Кештің басты жекпе-жегінде дарынды жас боксшыларымыздың бірі Ескендір Харсан беларуссиялық Андрей Нурчинскимен күш сынасты. Шаршы алаңда 50 кездесу өткізіп үлгерген 31 жастағы сақа спортшыға қарсы дұрыс тактика қолдана білген Сағатбек Мұсахановтың шәкірті бұл бәсекеде ұпай санымен жеңіске жетті. Бұл Ескендірдің кәсіпқойлар арасындағы сегізінші жекпе-жегі. Соның жетеуінде ол жеңіске жетті.
– Жуырда ғана тұсауы кесілген «Дарын» промоутерлік компаниясы алғаш рет осындай халықаралық деңгейде жарыс ұйымдастырып отыр. Біздің басты мақсатымыз – осы спорт түрін таңдаған жастарға жол ашу, олардың үлкен аренаға шығуына барынша жағдай жасау. Бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсеткен республикалық кәсіпқой бокс федерациясына, «Nev Names» компаниясына, «Абылай хан» спорт клубына, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Көшек ауылының азаматтарына және жеке кәсіпкерлер – Гүлнар Жауыншынова мен Гамза Гейдаровқа зор алғысымызды білдіреміз. Бұйыртса, алдағы уақытта да аталған турнир өз жалғасын табады, – дейді «Дарын» промоутерлік компаниясының президенті Дархан Қабыланбаев.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасовтың үш бірдей шәкірті сол кеште рингке көтерілді. Үшеуі де қарсыластарын сұлатып салды. Атап айтсақ, Бекболат Құрамысов Батыржан Тұхтаевты үшінші раундта ұрып жықты. Бұл нәтиже ешкімді таңдандыра қойған жоқ. Себебі Бекболаттың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол – студенттер арасында әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері, Қазақстан чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, Дүниежүзілік бокс сериясы додасында бірер жыл «Астана арландарының» намысын қорғады. Алғашқы раундтарда Батыржан оған лайықты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, бәсеке бел ортадан ауған тұста Бекболат қарқынын күрт күшейтті. Бірнеше ауыр соққы дарығаннан кейін қарсы жақтың бапкерлері рингке ақ орамал тастауға мәжбүр болды.
Жас дарын Бауыржан Бейілдинов Ерлан Махмұдтың осал тұсын тапты. Бойы мен қолының ұзындағын ұтымды пайдаланған ол, қарсыласына бас көтертпеді. Төрешілер бәсекені екінші раундта тоқтатты. Ал Дәуіт Ынтымақ Қанат Сүмебайұлынан айласын асырды. Бұл – айтулы былғары қолғап шеберлерінің кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесулері. Сондай-ақ аталған турнирде Ғани Спатаев әзербайжандық Исмат Еюнулаеевты және Адлан Селмұрзаев белоруссиялық Сергей Крапшиланы жеңіп, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.