапыл дауылы?

Гүлнәр көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылап жіберді:

– Ала байталым, армансызбын! Ала­көзімнің тұяғы! Әкемнің көзіндей боп, аламанда бас бәйгемен намысын жыртты ғой!

Шабандоз баланың маңдайынан елжіреп сүйді... Не құдіретті сезім дерсіз, сол сәтте бүкіл денесін тер жуған ала байтал тұмсығымен Гүнәр апаның ақ қал­пағын жеңіл ысырып, жиырылған ернін кейуананың бетіне мейірлене тигіз­ді... Гүнәр апа жалынан си­­пап, тер жуған көз жасы ма екен, жануардың мол суланған жа­нарын алақанымен аялады... Арқырап қоя берді. Баяғы әкесі ұс­талардағы Алакөздің қайғылы даусындай емес, қуанышпен күмбірлеген өзгеше қоңыраулы үн еді... Гүлнәр апаның буын-буыны босап, қолтығынан демегендердің көме­гімен ілби жүріп келе жатып, тәтті тілек байламын жасады: «Әкемнің кешегі сөзі – «Оян, қазақ!» болса, енді оянған халқыма айтар бүгінгі менің сөзім – «Ойлан, қазақ! Ойлан, ойлан, қазағым! Кешегі ата-бабаларымыздың, Алаш арыстарының ар-намысынан жаралған киелі Тәуелсіздік туын жығып алмайық!».

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты