Қоғам • 08 Қазан, 2020

Сенатор "Бейнеу-Шалқар" жолының құрылысын "Нұрлы жол" бағдарламасына қосуды ұсынды

747 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев "Бейнеу-Шалқар" бағытындағы автомобиль жолының құрылысын 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына қосуды ұсынды. Бұл жөнінде ол Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор "Бейнеу-Шалқар" жолының құрылысын "Нұрлы жол" бағдарламасына қосуды ұсынды

Өз сауалында депутат қазіргі таңда "Құрық" теңіз порты Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 2016 жылы еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатымен "Құрық" теңіз паром кешені салынып, пайдалануға берілді. Кешеннің теміржолмен жүк тасымалдау қуаты жылына – 4 миллион тоннаны, ал автомобиль жолымен жылына 2 миллион тоннаны құрайды.

"Портқа жүк жеткізу мерзімін және соған байланысты шығындарды қысқарту үшін 2016 жылы "Шалқар-Бейнеу" теміржолы салынып, пайдалануға берілді. Жолдың ұзындығы 471 шықырым. Бұл "Құрық" портына баратын жолды 500 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Алайда, әлі күнге дейін портқа автомобиль жолымен жүк жеткізетін оңтайлы бағдарды таңдау мәселесі шешілмей келеді", – деді С.Алдашев.

Сондай-ақ сенатор бүгінде автожол арқылы аталған портқа жүк жеткізу үшін "Ырғыз-Ақтөбе-Мақат-Бейнеу-Құрық" бағытын жүріп өтіп, қосымша 1250 шақырым артық жол жүруге тура келетіне назар аударды.

Осы ретте депутат "Нұрлы жол" бағдарламасының ІІ кезеңі аясында 2020-2025 жылдары 11 мың шақырым автомобиль жолын қайта жөндеу және салу бойынша 30 жобаны іске асыру жоспарланғанымен, "Бейнеу-Шалқар" жобасын қаржыландыру көзі анықталмағанын атап өтті. Сондықтан "Құрық" портына жүкті жылдам жеткізу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Сонымен қатар сенатор "Шалқар-Бейнеу" теміржолын салған кездегі жобалық жұмыстардың материалдарын және аталған теміржолдың инфрақұрылымын пайдалану арқылы бұл жобаны қысқа мерзімде әрі аз шығынмен іске асыруға болатынын жеткізді.

Сүйіндік Алдашев аталған жол құрылысы ел азаматтарына Каспий теңізінің жағалауына қысқа бағытпен жетуге мүмкіндік беріп, ішкі туризмнің дамуына жағдай туғызатынын да тілге тиек етті.