Аталған компания бұл медициналық дәрілерді Денсаулық сақтау министрлігіне көрсетілген гуманитарлық көмек аясында сатып алып, жеткізді.
– «Шеврон» компаниясы үнемі әлеуметтік жауапкершілік танытып, Қазақстандағы өзекті мәселелерге ешқашан бейжай қарамайды. Елімізге көрсеткен гуманитарлық көмек үшін, дәрілер үшін компанияға алғыс айтқым келеді. Қазақстандағы коронавирус инфекциясы мен пневмонияның таралуын осылайша бірігіп тоқтата аламыз, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
«Шеврон» компаниясының Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц Алматы қаласына дәрі-дәрмектердің бірінші топтамасы келгенін қуанышпен хабарлап, компания осындай қайырымдылық жобасымен Қазақстан халқына күрделі кезеңде қолдау көрсеткісі келгенін мәлімдеді. Бұл дәрі-дәрмектің бәрі емханалар мен ауруханалардағы пациенттерге жеткізіледі.
Мемлекеттің пандемияға қарсы күресіне көмектесу үшін «Шеврон» Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, аса қажетті дәрі-дәрмек тізімін құрды. Дәрі-дәрмекті жеткізумен қатар, бұл бағдарлама медициналық жабдықты сатып алуға және COVID-19 індетіне шалдыққан адамдарды емдейтін денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін оқытуға септеседі.
Айта кетсек, «Шеврон» корпорациясы – әлемдегі жетекші біріктірілген энергетикалық компаниялардың бірі. Бүкіл әлемде бизнесін жүргізетін еншілес компаниялары арқылы компания энергетика саласының барлық түріне қатысады. «Шеврон» шикі мұнай мен табиғи газды зерттейді, өндіреді және тасымалдайды, көлік отыны мен жанармайды тазартады, нарыққа шығарады және таратады; мұнай-химиялық заттар мен қоспаларды өндіреді; қуат өндіреді және компания операцияларының барлық саласындағы бизнес құндылықтарын арттыратын технологияларды дайындайды және қолданады.