Экология • 08 Қазан, 2020

Елордадағы арнайы мектеп тәрбиеленушілері аулаға көшет отырғызды

491 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының №2 арнайы мектебінің балалары білім беру ошағының ауласында ағаш көшеттерін отырғызды. Іс-шара "Туған жер" экологиялық қозғалысының "Әр балаға – өз ағашы" жобасы аясында және Мемлекет басшысының елді жасылдандыру тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордадағы арнайы мектеп тәрбиеленушілері аулаға көшет отырғызды

"Біз балалармен бірге тек көшет отырғызуды емес, оны өсіруді де үйрендік. Бүгін қондырып жатқан көшеттеріміз өзіміздің тәлімбақта өскен шаған, емен ағаштары. Негізі көбіне қыста құстарды азықтандыруға болатын алма, алмұрт, долана, мойыл егуге тырысамыз",- деді "Туған жер" экологиялық балалар қозғалысының жетекшісі Татьяна Коршунова.

Жалпы экологиялық жобаға 15 орта және коррекциялық мектептерден   300-ге жуық оқушы жұмылдырылған. Әр қаланың білім беру ошақтары көшет егуді бір-біріне дәстүрлі түрде эстафета ретінде жолдайды.

"Экологиялық мәдениет бізді біріктіруші фактор болуы керек деп ойлаймын. Қоршаған ортаны жасылдандыруға әлеуметтік статусына, денсаулығына қарамастан әр бала үлес қоса алады", - деп есептейді Т. Коршунова.

Келер көктемде балалар бақша және бөлме гүлдерін отырғызбақ.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында алдағы 5 жылда орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға тапсырма берген.