Пікір • 08 Қазан, 2020

Кемеңгер жолы – келешек жолы

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абай аманаты» атты мақаласында ұлтымыздың тұңғыш лингвист ғалымы Құдайберген Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің тұңғыш классигі» мақаласына сілтеме жасайды.

Кемеңгер жолы –  келешек жолы

Елбасы халқына «ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір» бола білген Абай бабамыз «Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін Александр Пушкин, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, немістер үшін Иоганн Гете, америкалықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға» деп, ұлы ақын, дана ойшылдың тұлғасына баға берген.

Айта кетер болсақ, Абай қайтыс болғаннан кейін 30 жылдан соң жазылған Құдайберген Жұбановтың аталған мақаласы өз заманында түйдек-түйдек ойларымен әдеби ортаны селт еткізіп, қарымды, өткір, шыншыл туынды ретінде қабылданған болатын.

Елбасы Абайды қалай танығанын, оның ілімін танытуға себепкер болған жандарды атайды да, «Абай шыңына көтеріліп тұрып, Абай рухына тағзым еттім. Ұлы ақынның өз халқымен бірге адамзаттың биігінен көрінгенін тіледім» деп, қалың жұртшылыққа ой тастайды. Күні кеше ғана 85 жылдық мерейтойын атап өткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласы ХХІ ғасыр­дағы абайтану ілімін жаңа қырынан игеруге жол ашады деген пікірде.

Егер де ХХ ғасырдың басындағы қа­зақ руханиятына жаңа көтерілген Қ.Жұбановтар буынының өмірлік бағдары, темірқазығы Абай тағылымы болғанын ескерсек, ХХІ ғасырдағы жаңа буынның дүниетанымы мен өмірлік бағдары да Абай тәлімімен қалыптасып жатқанын айта кеткен жөн.

Абай – елдің бағдары, темірқазығы. Жаһандық саясат алмағайып өзгеріп жат­қан уақытта, есті ұлт, есті мемлекет болып қалу үшін, өзге өркениетпен қанат­таса, үйлесімді дамып отыру үшін де өз Абайы болуы керек. Елбасы «Абай аманаты» мақаласында өркениеттер тоғысында, дүние өзгеріп жатқан кезеңде халқымыздың таразының басын тең ұстап, үйлесімді даму шеңберінен шығып кетпеуін шегелейді. Сол үшін де Абай керек. Абай ақылымен ақырын жүріп, анық баса берсек, өркениет көші­нің соңында қалмайтынымыз анық.

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры