Қоғам • 09 Қазан, 2020

Қаңтарылған зауыт, аңтарылған халық

844 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 7 жыл бұрын Жалағаш ауданында қызыл мия тамырын өңдейтін зауыттың іргетасы қаланып, күріштен өзге өндірісі жоқ аудан халқы бұл бастаманың болашағынан көп үміт күткен.

Қаңтарылған зауыт, аңтарылған халық

Құны 2 млрд теңгеге жуықтайтын жоба иесі «БИС Групп» ЖШС басшы­лығы зауыт еліміздің индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілгенін, шығарылатын өнім толық экспортқа бағытталатынын айтып жұртты және бір қуантып еді. Тіпті, өндіріс орнының қызыл мия тамырының ертіндісінен бөлек, түрлі медициналық препараттарға қажетті шикізат дайындауға мүмкіндігі бар екендігі де айтылмай қалған жоқ.

Обалы не керек, зауыт құрылы­сын­да кідіріс болған жоқ. Келесі жылы-ақ ашылып, соған орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Жобаның алдағы уақытта 156 адамды тұрақты және 500 адамды маусымдық жұмыспен қамтитынын естіген жұрт жиыннан жылына 6 мың тонна мия тамыры өңделіп, мия өсімдігінің экстракты, кремі, глициризин қышқылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі компонент алынатын өндіріс орнының ертеңіне шүбәсіз сеніп қайтқан.

Мұнайға тәуелді аймақтың экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін жоба иелері алғашқы жылы мия тамырын егіп, бірқатар шаруашы­лық­тармен келісім де жасады. Жалпы 80 мың гектар алқаптық қызыл мия қоры бар өңірде жаңа кәсіп бірден өркендеп сала берердей көрініп еді. Бірақ, жұрт күткендей жаңалық бола қойған жоқ.

Арада екі жыл өткенде облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы брифинг өткізіп, онда Жалағаштағы зауыт төңірегінде орын алып жатқан жайсыз жағдайлар жөнінде де айтылды. Басқарма басшысы Ринат Сұлтангереев қазақ­с­тандық «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» компания­сы бірлесіп іске қосқан зауыттың жұмысы тоқтап тұрғанын, оған екі компания арасындағы пайыздық мөлшерлемеге қатысты келіспеушілік себеп болып отырғанын атап өткен. Әлі де зауыттың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар екенін айтқан басқарма басшысы жобаны әрі қарай жалғастыра отырып, зауыт жұмысын жүргізу үшін нақты шаралар қолға алынып жатқандығын жеткізген.

Айтқандай, 2017 жылы «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихун­да» компаниясы арасындағы келі­сім негізінде зауыт жұмысы қайта қолға алынды. Алғашқы 20 тонна өнім Қытай еліне жөнелтілді. Бірақ, көп ұзамай зауыт жұмысы тағы да төбеге ұрғандай тоқтап қалды. Қазір құрылтайшы өз қаражатына зауытқа газ тарту жұмыстарын жүргізіп жат­қан көрінеді.

Қаң­та­рылған зауыт жайлы сауа­лы­мызға облыстық ин­дус­триялық-инновациялық даму бас­қармасынан жауап алдық. Онда мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауыт құрылысы үшін 8,7 және мия егу үшін 6 мың гектар жер телімі берілгені айтылады. Алайда мия егу үшін берілген жер телімі пайдаланбағаны үшін мемлекет меншігіне 2018 жылы қайтарылыпты. Зауыт орналасқан 8,7 гектарлық жер телімі қазіргі кезде «Бис Групп» серіктестігі иелігінде екен. Басқарма мамандары зауыт 2017 жылдан бері әлемдік нарықта өнім бағасының құлдырап кетуіне байланысты тоқтап тұрғанын айтады.

Тағы бір себеп бар. Басқарма өкілдерінің айтуынша, біздің елімізде орман қорларынан тыс жерлерде қызыл мия тамырын жинау тәртібі, оның төлемақы мөлшерлемесі және жинауға қойылатын жауапкершілік талаптары бекітілмегені де істің алға бас­уына кедергі келтіріп отырған кө­рінеді. Көршілес Өзбекстан Рес­пуб­ликасында бұл мәселе жолға қойылып, ғасырлық тарихы бар кәсіп түріне айналған.

 Осы күні елімізден жылына 30 мың тоннаға жуық шикі мия тамыры Қытайға экспортталады. Осыны өңдеп, экспортқа шығаратын болсақ, отандық өндіріс орындары шамамен 210 мың АҚШ долларына жуық табыс табар еді. Зауытты қамтамасыз ету мақсатында мия тамырын шикізат күйінде шетелге шығармау немесе қосымша баж салығын белгілеу туралы облыс әкімдігінің ұсынысы Үкімет деңгейінде көтеріліп, қазір тиісті минис­трліктерде қаралып жатқан көрі­неді.

Жергілікті билік өкілдері өндіріс орнының жақын арада қайта жанданатынына сенеді. Қаңыраған зауытқа қарайлап жүрген жалағаштықтар да сондай күн жақын болса екен деген үмітте.

 

Қызылорда облысы