Пікір • 09 Қазан, 2020

Хакім рухына тағзым

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласының мемуарлық, филосо­фия­лық, тарихи-саяси мәні өте тереңде жатыр. Абай шығармасына көп көңіл бөле­тін­дігін Елбасының мына сөздерінен анық аңғаруға болады. 2012 жылы Түркістан қаласында өткен жиында Тұңғыш Президент: «Біздің діни-идеоло­гиялық та­нымымыз – Ясауи, гуманистік көзқарасымыз – Абай, патриоттық тәрбие­міз – Б.Момышұлы шығармашылығына негізделуі керек» деп нақты айтқан болатын.

Хакім рухына тағзым

Бүгінгі Елбасы мақаласының тарихи құндылығы – хакім Абайдың ілімін, ұрпақтар сабақтастығы ретінде жалғас­тыра отырып, тәуелсіз елдің ұрпағына аманат ету. Мақалада – қазақ халқының көне дәуірі, қазақ хандығының ыдырауы, халықтың өз жерінде бодандыққа түсуі, Кеңес империясының саяси мәні жан-жақты талданады. Ықылым заман­нан келе жатқан тәуелсіз жас мемлекеттің негізін салу идеясы, тәуелсіздік арманы ХХІ ғасырда хакім Абай ілімімен қарулан­ған Елбасы саясатының өміршеңдігін айқындады.

Елбасы Абайды танудың алғашқы баспалдақтарына бесікте жатып есіткен ана әлдиі мен балалық шағында тыңдаған қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі қиссалар мен аңыз-әңгімелерді жадына сіңіріп өсу арқылы қадам басқан еді. Абай әлеміне деген құштарлық осылай басталған еді. ХХ-ХХІ ғасырлардың дарабоз тұлғасы Тұңғыш Президент Семей полигонын жауып, еліміздің астанасын көшіріп, мемлекеттік шекараны бекітіп, жер бетінде теңдесі жоқ институт саналатын халық ассамблеясын құрып, Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, Түркістан қаласын рухани астана етіп, облыс орталығына көшіру сынды дүниелерді жүзеге асырды. Иә, бұл мәселелер өз кезегінде тарихи шешімін тауып, ұлттық руханиятымыздың дамуына тың серпіліс берді.

Мақалада Тұңғыш Президент халқы­мыздың және өскелең ұрпақтың Абайдың «Толық адам» идеясымен өмір сүруіне бағыт-бағдар беріп отыр. «Толық адам» ілімінің тамыры тереңде жатыр. Ізгілік идеясына сүйенген бұл ілім – Ұлы даланың ұлы ғұламаларынан қалған рухани мұралар жүйесінің заңды жалғасы. Алып Ер Тоңаның «Ақи» немесе «Жомарттық» ілімі, әл-Фарабидің «Парасатты адам» ілімі, Қожа Ахмет Ясауидің «Хәл» ілімі, Жүсіп Баласағұнның «Жауанмәрттілік» ілімінің жалғасы болып табылатын Абайдың «Толық адам» ілімін Елбасы дамыта отырып, жәдігердей сақталған рухани құндылықты жаңа заман идеологиясына айналдырды.

Елбасы бірлікті ту етіп, хакім Абайдың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл һәм жылы жүрек» идеясы негізінде өмір сүруге үндейді. Бұл – бүгінгі Абайдың «Толық адам» ілімінің негізі. Бұл туралы Абайдың:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек, –

деген сөздеріндегі нағыз «Толық адам» ілімінің нәрін бойына сіңірген Ел­басы осы идеяны мақаланың өзегі еткен. Сонымен қатар бүгінгі қазақ қоғамы үшін және бүкіл Түркі руханияты үшін «Толық адам» ілімін насихаттайтын ұлы Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасын негізге алған. Елбасының тағылымға тағзым мен халықтың ұлттық санасын көтерудегі мәні мен мазмұны терең мақа­лалары негізін­де қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет Абайдың «Толық адам» ілімінің темірқазығына айналған «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясы жасалып шықты. Міне, мұндай еңбектердің барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны айқын. Бұл жұмыстар Тұңғыш Президент айтып өткен «Абай аманатына» адалдықтан туындайтын дүниелер. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласында ғылым туралы да ой толғайды. «Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлең­дерінде «...көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген та­ғы­лы­мын үйретті» дейді. Иә, ғылым – бүкіл өрке­ниет атаулының өзегі, мемлекеттің тұтқа­сы мығым, тұғыры берік болуы үшін ғылым­ның алатын орны бөлек. Бұл туралы ұлы Абай:

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,

Ғылым – сол үшеуінің жөнін білмек, –

деген сөзінен-ақ бүгінгі жаһандану дәуірі­не қажетті ғылыми креативті ой қозғаға­нын анық аңғаруға болады.

Бұл мақаланың негізгі мәні сонда, тәуел­­сіз еліміздің болашағына аса мән беріп, мақаланың тарихи-мемуарлық маз­­мұнын келесі ұрпаққа аманат етуде. Абай өсиет еткен ізгіліктер, Абай шығар­машы­лығы тәуелсіз еліміздің тұғырлы болу жолында Елбасының ұлт бірлігі, ұлтаралық татуластық, сабақтастық ұлт құндылықтарын сақтауда саяси ұстанымы болды. Уақыт бір орнында тұрмайды, өзгереді, сонымен қатар адамдардың да көз­қарасы өзгереді, бірақ ХХІ ғасырда өз білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық. Бұл дүние­жүзілік алпауыт елдермен қатар тұратын мемлекетіміздің легитимділігін, ұрпақтар сабақтастығын кейінгі буынға мұра етіп отыр. Елбасы Абайдың:

Бас-басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын, –

деген сөзін меңзей отырып, елді бірлікке шақырып, Мәңгілік ел идеясына үндеп отыр. Интернатта оқып жүрген қазақ балалары бүгінгі тәуелсіздіктің арқасында «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің әр тараптарындағы озық жоғары оқу орындарында білім алып, елге қызмет етуде. Елбасы айтқан «Абай аманатын» дәріптеп, жас буынның рухани талғамын қалыптастыру жолынан қалыс қалмайық, аманатқа адал болайық, ағайын!

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры,

тарих ғылымдарының докторы,

ҰҒА академигі