Руханият • 09 Қазан, 2020

Жасыл желек жайқалса...

906 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа мол болғанымен, Атырау жұртшылығын толғандыратын басты проблема бар. Бұл – экология мәселесі. Өйткені жел екпіні күшейсе, Атырауды шаңды дауыл басады. Ал жаздың аптап ыстығында сая болар жасыл желегі тым аз. Өңірдегі осы мәселеге алаңдаған қоғам белсенділері қаланың бірнеше шағын ауданынан саябақ ашуды ұсынып келеді. Бұл мәселе облыс басшыларын да ойландырып отыр.

Жасыл желек жайқалса...

 

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбіл­хановтың айтуынша, Атырау қала­сын көгалдандыру жобасына қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттар шығара­тын ірі кәсіпорындарды тарту жоспарланыпты. Осыған орай он жыл бойы іске асырылатын жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаппай көгалдандыру туралы тапсырмасына орай қолға алынып отыр.

– Президенттің тапсырмасына байланысты облыс әкімдігі Атырау қаласы мен оның айналасында тал егуді жүзе­ге асыратын іргелі жобаны дайындады. Бұл – он жылға созылатын жоба. Жа­қын­да көгалдандыруға арналған учас­келер, жауапты орындаушы, сондай-ақ тал егу кестесі айқындалады, – дейді Е.Әбілханов.

Әрине, аталған жобаны жүзеге асыру оңай емес. Өйткені жобаға инвес­ти­ция қажет. Сол себептен жабаға атмос­фералық ауаға қалдық шығаратын мұ­­­най-газ өндіру және мұнай өңдеу кә­­­сіп­орындарын инвестор ретінде ат­­са­­лысуға тарту көзделіп отыр. Осы орай­да «Ластаушы қалпына келті­реді» қа­ғи­дасы ескеріліпті. Соған сәй­кес «Теңіз­шевройл», NCOC, «Ембі­мұнай­газ», Аты­рау мұнай өңдеу зауыты секілді жетекші кәсіпорындар анықталды. Бұл кәсіп­орындарға көгалдандыруды жүр­гізу, үш-бес жыл бойы алғашқы кү­тім жасау үшін арнайы учаскелер бекітіл­мек. Бұл учаскелер қалалық немесе орман ша­руашылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясы балансы­на беріледі.

Жобаны ұсынушылардың айтуынша, келесі жылы Атырау қаласының ма­­ңынан «жасыл белдеу» құру идеясы іске асырыла бастайды. Оны облыс­тың орман шаруашылығында өсіріл­­ген, Аты­раудың қатал климатына бейім­дел­ген көшеттермен қамту жос­пары бар. Бұл жобаға қазірдің өзінде «Те­ңіз­шевройл», NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Eмбімұнайгаз», өзге де компаниялар қатысатынын растап отыр. Жақында мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіп­орындармен мемо­ран­думға қол қойылып, жұмыс бастау алады.

– Бұл жобаны іске асыру аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартады. Қала тұрғындары үшін жаңадан демалыс әрі серуендейтін орындар пайда болады. Көп ұзамай біз қаламызды «Жасыл Атырау» деп айтатын күнге жетеміз, – дей­ді облыс әкімінің орынбасары Е.Әбілханов.

Ал Атырау қаласының әкімдігі бас­па­сөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шаһарды көгалдандыру жұмысына 4,69 млрд теңге бөлініп отыр. Осы орайда жасыл желек егуді мемлекет-жеке мен­шік әріптестігі бағдарламасы аясында жеке серіктеске беру туралы шешім қа­был­даныпты.

– Жобаны іске асыру мерзімі – 5 жыл, жалпы сомасы – 4,69 млрд теңге­ден астам. Биыл «Атырау қаласын кө­гал­дандыру» мемлекет-жекеменшік әріп­­тестік жобасы аясында 375 мың гүл егіл­ді. Сондай-ақ қаланың 38 көшесінде, 15 саябағы мен алаңында егілген өскін­дерге, ағаштарға, жалпы алаңы 40 612 шаршы метрлік гүл­зарларға, бұталы қоршауларға күтім жасау қолға алынды. Бірнеше жылдық тарихы бар «Сутягин бағы» аумағының 1,5 гектары қайта жанданды. Жеңіс сая­бағында жеміс ағаш­тары егілді. Қазір оның 900-ы тамыр жайды. Сондай-ақ қаланың 12 кө­шесінде 200 шақырымдық суару желі­сін жаңғыртуды аяқтау көзде­ліп отыр, – деп хабарлады қалалық әкімдік­тің баспасөз қызметі.

Өткен аптада Атырау қаласының «Ба­лықшы» шағын ауданындағы жаңа сая­баққа 1 мың жеміс ағашының көше­тін егу акцясы басталды. Алғашқы күні саябақтың 2 гектар аумағына 380 көшет егілді. Саябаққа көшет еккендердің қата­рында облыс әкімі Махамбет Досмұ­хам­бетов те бар. 

– Жыл басынан бері қаланы көгал­дандыру жоспарына сәйкес, 20 мыңға жуық тал егілген еді. Атырауды жасыл қалаға айналдыру алда да жалғасады. Осыған орай нақты жобамыз бар, – дей­ді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.

 

Атырау облысы