Қазақстан • 08 Қазан, 2020

Қазақстан мен Украинаның құзырлы органдары бірлескен тергеу топтарын құрады

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Украинаның құзырлы органдары бірлескен тергеу топтарын құрады

"Украина Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара ынтымақтастыққа және достыққа негізделген. Біздің елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланысы да дәйекті түрде дамып келеді. Алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға екі мемлекет те мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде, бүгін қабылданып отырған заң құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз", деді Сенат Төрағасы.

Шартта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек рәсімдері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздер жазылған.

"Шартты ратификациялау күдіктілер мен айыпталушылардың қылмыс жасаудағы кінәсін дәлелдеуге бағытталған іс-әрекеттерді кешенді жүргізуге ықпал ететін болады, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның құзыретті органдарының тікелей өзара іс-қимыл жасауға өкілеттік береді", деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Осы шартты ратификациялау Украина тарапымен қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты шарттардың толық топтамасын жасақтауды аяқтады.

Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында бірқатар сауалдарды жария етті. Депутат Әли Бектаевтың сауалында "Ауыл-ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы проблемалар айтылды. Депутат Ақылбек Күрішбаевтың сауалы агроөнеркәсіп кешені бойынша статистиканы жетілдіру мәселелеріне қатысты болды. Динар Нөкетаева сирек кездесетін аурулары бар адамдарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы және уәкілетті органның тіркеуінсіз елге әкелінген дәрілік заттарды өткізуді реттеу туралы сауалын жария етті. Депутат Әбдәлі Нұралиев суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғады. Сенатор Рысқали Әбдікеров "Кітапхана ісі туралы" заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы сауал жолдады. Депутат Сүйіндік Алдашевтің сауалы 2025 жылға дейін салынуға тиіс "Бейнеу-Шалқар" автомобиль жолының құрылысына қатысты болды. Сенатор Әлімжан Құртаев өз сауалында мақта бағасын реттеу мәселесіне назар аударды.