Руханият • 08 Қазан, 2020

Адасқан әупілдек

1257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының орталығындағы тұрғын үйлердің маңынан өзіміз көп оқып, жиі естіп жүрген кәдімгі әупілдек құс табылды. Бір қанаты қайырылып, ұша алмай қалған сирек кездесетін жыл құсын қаладағы пәтер иелерінің тұтынушы кооперативінің жұмысшысы ұстап алған. Бір аптадан бері кооператив ұжымы әупілдекке пана болатын орын іздеп әуре.

Адасқан әупілдек

 

Қаладағы «Құрылысшы-2» пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері әупілдектің әр­бір қимылын қызық­тап, әдемі үлпілдек қауыр­сын­дарын сипап көріп, мұндай құсты бірінші рет көріп тұр­ғандарын тамсанып айтады. Бейбақ құс өткен жұмада Го­голь кө­шесінің бойындағы 146-шы үйдің маңынан табылып­ты.

– Тапсырысты орындап болып, есеп беру үшін кеңсеге қарай келе жатыр едім, әлдебір құстың жер бауырлап ұшып бара жат­қанын байқадым. Көп ұза­май анадай жерге барып қонды да, бір қанатын сүй­ретіп бір-екі аттап барып кілт тоқтай қалды. Жанына жа­қындап барып едім, қашуға ша­ма­сы жоқ, әбден әлсіреп қа­лыпты. Әп-әдемі, үкідей жұмсақ үлбіреген құс екен. Қойныма қысып, көтеріп үйге алып келіп, күтім көрсете бастадым, – дейді кооператив слесарі Григорий Куличенко.

Демалыс күндері Григо­рийдің үйінде болған әупілдек әл жинап алған соң, үй ие­сіне айбат шеге бастаған. Сон­дық­­тан құсты кооператив кең­­­сесіне көшіріп, жұмыс ка­би­нетіндегі шкафтың ішінде ұстауға тура келген.

– Қазір адамдардың көбі экзотикалық құс, жануарларды ұстаумен әуестенеді. Бұл әупілдекті бәлкім солардың бірі босатып жібере салуы мүмкін. Бүгінде жануарларды қорғаумен айналысатын еріктілер қо­ғамы көп. Енді сондай ұйымдардың бірінен көмек күтеміз. Өйт­кені жабайы құсты ұстап, бағып-қағу құстың тілін түсінетіндей арнайы бі­лім­ді керек етеді. Ор­нитолог ма­мандар қолұшын созып қалар деп үміттенеміз, – деді «Құ­рылысшы-2» пәтер иелері кооперативінің заңгері Елнар Жармағамбетов.

Мамандардың айтуынша, әу­пілдек аққұтандар тұ­қым­­дасына жатады екен. Таби­ғатта сирек кездесетін әрі жо­йы­лып бара жатқан құстар сана­тын­дағы бұл құс өзен-көл­дер­дің жағасындағы қалың қамыс­тың ішін мекендейді. Тобыл жа­ғалауына көктемде келіп, ұя салып, балапандап, қа­занның соңына қарай жы­лы жаққа ұшып кетеді екен. Қостанайдан та­­былған әупілдектің тағдыры қалай болатынын, қазірше, бол­­жау қиын. Бірақ облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының ма­мандары кооперативке хабар­­­­­ласып, құсты өз қамқор­лық­та­ры­на алатындарын айтыпты.

 

Қостанай облысы